Бердібек САПАРБАЕВ: Билік жақсы жұмыс істеп, оны халық қолдаса, жағдай жақсарады

Аудандарға жұмыс сапары барысында Мәртөк өңірін аралаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне, шаруашылық құрылымдарының көктемгі егіс науқанына дайындығына ерекше көңіл бөлді
Сарыжарда жаңа мектептің құрылысы басталды
Ауданға жасаған сапарын Бердібек Машбекұлы Сарыжар ауылындағы 320 орындық мектептің құрылысын көруден бастады. Бүгінде жері қазылып, мектептің төменгі бөлігі үшін плита төсеу жұмыстары басталған. Құрылысты жобалаушы — «Евро Элит Строй» ЖШС. Мердігер мекеме — «КазПромСтрой групп» серіктестігі.  Мердігер компанияның директоры Бақытжан Ержановтың айтуынша, жаңа мектеп биыл қараша айында пайдалануға берілмек. Қазір құрылыс жұмыстарының басында 15 адам жүр. Құрылыс қарқын алған уақытта жұмысшылардың саны да көбейеді.
Қазір Сарыжар ауылында іргетасы 1973 жылы қаланған ескі мектеп бар. Ауылдың көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Жаңа мектептің салынуы  ауылдағы бала санының көптігіне байланысты қажеттіліктен туындаған. Оның үстіне, жаңа мектеп салынып жатқан аумақтан жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезектегі адамдарға 770 учаске бөлінбек. Былтыр соның 200-ден астамына жер беріліпті, биыл 300-ге жуық адам осы аумақтан жер алмақ.
— Ескі мектеп 460 балаға арналған. Бала санының көбеюіне байланысты ескі мектептің жанынан 2011 жылы қосымша ғимарат тұрғызылып,  балаларды оқытып жатырмыз. Жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін ауылдағы 300-ден астам  бала осында білім алатын болады, — деді Сарыжар орта мектебінің директоры Әбілбек Тәжібай.
Мердігер компания басшысы Бердібек Машбекұлына құрылыстың биыл сәуірде басталғанын, бүгінге дейін атқарылған шаруалар жайын айтты.  Құрылыс басында болашақ мектептің жобасын көрген облыс әкіміне ғимараттың қасбеті ұнамады, оны өзгерту керектігін айтты. Бақытжан Ержанов Бердібек Машбекұлына құрылысқа қызыл кірпіштің жеткілікті екенін, алайда қабырғаларды қалау жұмыстары басталған кезде лотос жеткізу ісінде кедергі туындайтынын, осы мәселені шешіп беруін өтінді.
— Кірпіш шығаратын жер күніне 1-2 машинадан артық кірпіш бере алмайды. Құрылысқа 490 мың кірпіш керек. Жеткізілген кірпіштің саны 100 мыңға да жеткен жоқ. Әзірге келіп тұрғаны — 76 мың дана кірпіш. Қазір мұнда 15 адам жұмыс жасап жатыр. Әзірге құрылысқа бұдан артық адамның керегі жоқ, жеткілікті. Құрылыс қарқын алған кезде, жергілікті тұрғындардан 30 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын, — деді Б.Ержанов.
Бүгінгі күні жер учаскелері бөлінген аумаққа инженерлік жүйе тартылуда. 28 шақырымға тартылатын газ құбырының 60 пайызы орындалыпты.  Жарық мәселесі де шешілген, мектеп құрылысына жауапты мердігер мекеме өз мойнына алған. Қазір аудан әкімдігі бұл маңға су құбырын тарту ісі бойынша жұмыс жасап жатыр
 Оралмандар жердің қасиетін біледі…
Бұдан кейін облыс әкімі Сарыжар ауылындағы мешітте жамағатпен кездесті.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі емес діннің жетегінде жүргендермен жұмыс жасау керектігі турасында, әсіресе, қара жамылатындар жайында айтты. Осы мәселеге үлкен көңіл бөлу керек. Мәртөк қанша дегенмен Ақтөбеге жақын орналасқан аудан. Бұл өңірге Ресей де жақын,— деп облыс әкімі мешіт имамына ауыл ақсақалдарын пайдаланып, осы бағытта жұмысты күшейту керектігін айтты.
Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев дін мәселесінде жастармен, баласын екпеден өткізбейтін ата-аналармен жұмыс жасау керектігін айтты. Қазір  Сарыжар ауылында екпе алмаған балалардың саны — 15. Былтыр бұл көрсеткіш 17-ге жетіпті. Алайда жергілікті мамандардың түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде баласына екпе беруден бас тартқан ата-аналар біртіндеп бастапқы  райларынан қайтуда. Дегенмен бұл көрсеткішті көп деп бағалаған облыс әкімі дін өкілдеріне, жергілікті мамандарға әлі де болса бұл бағыттағы жұмысты жандандыру керектігін айтты.
