Бердібек САПАРБАЕВ: Барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер өткен жылғы деңгейден жоғары

БАҚ өкілдерінің басым көпшілігінің пікірінше, Бердібек Сапарбаевтың өңір тізгінін қолға ұстауымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы қуатты серпінге ие болды. Ал Ақтөбе қаласы соңғы екі жылда өзінің бет-бейнесін түбірінен өзгертті.
Жаңа инвестициялық жобалар облыстың әкімшілік орталығыАқтөбеде ғана емес, сондай-ақ аудандарда да жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау сапасы мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру деңгейі бірнеше есе жақсарды.
Бұл ретте индустриалды-инновациялық даму ықпалымен бірге, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені де, оның ішінде ауыл шаруашылығы қызметінің дәстүрлі емес түрлері және суармалы алқап та өз көмегін тигізуде.
Облыс әкімі өңірдің тиімді геосаяси жағдайы мен дамыған көлік инфрақұрылымынан өзге, ауқымды әлеуеті мен көптеген басқа да ішкі ресурстары бар екендігіне сенімді.
Бердібек Сапарбаев осы және басқа да көптеген мәселелер жөнінде журналистер қауымымен ашық әңгімелесті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде сөзді биылғы жартыжылдықтың қорытындыларын таныстырумен бастады. Бұл жиынға өңірдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, басылымдар редакторлары және журналистер, жергілікті белсенді блогерлер қатысты.
Облыс әкімі ең алдымен журналистерді Мемлекет басшысының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша тапсырмасының орындалуы және биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру туралы мәліметтермен толық хабардар етті.
— Алты ай нәтижесінде облыстың экономикасының өсімі 4 пайыз шамасын құрады. Бұл республикамыздағы жедел дамушы аймақтар қатарына енуге мүмкіндік берді, — деді ол.
Өнеркәсіп өнімі көлемі 4,9 пайызға ұлғайды. Бұл ілгерілеуге хром рудасын, концентраттарды, рельс өнімін және ферроқорытпаларды молайту есебінен қол жеткізілді. Барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылдан жоғары және республикалық деңгейден төмен емес.
Өнеркәсіп кәсіпорындары есепті кезеңде 700 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Өңдеу өнеркәсібіндегі ілгерілеу деңгейі 111,4% шамасын құрады. Аталған көрсеткіш бойынша облыс еліміздегі өңірлер арасында екінші орынды иеленді.
Негізгі капиталға құятын инвестицияда да жетістіктер бар. Нақты айтатын болсақ, өңір экономикасына 160 миллиард теңгеден астам қаржы тартылды. Бұл — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32%-ға артық. Жалпы құны 33 миллиард теңге болатын 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру аумағында ағымдағы жылы 1700 жаңа жұмыс орны ашылмақшы.
Өңірде жалпы алғанда 8,2 мың жаңа жұмыс орны құрылғанын айта кеткен жөн. Жыл соңына дейін тағы осынша жұмыс орны есігін ашпақшы.
Бүгінгі күні ерекше маңыз беріліп отырған ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,7%-ға өсті. «Кооперация туралы» заң тиімді және бірізділікпен жүзеге асырылуда, барлығы 171 кооператив құрылды, тағы осы жылдың соңына дейін тағы да жиырма алты ұжым өз жұмысын бастап кетпек.
— Ауыл шаруашылығында 50 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Егіс алқаптарын 78 мың гектарға ұлғайтуымыз өзінің оң нәтижесін берді. Дәстүрлі емес салалар бойынша 88 жоба қолға алынды, суармалы алқаптар 21 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады, осылайша Мемлекет басшысы алға қойған өсірілген өнімді өңдеу жұмыстарына қатысты міндетті орындауды қамтамасыз етеміз. Бұл бізге біріншіден, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, екіншіден, ет және сүт комбинаттарының жұмысын көбейтеді, — деп атап көрсетті облыс әкімі.
Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы — мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытуға қатысты. Облыста жалпы сомасы 28 миллиард теңгеге 62 жоба жүзеге асырылуда. Алдымызда 66 балалар бақшасы мен 29 медициналық пунктін салу міндеті тұр. Бұдан басқа бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 6,8 миллиард теңгенің бес жобасы қолға алынуда.
— Бүкіләлемдік банк таяуда ғана бизнестің дамуы үшін қай аймақта қандай жағдай жасалғандығы жөнінде ақпаратты жариялады. Біз сол көрсеткіште Алматыдан кейінгі екінші орынды иелендік.
