4 топ Мұғалжар ауданын аралады

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының «Кең көлемдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» бағыты бойынша 4 ақпараттық топ Мұғалжар ауданында тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
22 шара өткізіліп, 1399 адам қамтылды
2 сәуірден бастап өз жұмысын бастаған ақпараттық топ өкілдері дін, әлеуметтік, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, мәдениет және ішкі саясат салалары бойынша аудан тұрғындарымен кездесіп, қабылдаулар өткізді.
Атап айтсақ, алғашқы күні облыстық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы аудан орталығында деструктивті діни ағымды ұстанушы 18 адаммен жеке кездесу өткізіп, оларды дәстүрлі діни көзқарасты ұстануға шақырып, жан-жақты кеңестер берді. Мұндай кездесулер Ембі және Қандыағаш қаласында да ұйымдастырылды. Сондай-ақ топ өкілдерінің қатысуымен Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қала әкімінің кубогы үшін турнир ұйымдастырылып, оған мешіт жамағатының командасы қатысты. Жалпы турнирге 20 команда қатысып, 200-ге жуық қатысушы бақ сынасты.  Сонымен қатар аталған бағыт бойынша топ мүшелері Ембі қалалық №2 орта мектепте дінтану пәнінің мұғалімдеріне шеберлік кластарын өткізіп, Ембі қалалық Мәдениет үйінде қала тұрғындарына «Қара жол» көркем фильмі көрсетілді. Оған 200 тұрғын қатысты.
Ембі қаласында мектеп, колледж оқушыларының қатысуымен «Зайырлылық — қоғам дамуының кепілі» атты семинар өтті. Семинарға 143 тыңдаушы қатысты.
Шара соңында қала тұрғындарына арналған облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Осылайша «Кең көлемдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» бағыты бойынша 1-топ өкілдері Ембі қаласында 1302 адамды қамтыған 16 шара ұйымдастырды.
3 сәуір күні дін саласы бойынша ақпараттық топ өкілдері жобаның бірінші бағыты бойынша Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында, Жағабұлақ, Саға ауылдарында   және ҚАЖ 168/5 мекемесінде жат ағымның жетегінде кеткен 32 адаммен жеке кездесу өткізді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 7 азаматтың дәстүрлі дінге бейімделуге келетіндігі анықталды.
Сондай-ақ бұл күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспан Ембі қаласының «Нұр» мешітінде болып, бесін намазының уақытында жамағатқа «Дәстүрлі дін» тақырыбында уағыз (24 адам) және «Уаһабилік ағымның шығу тарихы» тақырыбында семинар (42 адам) өткізді. Мұндай шара Қандыағаш қаласындағы «Нұртай» мешітінде өткізіліп, 63 адам қамтылды.
Сонымен қатар аталған бағыт бойынша топ мүшелері Батпақкөл ауылдық округінің Жағабұлақ, Саға ауылдарында жергілікті тұрғындармен, мектеп оқушыларымен 5 кездесу ұйымдастырып, «Қара жол» көркем фильмі ұсынылды.
Жоғарыда аталған кездесулер аясында аудандағы жұмыссыз азаматтарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған бос жұмыс орындары туралы мәлімет беріліп, мешіт жамағатына 26 бос жұмыс орны ұсынылды.
Екі күннің қорытындысы бойынша әлеуметтік желілерге діни терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында 4 ақпараттық материал жарияланып, 2 бейнеролик орналастырылды. Сондай-ақ 22 шара өткізіліп, 1399 адам қамтылды.
КӘСІПКЕРЛІК: ҚОЛДАУ ЖӘНЕ КӨМЕК
«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының бірінші бағыты бойынша ауданға келген 2-топ өкілдері шағын және орта бизнесті дамыту шеңберінде Ембі қаласында 143 адамды қамтыған 5 кездесу өткізді. Нәтижесінде Ембі қаласының 120 тұрғынына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 170-тен астам буклет таратылды.
Сонымен қатар Ембі қаласында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің қатысуымен «Якорлық кооперацияның мүмкіндігін арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Одан кейін қаржылық институттар және атқарушы органдар өкілдері 23 адамды жеке қабылдап, оларға жан-жақты кеңес берді.
Бұдан кейін топ мүшелері Ембі қаласында «Бизнес жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен қолдауға ие болған кәсіпкерлік нысандарын, атап айтсақ, «Атсана», «Әділет» супермаркеттерін, «Достар» моншасын, т.б. аралап, олардың жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ ембілік екі кәсіпкерге нақты көмек көрсетілді. Олар:  «Нұрқанат» шаруа қожалығының басшысы Айбат Шегіров және ІІ топтағы мүгедек Қуаныш Шүгелбаев.
