Ақтөбенің логотипі таныстырылды

Сәрсенбі күні өңірлік брендтің таныстырылымы өтті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы, сондай-ақ, логотипті әзірлеуші тарап — «APEX Consult» ЖШС арт-директоры Ғасыржан Омарбаевтар қатысқан баспасөз жиынында алдымен жобаның мақсат-мұраты түсіндірілді.
— Өңірдің ішкі және халықаралық аренадағы имидждік тартымдылығын және танымалдылығын арттыру, ақтөбеліктердің патриотизмін нығайту, облыстың ақпараттық және туристік дамуын ілгерілетуге ықпал ету мақсатында 2 мамыр мен 21 шілде аралығында Ақтөбе облысының өңірлік брендін айқындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыстың өңірлік брендін дайындау бойынша сараптамалық кеңестің құрамы бекітіліп, оған сәулет, дизайн, маркетинг, басқа да салалардың мамандары мүшелікке енді. Брендті таңдау үшін 7 рет отырыс ұйымдастырылып, түрлі нұсқалар жан-жақты талданды. Нәтижесінде осы бір логотип таңдалды, — деді Сәния Қалдығұлова.
Үздік деп таңдалған логотипке кеңінен тоқталсақ, қызыл, сары түстер араласқан «а» әрпіндегі белгіде қошқар мүйіз оюының нышандары бар. Ұлттық бояуды да қамтуға тырыстық деген ұйымдастырушылар оның халық көптеп дауыс берген 46 үздік таңбаның арасынан таңдалғанын қосты. Жалпы, Ақтөбенің брендін әзірлеу жұмысы 4 кезеңнен тұрған: әуелі 2 мыңнан астам адам сауалнамаларға тартылған, солар таңдаған 46 нұсқа көпшіліктің назарына ұсынылған, облыс әкімдігінің ресми сайтында 1250 ғаламтор қолданушысы дауыс берген, сараптама кеңесі сол арқылы өңірлік брендті анықтаған.
Ал су жаңа логотиптің ұраны — «Ақтөбе — құтты мекен!»
Брифинг барысында сәулетші Болат Егімбаев, «Жас Отан» жастар қанатының өкілі Асылжан Бүркіталиндер де сөз алып, өңірлік брендтің маңыздылығы жөнінде пікір білдірді.
Аталмыш логотипті жарыққа шығарған компанияның қызметкері Ғасыржан Омарбаевтың айтуынша, таңбаны әзірлеуде 6-7 адам атсалысып, 1 ай еңбек еткен.