Өткен жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде де осындай деңгейден көрінгенбіз, — деді облыс басшысы. — Құрылыс экономиканың ілгері тартар локомотиві екенін сіздер жақсы білесіздер. Жарты жыл қорытындысында 50 миллиард теңге шамасындағы қаржының құрылыс жұмыстары атқарылды.
Құрылыс салу қарқыны туралы да нақты деректер келтірілді. Биылдың өзінде 242 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ал жыл соңына дейін кем дегенде 650 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында биыл 15 мың жер телімін беру жоспарлануда.
Бөліп айтатын бір мәселе, Ақтөбе — Қазақстандағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «таунхаус» типіндегі үш қабатты несиелік және тез тұрғызылатын жеке тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан санаулы қалалардың бірі. Бірінші кезеңде 2952 пәтерлік тұрғын үй салынбақшы, соның ішінде 2017 жылдың үлесінде 914 пәтер пайдалануға берілмек.
Облыс орталығын көркейту және көгалдандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Ақтөбеде 34 гүлзар құру жұмыстары басталды, қазір оның үшеуі ел игілігіне пайдалануға берілді.
2017 жылы облыста салынып жатқан 23 мектептің 14-і пайдалануға беріліп, 5450 орындық мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылатын болады. Балабақшалардағы орын жетіспеушілігі мәселесі барлық ауданда шешіледі.
Сапалы әрі қолжетімді медицинаның дамуына айрықша назар аударылуда. Ақтөбеде батысқазақстандық медицина кластерін дамыту жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың өзінде 29 денсаулық сақтау ғимаратын салу көзделуде, оның бірсыпырасы аудандарда. АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия мен Израильдің әлемдік деңгейдегі емханаларымен серіктестік келісім жасалды.
Өңірде сондай-ақ, көлік-логистика саласын белсенді дамыту жалғасуда. Биыл республикалық маңызы бар 141 шақырымдық жолдар 2,3 миллиард теңгеге жөнделмекші. Облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 298,5 шақырымды құрайды. Оған 8,8 миллиард теңге қарастырылып отыр. Ақтөбе-Орск жолының 8 шақырымдық учаскесінде қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Облыс басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арнайы тоқталды. Өткен жылдан бастап еліміздің Бас прокуратурасымен бірлескен жоба жүзеге асырылып келеді. Ол өзінің тиімділігін көрсетуде. Басты нәтиже көрінді, ол — қылмыстың елеулі түрде азаюы. Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде ол екі пайызға төмендеді.
Ақтөбе көшелеріндегі қолайсыз иістің орын алуы туралы да түсінік берілді. Өткен жылдан бері бұл бағытта бірнеше варианттар қарастырылғанымен, әзірге тиімділікке қол жетпей отыр. Әзірге негізінен ылғал кедергі мен көмір сүзгісі пайдаланылуда. Қазақстандық және ресейлік мамандармен кеңес жүргізілуде.
Ауаны негізгі ластаушылар — өнеркәсіп кәсіпорындары. Оларға бірінші кезекте есептегіш қойылуы қажет. Олардың көрсеткіші негізінде приборлар мен басқа да жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуі тиіс.
«Ақбұлақ» кәсіпорны бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдан бері Кірпішті ауылында, өнеркәсіп аймағында және Рысқұлов көшесінде суағар станциялары салынуда. Тазалау құрылымдарын іске қосуға қатысты Еуропа қайта құрылымдау және даму банкімен келісімшарт жасалды.
Журналистер сауалы — әкімнің жауабы
Облыс әкімімен кездесуде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бірқатар жайларды алға тартты. Бердібек Сапарбаев барлық сауалдарға да жан-жақты жауап берді. Төменде әкім көтерген мәселелер оқырмандар назарына ұсынылып отыр. «Ақтөбе — құтты мекен» «Туған жер» бағдарламасының маңыздылығын кім-кім де жадында ұстап, ұғынуы тиіс. Біз ұйымдастырып отырған «Ақтөбе — құтты мекен» акциясының басты идеясы — туған жер түлектерін ортаға тарту. Бүгінде кең-байтақ республикамыздың, тіпті әлемнің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген даңқты жерлестеріміздің бәрінің бірдей аты-жөндерін жас ұрпақ біле бермейді. Облыстың құрылуының 85 жылдық мерекесіне орайластырып біз сондай танымал азаматтардың барлығының басын қосқымыз келеді. Олардың өнегелі істерінен кейінгі буын үлгі алсын, Ақтөбе өңірінен осындай тұлғалар өсіп шыққанын білсін. Интернетте арнайы сайт ашылды. Қазірдің өзінде әлемнің 15 елінен 270 адамнан хабар келді. Олар туған жердің шақыруын қабыл алып, Ақтөбеге қарай ат басын бұрып отыр деуге болады.