Ауыл имамының айтуынша, жұма күндері мешітке шамамен 50-60 адам ғана бас сұғатын көрінеді. Бұл көрсеткішті аз деп бағалаған облыс әкімінің сөзінен кейін имам діни мерекелерде Алла үйіне келетіндердің қарасы 200-300 адамға жететінін айтты.
— Адам келмей, есігінде қара құлып тұра ма деп мешітті салған уақытта қорқып едік. Шүкір, қазір мешітке келетін жастардың да қарасы көбейді, — деді имам.
Мешіт ішінде жамағатпен кездесу сәтінде өңір басшысы: «Елбасының рухани жаңғыруға қатысты айтқанын білесіздер.  Отыз дамыған елдің қатарына ену үшін де әрбір азаматтың сана-сезімі, мәдениеті қазіргі заман талабына сай болу керек. Ең бастысы, тұрақтылық болу керек. Мәртөк — Ресеймен шекаралас жатқан өңір. Сондықтан сіздерге қарап, Қазақстанға келетін қонақтар, өкілдер бізге баға береді. Елде бірлік болмаса, ешқандай тірлік болмайды. Егер ауыл ақсақалдары халық арасында ынтымақты, бірлікті жақсарту мақсатында жұмыс жасаса, онда халықтың жағдайы, тұрмысы жаман болмайды. Елбасы айтқандай, халық пен билік бірге болу керек. Халық билікті қолдау керек. Әрине, билік жаман жұмыс істесе, оны қолдай алмайды. Егер билік жақсы жұмыс істеп, оны халық қолдаса, онда тұрмыс, жағдай жақсарады. Біз қолымыздан келгенше, жағдайды жақсарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Ауылда халықтың саны күннен-күнге өсіп жатыр. Тағы да балабақша салынатын болады. Ауылдан Мәдениет үйі құрылысын салуға қаржы бөлінді, қазір құжаттарын дайындап жатыр. Алдағы уақытта мәдениет үйін де саламыз. Жалпы біз әрбір мүмкіндікті пайдаланып, Сарыжар ауылының дамуына көмектесеміз. Ең негізгісі, он екі мүшесі сау адам жұмыс істеу керек. Жер бар, су бар, күн бар. Ауылда тұрғаннан кейін, соны пайдаланып, жұмыс істеп, өзін-өзі тамақпен қамтамасыз етуі керек. Ол үшін егін егіп, мал ұстау керек. Тағы бір айта кететін жайт, көрші мемлекеттерден, Өзбекстаннан болсын, Ресейден болсын, бізге оралмандар келу керек, оларды біз шақырамыз. Бұл жайында ауданның әкіміне тапсырма берілген. Біріншіден, біз халқымыздың санын көбейтуіміз керек. Екіншіден, олар бізге қарағанда еңбекқор. Олар жердің қасиетін біледі, жерді жақсы пайдаланады. Оңтүстіктен де адамдарды шақыру керек. Сондықтан сіздер дұрыс түсінулеріңіз керек. Егер олар келіп, бізбен бірге  жұмыс істеп, қажетті өнімді дайындап жатса, одан біз неге қашуымыз керек? Сондықтан оларды шақырып,  олармен бірге тұруымыз қажет», — деді. Бердібек Сапарбаев өз сөзінде мемлекетіміздің ертеңгі күні, болашағы үшін жас ұрпаққа, әсіресе, дін жөнінен дұрыс бағыт-бағдар беру жайын айтты.
Облыс әкімімен кездескен ауыл ақсақалдары есепте тұрғандарға дәрінің кешігуі, малдағы сарып ауруына қатысты бірқатар мәселелерді алға тартты.
Сегіз бағытты ұстанған «Огородник»
Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «РАД агро» серіктестігінің егіс алқабында шаруашылық құрылымдарының басшыларымен кездесті, өңірдің көктемгі егіс науқанына дайындық жұмысымен танысты.
— Былтыр ауданда 87 мың гектар алқапқа егін егілген еді, биыл бұл көрсеткішті 10 пайызға көбейтіп отырмыз. Осы жылы жерге салынатын тұқымның 53 пайызы — дәнді дақылдар. Былтыр 11 гектар алқапқа күнбағыс егілді. Биыл бұл көрсеткішті 13500 гектарға жеткіздік. Тек қана күнбағыс алқабын 2,5 гектарға көбейтіп отырмыз. Ауданда пайдаланылмай жатқан жерді айналымға енгізу бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Егер соңғы 3 жылмен салыстыратын болсақ, яғни 2015 жылы пайдалануға жарамды жердің тек 33 пайызын пайдалансақ, былтыр бұл көрсеткішті 48 пайызға, ал биыл 58 пайызға жеткіздік, — деді аудан әкімінің орынбасары Нұрбақыт Барбосынов.
Қазір аудандағы шаруалар үшін науқан кезінде  тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай мәселелерінен ешқандай проблема жоқ.
Мәртөктегі «Огородник» шаруа қожалығы 8 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Шаруашылық басшысы Естай Сисенбаевтың айтуынша, қожалық былтыр құрылған. Биыл шаруашылық 80 гектар суармалы жерді игермек. Бұдан бөлек, 500 гектар алқапқа егін себуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қожалық мал шаруашылығынан бөлек, ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрін дамытуды, яғни балық, шаян, құс өсіруді қолға алған. Жылыжай жұмысын да жүйелі жүргізуде.  «Огородник» шаруашылығының басшысы биыл оңтүстік өңірден 20 адамды бастапқыда 50 мың теңге жалақыға жұмысқа шақырыпты. Егер жұмыстары алға басып, нәтижеге қол жеткізіп жатса, жұмысшылардың жалақысын 100 мың теңгеге көбейтуді жоспарлап отыр.
— Оңтүстікте жер жоқ. Ол жақтың адамдары жер іздеп жүр. Біз оларға жер берсек, олар оны пайдаланады. Қызылордамен, Оралмен салыстырғанда, оңтүстіктің адамдары жердің қадірін біледі. Олар өзбектерден үйренген. Олардың жылына екі рет өнім алуы бекерден-бекер емес қой. Сосын олардың еккен егінінің өнімділігі бізден әлдеқайда жоғары. Оңтүстік, Өзбекстан аймағынан адам шақырмаса, болмайды, — деп Бердібек Машбекұлы шаруаларға бір бағытта емес, бірнеше бағытта жұмыс жасау керектігін айтты.
Биыл Мәртөкке 120 марал келеді
Облыс әкімі Мәртөк ауданының маңында бой түзеп жатқан «Азия» кемпингінің жұмысымен де танысты. Биыл «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы бөлінген 60 миллион теңгеге кемпинг орналасқан аумаққа жол, су, жарық, газ тартылуда.  Инженерлік жүйе толық тартылғаннан кейін, кемпинг жазда пайдалануға берілмек. Кәсіпкер 40 адамды жұмыспен қамтымақ.
Осы жерде облыс әкімі Мәртөкте ашылғалы жатқан «Зару» марал шаруашылығының және шипажай-пантоемдеу құрылысының жобасымен танысты.
— Өскеменнің «Багратион» шаруашылығында болып, жануарды өсірудің, күтім жасаудың қыр-сырын үйреніп келдік. Ақтөбенің табиғаты марал өсіру үшін қолайлы екеніне көзімізді жеткіздік. Климаттық ерекшелік бұл жануарға ешқандай әсер етпейді. Марал жергілікті шөппен қоректенеді. Қазір бізге бұл аймақтан шипажай салуға 1 гектар жер бөлінді. Ал шаруашылық ашуға әзірге жер бөлу мәселесі толықтай шешілмей тұр. Жергілікті билік 700 гектар жер беруді жоспарлап отыр. Бізге берілетін жерге қоршау жасап, қажетті материалдарды жеткіздік. Биыл қыркүйекте 120 марал әкелуді жоспарлап отырмыз. Бір ғана мәселе — шаруашылық базасына жергілікті әкімдік тарапынан инженерлік жүйе өткізілсе дейміз, — деді кәсіпкер Ертарғын Тілегеновтің зайыбы.
Бұған қатысты Бердібек Машбекұлы әуелі жоба жасалғаннан кейін бұл мәселені шешуге болатынын айтты.
— Маралды өсірудің екі ерекшелігі бар. Біріншісі — пішен, екіншісі — ауа райы. Егер маралға осы екі жағдай сәйкес келетін болса, онда бұл жануар осы жерде өмір сүре алады.   Сәйкес келмесе, өліп қалады. Содан кейін, бұл жануарды күтіп-баптайтын мамандар керек. Маралдың мүйізін кесудің де өз әдісі бар. Егер мүйізді дұрыс кеспесең, кейін шықпайтын болады.  Екінші мәселе — кескен мүйізді қайнату және кептіру. Оның да өз әдісі бар. Бұл жай нәрсе емес, үлкен жұмысты талап етеді, — деді Б.Сапарбаев.
Биыл кәсіпкер маусым айында «Багратион» шаруашылығына 6 адамды оқытуға жібермек.
Сапар барысында Бердібек Машбекұлы аудандағы Дмитриевка, Байторысай ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Байторысай ауылы тұрғындарын екі мәселе алаңдатады. Біріншісі — жол, екіншісі — мәдениет үйінің жоқтығы. Байторысай мен Мәртөк арасындағы жолдың нашарлығынан тұрғындар көлік қозғалтқышын маусым сайын алмастыруға тура келеді екен. Ауыл тұрғыны Әсия Ақдәулетова облыс әкімінің алдында осы екі мәселені көтерді. Бердібек Машбекұлы алдағы уақытта екі мәселенің де оң шешімін табатынын айтып, ауыл тұрғындарын еңбек етуге шақырды.
Бұдан кейін облыс әкімі Байторысай ауылындағы №2030 шекара заставасының жұмысымен танысты.