Азаматтық қоғаммен байланыс дами түседі

Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарының — 97, 98- қадамдарын жүзеге асыру аясында, «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іс жүзінде енгізу мақсатында «Жергілікті атқару органдары және жергілікті өзін-өзі басқару органдары азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауды дамыту» атты оқыту семинары өтті. Аталған шараны облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша, облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы ұйымдастырды.
Басқосуға үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктің төрағалары, жергілікті атқарушы компания директорлары қатысты. Семинарды «Жергілікті дамуды инклюзивті жоспарлау» Еуропа Одағы жобасының директоры, республикалық сарапшы Абай Мырхин жүргізді.
Қатысушылар жергілікті тұрғындарды тарту арқылы аумақты дамытудың жоспарымен және практикалық әдістерімен танысты. Бұл азаматтардың шешім қабылдау үрдісінде мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Семинарда өзін-өзі басқаруда қалай қаржы табу, күнделікті мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Бүгінгі талқыланған әдіснаманы азаматтық бақылау жобасын жүзеге асыруда қолдана аламын. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Алдағы мақсат — сыбайлас жемқорлық індетінің тамырын жойып, мемлекеттік мекемелерде парақорлыққа жол бермеу. Қоғамды жақсартуға барлығымыз атсалысуымыз қажет, — деді «Парасат — Ғылым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Көшкінбай Ахметов.
Облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова келешекте барлық үкіметтік емес ұйымдарды бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Оның айтуынша, 50 ауылдық округке жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Семинарға қатысқан ауылдық округтердің қызметкерлеріне жоспар құру, қаржыны тиімді пайдалану жұмыстары түсіндірілді.
— «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарындағы 97, 98-қадамдар — өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үрдісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу мәселелеріне арналған. Бұл ретте, өзін-өзі басқару жүйесінің қойылып отырған талаптарға сәйкес, олардың дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылмақ, — деді А.Дүйсенова.
Семинарда мүдделі тараптарды анықтау және тақырыптық топтарды құруға арналған, ақпаратты жинақтау және деректерді талдау бойынша тапсырмалар слайд түрінде ұсынылды.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан пікірлер айтылып, оларға сертификаттар табысталды.