Осылайша ауданға арнайы келген 2-топ мүшелері кәсіпкерлік саласы бойынша 4 кездесу өткізіп, 23 адамға жеке қабылдау жүргізді.
Ал ауыл шаруашылығы саласы бойынша топ мүшелері «Смағұл» шаруа қожалығының  басшысы К.Сейткамаловаға су ұңғымасын бұрғылау және селекциялық жұмыстар жүргізу үшін асылтұқымды бұқашықтарды жалға алу мәселесі бойынша көмек көрсетті.
ЖОЛДАМА БЕРДІ, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ
Мұғалжар ауданына «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының «Кең көлемдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» бағыты бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров бастап келген 3-топ мүшелері әлеуметтік сала бойынша аудан орталығында және ауылдарда 482 адамды қамтыған 7 кездесу, 242 жеке қабылдау ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі 7 азаматқа техникалық көмекші құралдар табыстады.
Сонымен қатар жоба аясында аудандағы кедейшілік шегінен төмен тұратын 31 адамы бар 5 отбасыға атаулы көмек құжаттарын рәсімдеуге кеңес берілді. 29 адамға (13 жұмыссыз, 16 өзін-өзі жұмыспен қамтушы) жұмыспен қамту бойынша түсінік беріліп, 5 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Топ өкілдерінің айтуынша, жоба аясында 12 тұрғынға қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама беріліп, 7 азаматқа 140 мың теңге көлемінде қайырымдылық көрсетілген.
99 бала медициналық тексеруден өтіп, 28 балаға облыстық ауруханаларға тексерістен өтуге жолдама тапсырылған.
18 АДАМҒА ТЕГІН СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ
«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының «Кең көлемдегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» бағыты бойынша ауданға келген 4-топ өкілдері өз жұмысын Қандыағаш қаласының тұрғындарымен кездесуден бастады.
Жиында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының мақсаты мен Елбасының бес әлеуметтік бастамасы, сондай-ақ облысымызда қолға алынған «Бақытты бала», «Аналарға тағзым» жобалары түсіндіріліп, аталған жобалар аясында жасалып жатқан жұмыстар баяндалды.
Бұдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова бастаған топ өкілдері «Ақтөбемұнаймашкомплект» ЖШС-ның қызметкерлерімен және Қандыағаш қалалық өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің студенттерімен кездесті.Аудан әкімінің орынбасары Ғалым Қобландиннің төрағалығымен өткен кездесуге еңбек ардагері, білім саласының үздігі Камалхан Қуан, «Парасат-Ғылым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Көшкінбай Ахметов, еңбек ардагері, мемлекет қызмет ардагерлері ұйымының төрағасы Серік Ботағарин, облыстық ішкі саясат басқармасының талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Бақыт Айдосов, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының халықты ақпараттандыру бөлімінің маманы Диляра Сермаханова қатысты. Кездесу барысында топ мүшелері Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы басты міндеттер мен  Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндіріп, мекеме қызметкерлеріне алда жүзеге асырылатын жұмыстар жайы айтылды.
Кездесу барысында серіктестік қызметкерлеріне Елбасы Жолдауы мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасына қатысты ақпараттық парақшалар таратылды.
Сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері Қандыағаш қалалық әкімдігінің ғимаратында аудан ақсақалдарымен кездесті.Кездесуде алдымен топ жетекшісі, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова ақпараттық топтың ауданға келудегі мақсат-міндеттерімен таныстырып, ақсақалдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.— «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының басты мақсаты — халық арасында шағын кәсіпкерлікті жаппай дамыту, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу, діни ахуалды жақсарту, ақпараттандыру жұмысы мен құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру үшін тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Жоба аясында ауданға келіп отырған мамандандырылған топ ауыл тұрғындарымен кездесіп, халыққа әлеуметтік, қаржылық, медициналық, идеологиялық тұрғыда көмек көрсетеді. «Кең көлемде түсіндіру және өзекті мәселелерді шешу» бағыты бойынша жұмыс жасайтын ақпараттық топтың мақсаты — стратегиялық маңызы бар құжаттардың басты тұстары мен бағыттарын түсіндіру, Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы маңызды бағдарламалардың жай-жапсарын халыққа жеткізу, — деді басқарма басшысы Бұлбұл Елеусінова.Жиын барысында ақпараттық түсіндіру тобымен кездескен ардагерлер өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында ауданға келген топ мүшелері ішкі саясат саласы бойынша екі күнде 370 адамды қамтыған 4 шара өткізді. Сонымен қатар ауданда 18 адамға газетке (9 облыстық, 9 аудандық) 2018 жылдың II жартыжылдығына тегін жазылу сертификаттары табысталды.
Айта кету керек, жоғарыда аталған топ мүшелері аудан орталығында және ауылдық округтерде бір апта бойы жұмыс жасайтын болады.