Бөлінген қаржының 99,9 пайызы игерілді

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс бюджеті кірісі 120,4 пайызға орындалды. Бұл 8,1 миллиард өсімді білдіреді. «Ақтөбе ақпарат» орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған кездесуде облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева осы деректерді алға тартты.
Бюджет кірісінің артығымен орындалуына негіз болған жайттар — салықтық және салықтық емес төлемдер бойынша 6,9 миллиард теңге жинақталуы және негізгі қорды сатудан 1,7 миллиард теңге түсуі. Салықтық төлемдердің уақытында түсуі төлемдер мен міндеттемелер бойынша қаржыландыру жоспарында қарастырылған шараларды дер кезінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Егер нақтылап айтатын болсақ, биылғы жартыжылдықта облыс бойынша бюджеттік бағдарламалары 56 әкімшілер орындауда. Жоспардағы 88,9 миллиард теңгенің 88,8 миллиарды игерілді. Игерілмеген 121,9 миллион теңгені жіліктеп қарасақ, оның 75 миллионы — республикалық бюджеттен түскен трансферттер, қалған 46 миллионы — жергілікті бюджеттің үлесі.
Өңірде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлінуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан 26 жобаны орындауға бөлінген 7 миллиард теңге игерілді. Осы ауқымда биылғы жылы 11 мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Сондай-ақ сумен жабдықтау және жеткізу бойынша 6 құрылыс іске қосылады.
Есепті кезең ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша шараларды жүзеге асырудан 462,8 миллион теңге үнем жасалған.
Алға, Қарғалы және Мұғалжар аудандарында сату құқынсыз бес қабатты 60 пәтерлік арендалық тұрғын үйлер құрылысы басталды. Биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасылары алғашқы қатарда үйлі болмақшы.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту мен құрылымдау үшін 34 жоба бойынша 2,6 миллиард теңге бөлінді. Биыл 29 құрылыс пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ газ тасымалы жүйесі де дамытыла түспекші.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 19 миллион теңге қарастырылды. Шағын және орта бизнесті ішінара кепілдендіруге 81,1 миллион теңге бөлініп, бұл қаржы 37 жобаны қамтыды.
Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 3,1 миллиард теңге бөлінді. Атап өтерлігі, бұл қаржы толықтай игерілді. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 2,7 миллиард теңге өз шешімін тапты.
Сонымен бірге, «Денсаулық» бағдарламасы аясында 2,9 миллиард теңге халық денсаулығын қорғау мақсатына жұмсалды. Білім және ғылымды дамыту да осындай деңгейде қамтылды.
— 2016 жылмен салыстырғанда республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер мөлшері ағымдағы жылы 13,8 миллиард теңгеге ұлғайды немесе өсім деңгейі 16,2 пайыз құрады, — деп атап көрсетті қаржы басқармасының басшысы.
Баспасөз конференциясында коммуналдық меншікке байланысты мәселелер жөнінде де айтылды. Биылғы жылдың 1 шілдесіне есептегенде облыстағы мемлекеттік мүлік реестрінде 396 кәсіпорын бар деп есептеледі.
— Үкімет бекіткен 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары аясында біздің облысымыз бойынша тізімге 9 коммуналдық меншік атаулары енгізілді. Өткен жылы «Тазалық» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны үш рет сатуға шығарылды, алайда сатып алушылардың болмауы себебінен сауда өткізілмей қалды. Қазіргі уақытта кәсіпорынды тарату процесі жүргізілуде, — деп атап көрсетті Гүлқасима Сүйінтаева.
Биылғы жылы «Ақтөбе Таза Қала», «Ақтөбе-агросервис», «Хромтау-Тазалық» серіктестіктерін, «Намыс» спорттың ойын түрлері клубын, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аймақтық орталығын, «Ақтөбе» өңірлік индустриалды технопаркін саудаға шығару жоспарланған болатын.
«Ақтөбе Таза Қала» ЖШС кезекті сатып алу құқығымен бір жылға сенімді басқаруға беріліп, 343 миллион теңге бағалау құны жағдайында 355 миллион теңгеге сатылды. Қалған мекеме-ұйымдар бойынша сатудың бекітілген кестесі бойынша бағалау жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан басқа, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрт ұйымы жекешелендіруге жатады. Жарғылық қорындағы мемлекеттің үлесі 9,9 пайыз болып табылатын «Ақтөбе Стил Продакшн» ЖШС өткен жылы сатылды. Қалған «Ақтөбетермококс», «Үй құрылысы комбинаты», «Асиаагро Холдинг» ЖШС-лары бойынша сауда ағымдағы жылдың еншісінде. Олар бүгінгі күні бағалау процедураларынан өтуде.
Брифинг барысында «Көктас-Ақтөбе» ЖШС-ның ВЛ-6 жоғары кернеулі желісін, сондай-ақ бірқатар трансформаторлық шағын станцияларды Ақтөбе қаласындағы коммуналдық меншікке бергендігі мәлім болды. Сонымен бірге «Астана Информ Сервис» ЖШС-нан «Ел Айна СЭД» бағдарламалық өнімі қала меншігіне ауысқаны айтылды.