Байқадамға газ құбыры жеткізіледі

— Бүгінгі күні аудан тұрғындарының 81,1 пайызын қамтыған Шалқар қаласы және 9 елді мекен табиғи газды пайдаланып отыр. Өткен жылдың аяғында облыстық бюджеттен Байқадам ауылына газ құбырын жеткізуге және Қаратоғайда ауылішілік газ желісін жүргізуге қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар осы жыл ішінде аяқталады деп күтілуде. Бұған қосымша Бершүгір, Сарсай, Алабас елді мекендеріне ауылішілік газ құбырлары құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді, — деді Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев «Ақтөбе ақпарат» орталығында журналистермен кездесу барысында.
Сол өңір үшін қашаннан айтылып, көптен созылып келе жатқан газға қатысты біраз проблеманың шешімін таба бастауы елге келе жатқан игілік, жақсылықтың нышаны ретінде хабарланды.
Осы аймаққа қатысты тағы бір мәселе Шалқар минералды суына байланысты. Бір кездері көпшілік сұранысына ие болған емдік сусын шығару бүгінде тоқтап қалған. Ол өнім шығаратын кәсіпорынның лицензиясы қайтарылып алынуына байланысты. Дегенмен, қазіргі уақытта басқа аймақта еңбек етіп жүрген шалқарлық кәсіпкер азаматтар бұл істі қолға алмақ сыңайлы. Аудан басшысы осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанына, алдағы уақытта жергілікті минералды су көпшілік тұтынуына шығарылатынына сендірді.
Брифингте Шалқар көлінің жағдайы да сөз болды. Зерттеулер жүргізу нәтижесінде көлді тазартып, қалпына келтіру үшін 5 миллиард теңге қажет болатыны анықталған. Қазір осы шаруаға байланысты алғашқы қомақты қаржы бөліну мәселесі шешілуде.
Журналистер әкімге балғындарды балабақшамен қамту жайы, ұлттық бірыңғай тестілеу, спорт, мәдениет, тағы да басқа бағыттар бойынша сауалдарын көлденең тартты. Шалқарда 3-6 жас аралығындағы балғындар балабақшамен толық қамтылған. Дегенмен, қала бойынша әлі де 751 бала кезекте тұр. Былтырғы оқу жылы қорытындысы бойынша ауданда 15 түлек «Алтын белгіге» ие болып, 36 мектеп бітіруші үздік аттестат алғаны айтылды.
Екі кәсіпкер — Бердібек Төлеуов пен Ағзам Есекеев өз қаражаттары есебінен ауылда Мәдениет үйін тұрғызбақшы. Қазір Ақтөбеде тұратын Бақытжан Ержанов Мөңке би ауылына футбол алаңын салып берген.
Мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы да бөтен емес. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 595,2 миллион теңгенің 9 жобасы мақұлданған. 10,5 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген.
«Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларының жоспарлары артығымен орындалған. Жеке кәсіпкер Нағашыбай Қазин «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 5 миллион теңге несие алып, Жылтыр ауылында жылыжайды іске қосты.
Есет Көтібарұлы ауылдық округіндегі «Нұралы» шаруа қожалығы мал бордақылау және мал сою, ет өңдеу пункті құрылысын жүргізуде.
Өткен жылы «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша 67 миллион 663 мың теңгенің жұмыстары атқарылды. Аудан әкімі ел игілігіне қажетті жұмыстар жалғаса беретіндігіне сендірді.