Әрбір ақтөбеліктің ең әуелі өзі туып-өскен ауылдың, содан кейін аймақтың, оның ішінде облыс орталығының да дамуына үлес қосуы мерейлі мәртебе деп есептеймін. Біз Ақтөбенің Батыс Қазақстанның орталығы болғанын қалаймыз. Шаһарымыздың елдегі төртінші агломерация кіндігі болып белгіленуі де жайдан-жай емес екендігі белгілі.
Журналистеріміз де туған жердің шынайы патриоты болуы тиіс деп ойлаймын. Сіздер өңірдегі өзгерістерді, жақсы істерді халыққа жеткізіп қана қоймай, сонымен бірге Ақтөбенің имиджі мен беделін көтеруге де белсене қатысуға тиіссіздер.
Елге көмек қаржымен ғана есептелмейді. Мәселен, білікті дәрігер қажетті операция жасай алады, ғалым студенттермен тағылымды кездесу өткізу мүмкіндігіне ие.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы идеяларына сай облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері ұжымдарының «Туған жер» акциясына үн қосуы, аудандарда болып, оқырмандармен кездесуі құптарлық жайт. Біздің облыстық газеттеріміз бен облыстық телевизия ұйымдастырған экспедиция көршілес Қызылорда облысында болып, тарихи-танымдық мәні зор шаралар ұйымдастырып қайтты. Мұндай шараларды біз құптаймыз.
«Қолғанаттың» қолдауы бақылауда
Біз су тасқыны болған алғашқы күннен бастап-ақ ешбір отбасының назардан тыс қалмайтынын айтқанбыз. Бұл мәселе менің үнемі бақылауымда. Қазіргі уақытта 89 отбасы жер телімдерімен қамтылды. Құрылыс материалдарын сатып алу үшін олардың әрқайсысына 1 миллион теңгенің сертификаты берілді. Осы шараға байланысты «Қолғанат» қоры есебіне 168 миллион теңге жиналды.
Үй салушыларға қатысты тек кеңес беріп қана қоймай, барлық қажетті көмекті көрсететін басқарушы компаниялар, құрылыс фирмалары арнайы бекітілді.
Қажет болған жағдайда әр отбасының материалдық жағдайына байланысты қосымша көмек беру мәселесін қарастыратын боламыз. Мен Қазақстан халқына көрсеткен қолдаулары үшін, сонымен қатар, «Қолғанат» қорының құрылтайшыларына белсенді азаматтық ұстанымдары үшін ризамын. Демеушілер қаражатының, облыс аудандарының есебінен 30 отбасының пәтермен қамтамасыз етілгенін атап өткім келеді.
Алдағы уақытта су тасқыны қаупі қайталамас үшін өзен арналарын тазарту шаралары басталды. Екі бау-бақша ұжымы мен Махамбет және ВОХР тұрғындарын көшіру керек.
Баспанасы жөндеуді қажет ететін отбасылар да қолдаудан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, 585 отбасыға 61,6 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді, 61 отбасыға жер телімдерін жеке тұрғын үй құрылысына қайта рәсімдеу үшін жәрдем берілді.
Көктемгі су тасқыны нәтижесінде суға кеткен аймақта бау-бақша ұжымы мен қала сыртындағы аймақтағы үш ауылда орналасқан барлығы 907 құрылыс болды. Тексеруден соң комиссия басында құрылыс нормаларын сақтамай, су қорғау аймағында тұрғызылған суға кеткен 110 құрылысты қалпына келтіруге жарамсыз деп тапты. Тағы 797 саяжай және тұрғын үй тасқыннан кейін жөндеу жұмыстарын талап етеді.
Газға көшу тиімді
Қазіргі уақытта қалада көлік көбейгені бәріңізге белгілі. Мұндай жағдайда бензиннен гөрі газды пайдалану арзанға түседі әрі экологиялық жағынан тиімді.
