Бірлік пен татулықтың мерекесі

18 этномәдени бірлестікке облыс әкімінің гранты тапсырылды
1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнін биыл облыс халқы ерекше тойлады.
Мереке күні ақтөбеліктер «Бір шаңырақ астында» атты салтанатты шеруге қатысып, «Бірлік пен Келісім» сулы-жасыл гүлзарында этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарламаларын ұсынды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Бұл күні мыңдаған адам Әбілқайыр хан даңғылындағы «Мир» бизнес орталығынан «Бірлік пен Келісім» сулы-жасыл гүлзарына дейінгі аумақта салтанатты шеру жасап, даңғыл бойымен әуендетіп жүріп өтті. Татулық пен бірліктің символы — шаңырақтың астына топтасқан түрлі ұлт өкілдері мерекелік шеруде салтанат құрып, әннен шашу шашты. Салтанатты шеруге облыс орталығындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, белсенді оқушылар қатысты.
«Бірлік пен Келісім» сулы-жасыл гүлзарына жиналған көпшілік этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдарының өнерін тамашалап, ерекше көңіл күйде болды.
Шарада облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жұртшылықты мерекемен құттықтады.
  • Әрбір ұлттың, мемлекеттің дамуы, болашағы сол елдегі бірлікке, ынтымаққа, достыққа байланысты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 25 жылда Қазақстанның қол жеткізген ең негізгі жетістігі — тұрақтылық пен бірлік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, елдегі татулық пен бірлікті біз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Сонда біздің мемлекетіміз дамиды, болашағы жарқын болады. Сонда ғана Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына енеді. Біз талай қиыншылықты бастан кешсек те, дастарқандағы асымызды басқа ұлт өкілдеріне бөліп берген ұлтпыз. Біз ешқашан өзге ұлттың өкілдерін жат санаған емеспіз. Соның нәтижесінде бүгінгі күні Қазақстан бүкіл әлемге танымал болды. Қазақстандағы достық лабораториясы, Ассамблея — дүниежүзі үлгі алатын біздің үлкен жетістігіміз. Қазіргі ұрпақтың міндеті — осы құндылықтарды сақтау, игі істерді  жалғастыру. Сол үшін әрбір Қазақстанның азаматы осы елдің дамуына үлес қосуы керек. Әр тұрғын: «Мен өзімнің ұлтыма, еліме қандай үлес қосып жатырмын?» — деп өзіне сауал қоюы керек. Әсіресе, осындай қиын кезеңде біз еліміздегі достықты, татулықты сақтауымыз керек, — дей келе, облыс басшысы ақтөбеліктерді мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
Құттықтау сөзінен кейін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы 18 этномәдени бірлестікке облыс әкімінің грантын табыстады. Атап айтсақ, «Алеся» белорустар этномәдени қоғамдық бірлестігі, «Ақтөбе облысының сыған диаспорасы» қоғамдық бірлестігі, «Сагдиана» Ақтөбе облыстық өзбектердің этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Эллада» гректердің этномәдени бірлестігі, «Назигум» Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының Ақтөбе филиалы, «Дағыстан» Ақтөбе облыстық дағыстандықтардың ұлттық-мәдени орталығы, «Вайнах»  шешендер этномәдени бірлестігі, «Святло» поляк ұлттық-мәдени қоғамдық орталығы облыс әкімінің 300 мың теңгелік сертификатын, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе облыстық филиалы, «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе филиалы, «Урарту» армян қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Вяра» болгар этномәдени бірлестігі 500 мың теңгелік сертификатын иеленді. Ал облыс әкімінің 700 мың теңгелік грантына украиндердің «Оксана» ұлттық-мәдени орталығы, «Возрождение» Ақтөбе облыстық немістерінің қоғамы» қоғамдық бірлестігі,  «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе филиалы,  «Шатлык» татар-башқұрт орталығы» қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе аймақтық «Славян» орталығы» қоғамдық бірлестігі ие болды.
Бұдан кейін мерекелік шарада неміс ұлтының өкілі Полина Пуховикова, «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалыАқтөбе ферроқорытпа зауытының I санатты инженер-метрологі Анна Феськова, украиндардың «Оксана» этномәдени орталығының мүшесі Иван Дубцовтар өздерінің қазақ елінде бақытты ғұмыр кешіп жатқандығын жеткізіп, ақтөбеліктерді мерекемен құттықтап, тілектерін жолдады.
Салтанатты шарада этномәдени бірлестіктің өкілдері әннен шашу шашып, бишілер алаңда мың бұрала би биледі. Сондай-ақ кең сахнада «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, облысқа белгілі әншілер өнер көрсетіп, концерт қойды.
Бұл күні облыс орталығындағы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта, «Ретро» саябағы мен А.Пушкин атындағы мәдениет және демалыс саябағында, сондай-ақ «Металлург» мәдениет үйінде шығармашылық ұжымдары қала тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынды.
Сондай-ақ мереке күні кешкілік ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябағының жазғы маусымының ашылу салтанаты өтіп, «FIFE» вокалды-аспаптар ансамблі концерт қойды. Сонымен қатар бұл күні қаладағы барлық субұрқақтардың ашылуына орай ақтөбеліктерге Абай даңғылындағы субұрқақ алаңында мерекелік бағдарлама ұсынылды.