«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының жаңа маусымда көрерменге ұсынары көп

ЖАҢА ЖОБАЛАР — МАУСЫМНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ
«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы жаңа маусымға дайындық үстінде. «Бүк-шік», «Туған жерге тағзым» және облыстың имидждік бейнебаяны. Мұның бәрі де — телеарнаның жаңа жобалары. Үш жоба да облыстың 12 ауданында түсіріліп жатыр. Түсірілім жұмыстары үшін шығармашылық ұжым 12 ауданға іссапарын бастады. Топтың құрамында 10 адам бар. Олар бір ай бойы түсірген қызықты хабар жаңа маусымнан бастап көрерменге жол тартпақ.
Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы тапсырмасына сәйкес, қолға алынған жобалардың бірі облыстың тарихи орындарын, көркем табиғатын, енді бірі әр ауданның ерекшелігін, халқының болмыс-бітімін көрерменге айна қатесіз жеткізуді көздейді.
— Осы телесаяхаттың мақсатын көпшілік сұрап жатыр. Әсіресе, бағдарламаның неге «Бүк-шік» аталғанына қызығушылық туындайды. «Бүк-шік» қалада өскен екі жігіттің бәсінен басталады. Яғни, олар асық ату арқылы бәстеседі. Бүк түскені аудан орталығында қалады, шік түскені ауылға аттанады. Сөйтіп, ауылдардың тыныс-тіршілігін танытады. Мақсатымыз —ауданның әлеуетін көтеруге, ауылдардың имиджін көтеруге үлесімізді қосу, — дейді хабар редакторы Қонысбек Терекұлы.
Аудандарда жүрген шығармашылық топты бағдарламалардың негізгі кейіпкерлері өздері болатын ауыл тұрғындары жылы қабылдап жатыр.
— Біздің ауданымызға түсірілім топтары келіп жатыр. Бұл ауданымыздың көптеген жерлерін таныстыруға, тарихи орындарды көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жастарға, ұрпаққа тәрбие беретін жақсы бағдарлама болады деп ойлаймын, — дейді Мұғалжар ауданының тұрғыны Әміржан Қарасаев.
«Бүк-шіктен» өзге, қазір «Туған жерге тағзым» бағдарламасын түсіру үшін тағы бір топ аудандарда жұмыс жасап жүр. Бұл хабар туған ауылының әлеуетін көтеруге үлес қосқан азаматтар туралы болады. Сонымен бірге, облысымыздың 85 жылдығына орай өңірдің көрікті жерлерін, тарихи орындарын баяндайтын имидждік бейнероликтер де «Қазақстан-Ақтөбенің» көрерменіне ұсынған жаңашыл жобаларының бірі болмақ.
АУДАНДАРДА ТІЛШІЛЕР ҚОСЫНЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Сонымен қатар, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы аудандарда тілшілер қосынын құруды қолға алып жатыр. Мәселен, өткен аптада телеарна басшысы Ернұр Бурахан іссапармен Мұғалжар ауданына барды. Сапар барысында телеарна басшысы аудан әкімі Ербол Данағұловпен кездесіп, олар тілшілер қосынын ашу туралы меморандумға қол қойды. Бұл Ақтөбе телевизиясының тарихында аудандық жердегі алғашқы пункт болмақ. Енді облыстың шалғай елді мекендерімен телеарна арасында байланыс нығайып, көрерменге ақпаратты жедел жеткізу мүмкіндігі артады.
— Облыстағы болып жатқан жаңалықтарды бұқараға уақытылы жеткізіп отыру мақсатында әр ауданнан аудандық газеттің бір тілшісін бекітіп, бұған қоса бейнекамерамен қамту туралы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы басшылығының ұсынысын бірден қабыл алған болатынбыз. Биыл Мұғалжар ауданының құрылғанына — 20 жыл, Қандыағаш қаласына — 50 жыл. Соның аясында көптеген игі жұмыстар атқарылып жатыр. Елбасы тапсырмасы, облыс әкімінің тапсырмалары орындалып жатыр. Соның негізінде істеліп жатқан жұмыстардың барлығын облыс халқы көру үшін телеарнамен тығыз байланыс орнаттық. Тілшілер қосынына бір журналист, бір телеоператор аламыз. Сондай-ақ, олардың жұмыс жасауына қолайлы ғимаратты жалға алуды жоспарлап отырмыз, — дейді Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов.