Осыдан екі ай бұрын газдың литрі 51 теңгеге дейін қымбаттап, шамалы түсініспеушіліктер болды. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылды, соның нәтижесінде газ бағасы 49 теңгеге дейін түсті.
Ең арзан отын Ақтау мен Ақтөбеде екенін естеріңізге сала кетейін. Таяуда ғана ҚР Энергетика министрлігінің сығымдалған газдың құныны 22 пайызға көтеру туралы бұйрығы шықты. Біз бұған келіспей, қайтадан есеп жүргіздік. Баға 53 теңге болып еді, қазір 49 теңге. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса түсетін болады
Жол және көлік
Ауылдық жерлердегі телефон, жол, мұнай мәселелерін жақсы білемін. Бұған биліктің басы ауырады. Жол қиындығын көріп жүрген сондай ауылдардың бірі Ноғайты проблемасы Ақтөбе-Атырау республикалық жолы салынуы барысында шешімін табады.
Көлік қауіпсіздігі алаңдатады. Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Автобус жүргізушілерінің өзі жылдамдықты сақтай бермейді. Басты проблемалардың бірі — жолаушылар тасымалдайтын автобустардың жарақтылығына байланысты. Халыққа қызмет көрсететін 490 автобустың шамамен 70 пайызы 10-15 жыл бойы тынымсыз жүріп келеді.
40 автобус сатып алдық, бірақ олардың бағасы қымбат. Тағы да жаңа автобустар сатып алу үшін лизингті пайдаланатын болармыз. Ең бастысы, автокөлік қозғалысына бақылауды жолға қоюымыз керек.
Экология қашан жақсарады?
Өңірдегі экологиялық ахуалдың қиындығын жақсы білеміз. Бұл — біздің айналысып жатқан шаруамыз. Өкінішке қарай, сан жылдар бойы жинақталып қалған проблеманы бір мезетте шешу оңай емес. Турасын айтайық, біз қозғап отырған экология мәселесінің отыз-қырық жылдық тарихы бар. Қазіргі уақытта ауаны тазарту мақсатында ресейлік, отандық ғалымдармен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
«Мен де жанкүйермін!»
Мен осында келген алғашқы күннен-ақ футбол жанкүйері екенімді айтқанмын. Ақтөбе қаласы үшін спорттың бұл түрі бірінші орында екенін де білемін. «Ақтөбе» командасын қолдап келді, алда да қолдау көрсетеміз.
Бірақ бұл мәселе жан-жақты жүргізілуі тиіс. Балалар футболын дамыту, клуб жұмысындағы ашықтық пен жариялылық, кемінде бес-алты жергілікті ойыншыларды тарту сияқты жайларды ескермей болмайды.
Қазіргі уақытта біз балалар футбол академиясын аштық, енді төрт ауданда филиалдар ашуымыз қалды. Бұған дейін клуб басшылығы Рахаевты бас жаттықтырушы етіп тағайындағанда қателік жіберген деп есептеймін.
Мен клуб қызметіне араласпаймын, оны қаржыландыруды ғана қамтамасыз етемін. Жанкүйерлер Мұқановты бас жаттықтырушы етіп қайтару туралы сұрағанда, мен онымен сөйлестім. Ол келісімін беріп, бұрынғы қызметіне қайта кірісті. Қазір ілгерілеу нышаны байқалады. Владимир Мұқанов жанкүйерлер ойынан шығу үшін қолдан келген барлық мүмкіндігін жасайды деп ойлаймын.
Егер «Ақтөбе» премьер-лигада ойнамайтын болса, ұят болады. Сондықтан біз барлық жағдайды жасаймыз. Ең бастысы, қаржыландыруды қысқартқан жоқпыз.
Қазіргі уақытта Олимпиадалық комитетпен және Министрлікпен мектеп-интернат базасында спорт колледжін құру туралы келісімге келудеміз. Жөндеуден өткен жатақханада кемінде төрт жүздей оқушы тұратын болады. Осы колледжде міндетті түрде футбол бөлімшесі ашылатын болады.
Көше саудасына жол берілмейді
Кез келген жерде, оның үстіне авотбус аялдамаларында ретсіз сауда жасауға жол берілмейді. «Арай» базары маңында осындай әрекеттерге жол берілгені айтылып жатыр. Қала әкімшілігі бұл мәселеде экологтармен және жергілікті полициямен бірлесіп жұмыс атқаруда