Қазақ тілін меңгерген ересектер үлесі — 93,6 пайыз

«Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Онда тілдерді қолдану мен дамыту бағытындағы шаралардың алты айлық қорытындысы айтылып, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар сөз болды.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының III кезеңі бойынша тілдік шаралар кешені жүзеге асырылуда. Басқарма жанынан құрылған тілдерді оқыту орталығы 12 706 адамды қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқыту курстарымен қамтыды.
Толерантты тілдік орта құру мақсатында облыста тұратын өзге ұлт өкілдерінің ана тілдері мен мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасалуда. Бұл мақсатқа 2005-2016 жылдар аралығында 3577 этнос өкілдері жексенбілік мектептер арқылы украин, неміс, корей, шешен, татар, әзірбайжан тілдерін және мемлекеттік тілді оқытумен қамтылған.
— Жыл сайынғы жүргізілетін әлеуметтік-лингвистикалық зерттеу қорытындыларына сәйкес, мемлекеттік тілді жетік меңгергендердің де үлесі тұрақты түрде өсуде. Қазақ тілін меңгерген ересектер үлесі — 93,6 пайыз, орыс тілін білетін облыс тұрғындарының үлесі — 93,7 пайыз, ағылшын тілін білетін облыс тұрғындарының үлесі — 25,1 пайыз, үш тілді меңгергендер — 17,8 пайыз, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерінің үлесі — 34,2 пайыз, — деді Г.Төлебаева.
Балалардың алғашқы тілдік дағдыларын игеруге арналған үш тілде «Күншуақ» журналы, қазақ тілін оқыту процесін жетілдіру мақсатында «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» атты ақпараттық-әдістемелік журналы шығарылады.
Гүлайым Төлебаева басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, егемендік алғалы өзгертілуге жататын 167 елді мекен атауларының 146-сына тарихи атаулар берілген.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Латын графикалық жүйеге көшу» бағыттарын жүзеге асыру мақсатында арнайы ғылыми, эксперименттік қауымдастық, мүдделі ұйымдар өкілдерінен жұмыс тобы құрылып, ақпараттық-насихаттау бағытындағы іс-шаралар жоспары әзірленген.