Ол телеарна директоры Ернұр Бураханға аудандық газеттің редакциясы мен баспахананы көрсетті. «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы өз кезегінде тілші мен операторды апталық курстан өткізіп, үйретуді міндетіне алып отыр. Сонымен қатар, Қандыағаш қаласында телеарнаның жарнама қабылдау пункті жұмыс істей бастады. Бұл облыс аудандарында ашылған — төртінші пункт. Бұған дейін мұндай пункттер Қобдада, Мәртөк пен Алға аудандарында ашылған болатын.
— Телеарна ауыл тынысын, елді мекендердің тіршілігін жан-жақты көрсетуі үшін, мүмкіндігі келгенше аудан орталықтарынан кішігірім тілшілер қосынын ашсақ деген жоспарымыз бар еді. Осы бастама аудандардың басшылары тарапынан қолдау тауып жатыр. Демек, олар аудандарда атқарылып жатқан жұмыстарды телеарна арқылы барынша халыққа жеткізуге мүдделі, — дейді «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры Ернұр Бурахан.
Жалпы, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы облыстың барлық ауданындағы жылт еткен жаңалықты көгілдір экран арқылы көрсетіп отыр. Алайда кейбір аудандардың шалғай орналасқан елді мекендерінен ақпараттың жедел жетуі мәселе туғызады. Облыстық арна тілшілерінің де алысқа аяғы жете бермейді. Енді бұл мәселе оңай шешімін таппақ. Тілшілер қосынын ашу туралы дәл осындай келісім Қобда, Алға, Мәртөк, Қарғалы аудандарымен жасалды.
ЖУРНАЛИСТ МАМАНДАР ДАЯРЛАНАДЫ
«Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы облыстағы іргелі оқу орны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен де меморандум бекітті. Білім ордасы телеарнаның бөлімшесін, журналистика мамандығын ашпақ. Ал жас мамандарды тәжірибеден өткізуді телеарна міндетіне алып отыр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін білімнің қарашаңырағы екендігін, ал Ақтөбе телевизиясының 57 жылдық тарихы бар екендігін ескерсек, бұл келісімдердің кадрлар даярлау ісінде нәтижелі болатынын білдіреді.
Меморандумға қол қоймас бұрын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков ұжыммен кездесуге арнайы келді. Ол алдымен телеарнаның техникалық және шығармашылық әлеуетімен танысты. Ұжым қызметкерлерімен кездесуде ол телеарна мен жоғары оқу орны бірлесіп жүзеге асыратын жобалар туралы тоқталды. Нақтырақ айтқанда, университетте жаңа мамандық — журналистика мамандығы ашылады. Бөлім студенттері телеарнадан тәжірибеден өтеді.
— «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының филиалын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл филиалдың студенттерге берері көп болмақ. Студенттер мұнда тәжірибе шыңдайды. Олар дайындаған хабарлар, бағдарламалар осы филиал арқылы елге жететін болады, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков.
Расында, бұл әріптестік байланыс он мыңнан астам студент білім алатын оқу ордасының жастары үшін мол мүмкіндік. Тәжірибе жинайды, шыңдалады және журналист мамандығын игереді.
Ал осыған дейін қол қойылған меморандум аясында «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-не қарасты «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері арасында «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасымен бірлескен жобасы жүзеге асырыла бастады. Екі ұжымның шығармашылық тобы облыстың 85 жылдығына орай Қызылорда облысына барып келді. «Ақтөбе — құтты мекен» экспедициясы Хромтау-Ырғыз арқылы Арал, Қазалы жерлеріне аялдап, Қызылордаға барды. Бұдан соң, біріккен жоба аясында шығармашылық топтың Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қостанай, облыстарына, Ресей Федерациясының көршілес Орынбор облысына да баруы жоспарланып отыр.