Ұйымдар дерекқорға мәлімет ұсынуға міндетті

Бейсенбі күні облыстық әкімдік ғимаратында үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына мәлімет ұсынбаған коммерциялық емес ұйымдарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға қатысты семинар-кеңес өтті. Ақтөбе қаласы және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің мамандарына арналған шараға сот, прокуратура, әділет, мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлері де қатысты.
ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының  41-бабының 5-тармағына және  Мәдениет және спорт министрінің «Үкіметтік емес ұйымдарымен өз қызметі жөніндегі мәліметтерін ұсыну және олар туралы дерекқорды қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, жыл сайын коммерциялық емес ұйымдар дерекқорға өз қызметі туралы мәліметтер ұсынуға міндеттелген-ді. Осы талаптың қандай деңгейде орындалып жатқаны арқау болған жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова:
— Бүгінгі семинардың маңызы зор. Өйткені үкіметтік емес ұйымдардың қоғамда атқарып отырған жұмыстары орасан. Әртүрлі бағытта қызмет ететін ұйымдардың облыстың дамуына сіңіріп жатқан еңбегі айтарлықтай.
Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына мәлімет ұсынбаған коммерциялық емес ұйымдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту — күн тәртібіндегі мәселе. Өңірде өткен жылдан бері Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің пәрмені бойынша бұл бастама жүзеге асырылып келеді. Былтыр біз дерекқорға есеп беру жұмысын бастадық. Шыны керек, алғашында талап соншалықты күшті болған жоқ. Бірақ жыл санап бұған қатысты талап күшейіп келе жатыр. Осы бағытта жауапты мамандар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл бойынша ақпараттық хабарлар таратылып, семинарлар өткізілді. Дегенмен, аталған жұмыс әлі де болса өз деңгейінде ұйымдастырылмай отыр. Бүгінгі таңда Ойыл, Алға, Шалқар аудандарында ғана дерекқорға қатысты жұмыстар жақсы деңгейде іске асырылған. Ал Әйтеке би, Байғанин, Мұғалжар, Темір, Қарғалы аудандарында бұл бойынша жұмыстар көңіл көншітерлік емес, — деді.
Басқосу барысында құқық қорғау органдарының да өкілдері сөз алып, үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына қатысты атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Аудандардан келген мамандар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.
Белгілі болғандай, облыста 610 коммерциялық емес ұйым тіркелген. Оның 415-і белсенді жұмыс істеп тұр. Аталған орталықтардың дені — 85 пайызы Ақтөбе қаласында орналасқан.
Айта кетейік, үкіметтік емес ұйымдардың дерекқоры — ашықтықты қамтамасыз ету және жұртшылыққа олар туралы ақпарат беру мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру шеңберінде пайдалану, гранттар ұсыну және сыйақылар беру үшін қалыптастырылатын ақпараттық дерекқор. Бұл арқылы табысты жобалармен танысуға, тәжірибе алмасуға, ынтымақтастық һәм серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.