Әзірліктің барысы пысықталды

«Он бес елден келетін 300-ден астам есімі көпшілікке кеңінен танымал ақтөбеліктер «Ақтөбе — құтты мекен» форумына қатысатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе облысында үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «Ақтөбе — құтты мекен» форумын өткізу жоспарланған» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен кеңейтілген отырыста осы форумды ұйымдастырудың мәселелері талқыланды.
Форумға дайындық барысы туралы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, басқармалар мен аудандардың әкімдері баяндады.
— Форумға біздің аймақтан шыққан тек Қазақстан ғана емес, шетелдерде де тұратын белгілі адамдар қатысады. Олардың ішінде мемлекеттік қайраткерлер, ірі кәсіпкерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері бар. Сондықтан да форумды жоғары деңгейде өткізу аса маңызды. Біздің облыстан шыққан әрбір тұлғалар туған өлкесін дамытуға үлес қосуы керек, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы форумға дайындықтың жарты жыл бойы жүргізіліп келе жатқанын айта келіп, бұл жұмысты ширата түсуді, әсіресе, ақпараттық мәселелерге айрықша көңіл аударуды тапсырды.
Форумды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізу көзделуде. Аталған форумға қатысуға Ақтөбеден түлеп ұшқандар Қазақстанның барлық жерінен, сондай-ақ АҚШ, Германия, Қытай, Израиль, Ресей және басқа елдерден келеді.
Форумға қатысушыларға облыстың жетістіктері, ірі инвестициялық және әлеуметтік жобалар, сондай-ақ аймақтың даму болашағы ұсынылады.
Мұнымен бірге, форум аясында мәдени-бұқаралық шаралар, спорт фестивалі, шеберлік класы, дөңгелек үстелдер өткізілдеді. «Құтты мекен — Ақтөбе» энциклопедиялық анықтамалығы шығарылады. Жерлестер үшін арнаулы интернет-ресурс жіберіліп, облыстың 85 жылдығына арналған деректі фильм таныстырылады.
Форумды өткізуге дайындықтың барысы облыс әкімінің тұрақты бақылауында.