«ЭКСПО-2017»: әр мемлекеттің ұлттық күні тойланып жатыр

Бүкіләлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесінің негізгі шараларының бірі ретінде әр мемлекеттің ұлттық күнін атап өтсек болады. Ұйымдастырушы тараптың көздегені де сол, аталған шаралар аясында Қазақстан мен өзге елдердің арасындағы іскерлік байланыстар одан сайын нығайып, екіжақты келіссөздер пысықталады, сондай-ақ, ресми өкілдер өзара тәжірибе алмасады. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының медиа орталығынан білгеніміздей, бүгінге дейін көрме аумағында 1031 мәдени және іскерлік шара, сондай-ақ, мемлекет басшыларының, министрлер мен халықаралық павильон комиссарларының қатысуымен 84 хаттамалық басқосулар өткізілген.
Газет тілшісі Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне жасаған сапарында бірнеше мемлекеттің осындай шарасына қатысып келген еді.
Австриялық велосипед, күш машинасы және ұлдар хоры
Австрия Республикасының ұлттық күнін атап өту шарасы Ту көтеру және Гимнді орындау ресми салтанатымен, сонымен қатар, екі елдің ресми делегациялары өкілдерінің құттықтау сөздерімен басталды.
Қазақстан — Австрияның Орталық Азиядағы маңыздылығы жоғары серіктесі. «ЭКСПО» көрмесі аясында Астана қаласы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша жаңа идеялармен және шешімдермен алмасу үшін ең қолайлы алаңға айналды. Көрме — ақпараттандыру, шабыттандыру және қарым-қатынас жасау үшін керемет алаң, — деп атап өтті Австрия Республикасы делегациясының басшысы, Австрия ғылым, зерттеулер және экономикасының Вице-Министрі Бернадетте Гирлингер.
Ресми салтанаттан кейін қонақтар қазақстандық, австриялық және басқа да халықаралық павильондарды қарап шықты. Көптеген келушілер байқағандай, Австрия павильоны — жаңашыл идеяларға толы, әсерлі суреттермен көрнекі дүниелері ұсынылған павильондардың бірі. Экспозицияның әрқайсысы жаңартылған энергия көздерімен байланысқан инновациялық жобалардың жиынтығымен келушілерді қарсы алады.
Мұндағы көрменің басты ұраны — «Болашақтың энергиясы — бұл біз және сіз!». Ойын алаңы ретінде ұйымдастырылған кешеннің бұйымдары жас-кәріні бірдей қызықтырады. Айталық, Австрия туралы бейнематериалды тамашалау үшін павильонға келушілер әуелі арнайы қойылған бірнеше велосипедті жүргізіп, электр қуатының іске қосылуына атсалысуы қажет. Яғни мұндағылар аз да болса қозғалып, еңбек еткеннің талабы орындалады дегенге саятын ұстанымды басшылыққа алған.
Мұнымен бірге, австриялық павильонның «жаны» деп күш машинасын атауға болады. Оны жүргізбестен бұрын әртүрлі құрылғылар мен тетіктердің көмегімен келушілер ойын түрінде энергияны сезіне алады. Тағы бір қызық тұсы — күш машинасы әр қонақтың қабілеті мен мүмкіндіктерін тануға сеп бола алады. Бұл, шынында, өзге кешендерде жоқ жаңашыл дүние.
…Ұлттық күн әйгілі «Әулие Флориан» ұл балалар хорының өнер көрсетуімен аяқталды. Аталған өнер ұжымы Вена мен Зальцбург қалалары арасында — Австрияның орталығында орналасқан. 1071 жылы құрылған әлемдегі ең танымал ұлдар хоры дәстүрлі австриялық, халықтық және рождестволық музыканы әуелеткенде, қошемет көрсетпеген келушілер кемде-кем еді. Тарихи һәм сирек кездесетін аспаптарда ойнаған өнерпаздар «ЭКСПО-2017» көрмесінің көптен күткен құрметті қонақтарының қатарында болғаны айдан анық.
Бакуді де көрді, көрмемен де танысты
«ЭКСПО-2017» көрмесінің қалашығында әзірбайжан халқының да ұлттық күні мерекеленді. Аталған мемлекеттің вице-президенттің бірінші көмекшісі Анар Алакбаров салтанатты шарада Әзірбайжан мен Қазақстанды берік достық пен сыйластыққа сүйенген тарихи сенімді қарым-қатынастар байланыстырып тұрғанын атап өтті. Серіктестіктің басты мұраты — стратегиялық әріптестік.
— Әзірбайжан Республикасы бұл көрмеге қатысуға ерекше мән берді. Көрме сан алуан елдердің халқын игі мақсатпен біріктіріп отыр. «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүгінгі күннің талаптарына толықтай сай және баршаға түсінікті. Балама энергия көзін өңдеу мәселесі қазіргі таңда халықты алаңдататын сауал, — деді Анар Алакбаров.
Шетелдік қонақтардың сөзінше, Әзірбайжанның энергетикалық қауіпсіздік жобасының мәні — энергия және ресурстар дау мен тайталастың емес, халықаралық серіктестіктің негізі болуы тиіс.
Ұлттық күнде аталған елдің Энергетика вице-министрі Магзум Мирзагалиев Әзірбайжан «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығы туралы жариялаған елдердің алдыңғы қатарында болғанын мақтанышпен жеткізді: «Ұлттық күннің қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Әзірбайжан көзқарастарының ортақ және ұқсас екенін байқап отырмыз. Әзірбайжаннан өтетін кавказдық бағыт бізге еуропалық нарыққа шығудың кепілі болады. Қазақстан Әзірбайжанға Орталық Азия мен Қытайға жол ашып отыр. Біз «ЭКСПО-2017» көрмесінің арқасында әлемдік көрменің мұрасымен шабыттанып, алға қарай ұмтылатын боламыз», — деді ол.
Бұл халықтың мәдени-сауықтық бағдарламасы өзгелерден айтарлықтай ерекшеленді. Әзірбайжан ұлттық павильонының тақырыптық қойылыммен тәмамдалған көрмесінде республиканың балама энергия көздері мәселесі бойынша жеткен жетістіктерін бейнелейтін стендтер, карталар және жәдігерлер халық назарына ұсынылды. Жалпы, павильон әзірбайжан халқының тарихы, мәдениеті, өнері, халық капиталы және төзімділік дәстүрі сияқты ұлттық құндылықтарда негізделіпті. Айта кетерлігі, келушілер үшін Баку қаласына виртуальды түрде «серуендеу» мүмкіндігі қарастырылған. Әсіресе, осыны көрем деушілердің кішкентайлар көп болды.