ҮЕҰ Дерекқорына мәліметтер жолдау мерзімі туралы ақпарат

2018 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҮЕҰ дерекқорына тіркелу мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әлеуметтік бағдарламаларды және (немесе) әлеуметтік жобаларды, мемлекеттік гранттарды іске асыруға арналған конкурсқа қатысу үшін міндетті шарт болып табылады.
Азаматтық қоғам істері комитетінің ақпаратына сәйкес, 2018 жылғы31 наурызда үкіметтік емес ұйымдардың ҮЕҰ Дерекқорына өз қызметі туралы мәліметтерді ұсыну мерзімі аяқталады.
Осыған орай, мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, қор, қауымдастық (одақ) нысанындағы, заңды тұлғалар бірлестіктері нысанында құрылған үкіметтік емес ұйымдарға, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерiне (оқшауланған бөлiмшелерi) уақытылы, соңғы күндерге қалдырмай infonpo.kz сайтында есеп берудің электронды нұсқасын толтыру ұсынылады.
ҮЕҰ Дерекқорына өз қызметі туралы мәліметтерді ұсынудың баламалы тәсілі есеп берудің қағаз нұсқасын толтыру болып табылады. Есептің қағаз нұсқасын электрондық форманың CD-дискте немесе флэш-жинақтауышта қосымшасымен қоса Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мекен-жайына үстіміздегі жылдың 31 наурызына дейін жолдау қажет.
ҮЕҰ Дерекқорына мәліметтерді уақытылы өткізбегені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.