Мемлекеттік рәміздер — ұлттық мақтанышымыз

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде мемлекеттік рәміздерді пайдалану, орналастыру және насихаттау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Жиын барысында Мәртөк, Хромтау, Алға, Байғанин аудандарында және Ақтөбе қаласында жүргізілген мониторинг нәтижелері қаралды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мониторинг барысында мемлекеттік рәміздерді орналастыруда немесе тәуліктің қараңғы кезінде  ғимараттардағы туды жарықтандыруда мақұлданған стандарттардан кемшіліктер жіберген мемлекеттік мекемелердің анықталғанын айтып өтті.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі аптаның соңына дейін анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
— Мемлекеттік рәміздер — ұлттық мақтанышымыз болып табылады. Біз үнемі тексеріп, ескертеміз, бірақ, өкінішке қарай, кемшіліктерге жол беріліп келеді. Мен бұл мәселені басшылардың осы салаға жауапсыз қарауының салдары деп санаймын, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Облыс басшысы  мемлекеттік Туды және Елтаңбаны жасау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген тиісті лицензия болған жағдайда жүзеге асырылатынын және мемлекеттік рәміздерді жасау мен пайдалануды реттейтін заңнаманың талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Айта кетейік, биылғы жылдың сәуір айында Шалқар, Қарғалы, Қобда және Ырғыз аудандарының мемлекеттік рәміздерді пайдалануы мен орналастыруына бақылау жүргізіледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі