«Б» корпусы аттестациясы табысты өтті

Биылғы 1 шілдеде «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің кешенді аттестаттауы аяқталды.
Қызметшілердің аттестациялаудан өтуі «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» міндеттерін жүзеге асыру аясында «Б» корпусы қызметшілерінің кәсіби дайындық деңгейін және атқаратын лауазымдарына сәйкестігін анықтау мақсатында өткізілді.
Аттестаттаудың жаңа форматын ескере отырып өңірде оның талапқа сай өткізілуі үшін ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аттестаттау комиссияларының мүшелері қызметшілермен сұхбат жүргізу дағдысына оқытылды.
Ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында аттестаттау комиссияларының құрамы тек мемлекеттік қызметшілерден емес, сондай-ақ қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен, депутаттардан құралды. Барлық деңгейлердегі әңгімелесу барысы аудио және бейнежазба құрылғысы көмегімен жазылып алынды.
Аттестаттаудың шарттарына сәйкес қызметшілерге олардың қызметін сипаттайтын бағалау парақтары толтырылып, қызметшілердің жеке құзыреттерін бағалайтын тестілеуден және аттестаттау комиссияларында әңгімелесуден өтті.
Осы аттестаттаудың ерекшелігі — оның бір жолғы мерзімділігінде, сондай-ақ ауқымдылығында — кешенді және қызметті бағалаудың жаңа түрі — жеке құзыреттерді бағалау тестілеуінің қолданылуы болып табылды.
— Өңірде аттестаттау жұмыстары жалпы алғанда табысты өтті, — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қайыржан Тоқышев осы мәселеге қатысты өткізілген брифингте, — Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №404 Жарлығымен аттестаттаудан босатылған 1398 қызметшілерден басқа аттестаттаудан «Б» корпусының 3190 қызметшісі өтті.
Аттестаттаудан босатылған тұлғалар туралы қысқаша түсінік бере кететін болсақ, олардың арасында зейнетке дейінгі қызметшілер — 203, жүктілік пен босану демалысындағы, бала күтіміне байланысты демалыстағы қызметшілер — 333, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, он төрт жасқа дейінгі балаларын тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар — 567, мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш тағайындалған қызметшілер — 293, «А» корпусының кадр резервінде тұрған қызметшілер — 2.
Негізінде мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау үш деңгейде өтті.
Бірінші деңгейде — Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясында «Б» корпусындағы басқару тобының 38 мемлекеттік қызметшілері әңгімелесуден өтті, оның ішінде: облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасарлары және облыстық мәслихат аппаратының басшысы мен оның орынбасары, тексеру комиссиясы аппаратының басшысы.
Әңгімелесудің қорытындысы бойынша 32 қызметші атқаратын лауазымына сәйкес келеді делініп, 5 қызметші лауазымын жоғарылатуға және 1 қызметші лауазымынан төмендетуге ұсынылды.
Екінші және үшінші деңгейдегі аттестаттау комиссияларында сұхбаттан 3152 «Б» корпусының қызметшілері өтті, оларға қатысты мынадай шешімдер қабылданды:
атқаратын лауазымына сәйкес — 2933 қызметші (93,1%);
жоғарылатуға ұсынылды — 205 қызметші (6,5 %);
төмендетуге ұсынылды — 12 қызметші (0,3 %);
жұмыстан босатуға ұсынылды — 2 қызметші (0,1 %).
Бүгінгі күні аттестаттау комиссиялары шешімдерінің 21,5 %-ы (47) орындалды.
Жергілікті атқарушы органдар арасында аттестаттау комиссия шешімдерінің орындалуының көп мөлшері Темір ауданына 71,4%, облыс әкімі аппараты мен Алға ауданына 66,6 % келеді.
Орталық атқарушы органдар арасында аттестаттау комиссия шешімдерінің көп орындалуы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясында, көлік бақылау инспекциясында, қазынашылық департаментінде, статистика департаментінде, медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің департаментінде, «Батысжерқойнауы» мекемесінде, соттар әкімшісінде, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде байқалады.
Тестілеу мемлекеттік қызметшілерге жүктелген міндеттерді орындауға қажетті 11 негізгі құзыреттілікті анықтауға өткізілді. Бұлар — қызметті басқару, ынтымақтастық, шешім қабылдау, жеделділік, өздігінен даму, қызметті тұтынушыға бағдарлану, қызметті тұтынушыларды хабарландыру, адалдық, жауапкершілік, бастамашылдық, шиеленіске орнықтылық құзыреттіліктері.
Тестілеу қорытындысы бойынша 744 қызметші өте жоғары, 2379 қызметші тиімді, 138 қызметші қанағаттанарлық деген нәтиже көрсетті.
Өңірде мемлекеттік қызметшілердің бастамашылдығы пен шиеленіске орнықтылық құзыреттіліктері жақсы дамыса, ынтымақтастық құзыреттілігі жеткіліксіздігі атап көрсетілді.
Қажетті құзыреттіліктерді дамыту бойынша мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілерді оқыту өңірлік орталығына жұмыста қолдану үшін тиісті ұсыныстар енгізілді