Ақтөбелік журналистер Қызылордаға жол тартты

«Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Қазақстан РТРК» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалы арасындағы әріптестік шығармашылықмеморандумы аясында біріккен экспедиция тобы Қызылорда облысына аттанды. Осыған орай «Ақтөбе ақпарат» баспасөз орталығында экспедицияны шығарып салу рәсімі өтті.
Шығармашылық топ Қызылорда өңірінің Арал, Қазалы аудандары арқылы облыс орталығына барады. Негізгі мақсат — Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласынан өрбитін «Туған жер» бағдарламасына үлес қосу, Қызылорда облысындағы ақтөбелік жерлестермен кездесіп, Ақтөбе облысында атқарылып жатқан игі істер мен жетістіктер туралы хабардар ету.
Жиында сөз алған «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин қыркүйек айында өтетін «Құтты мекен —Ақтөбе» форумы аясында энциклопедиялық анықтамалық жарыққа шығатынын, сонымен қатар Орынбор облыстық «Оренбуржье» қоғамдық-саяси газетімен меморандумға қол қойылғанын атап өтті. Ал журналистердің жаңа бағдар аясындағы іссапарлары танымдық-тағылымдық сипатқа ие болмақшы.
Облыс әкімінің бастамасымен қыркүйек айында облыстың 85 жылдығы аталып өтілмек. Осыған байланысты біз көрші аймақтарда болып, ел тынысын оқырмандарымызға кеңінен танытуды көздеп отырмыз. Алғашқы сапарды бір кезде ел астанасы болған Қызылорда өңірінен бастауды жөн көрдік, — деді ол.
Бұған дейін «Құтты мекен — Ақтөбе» атауымен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері Ойыл және Шалқар аудандарында болып, оқырмандарымен кездесіп, ой бөлісіп қайтқандығын айта кеткен ләзім.
«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры Ернұр Бурахан телеарна қолға алып жатқан жаңа жобаларға тоқталды. Аудан тұрғындары үшін хабарландыру қабылдайтын пунктер ашылып жатқанын мәлімдеді.
— Соңғы жартыжылдықта «Шамшырақ-Ақтөбе» серіктестігі үлкен серпіліс алды. Бүгінде мекемеде үш журнал, екі газет және ақпараттық сайт жұмыс істейді, — деді ол.
Жиын соңында экспедиция мүшелеріне қос мекеменің жалаулары табысталды.
Экспедиция құрамында «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілшілері Қамбар Мұқашев және Санат Қалиев бар.
Бұл жоба әрі қарай еліміздің Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және көршілес Ресейдің Орынбор облыстарында жалғасын табатын болады.