20 мың ақтөбелік «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасымен қамтылған

Ақтөбе облысында 2 сәуірде Мемлекет басшысының халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге және экстремизм мен терроризмге қарсы тұру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жаңғыртылды.  
Оны іске асыру барысы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен облыс әкімдігінің отырысында талқыланды.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша жоба аясында 2-6 сәуір аралығында Мұғалжар, Темір, Алға, Байғанин және Шалқар аудандарында облыстың  20 мың тұрғынын қамтитын 390 іс-шара өткізілді.
250-ден астам азамат нақты көмек алды. Есепті кезеңде 76 адам жұмысқа орналасты. 870-тен астам адам облыстың ең үздік дәрігерлерінен медициналық сараптамадан өтті, 56 адам толық тексеруден өтуге облыстық денсаулық сақтау нысандарына жіберілді, 458 балаға стоматологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, аудандық ауруханаларда жетекші дәрігерлер үш хирургиялық операцияны өткізді. Бүгінде барлық науқастардың жағдайы тұрақты,- деп атап өтті Б.Елеусінова.
Облыс әкімі 25 азаматқа 406 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілгені туралы ақпаратты тыңдаған соң, қайырымдылық қызметін күшейтуді тапсырды,
- Әлеуметтік көмекке бағытталған соманы қайткенде көбейту қажет. Тұрғындар жобаны жүзеге асырудан, әсіресе әлеуметтік мәселелерді шешуде көп пайдалана алуы керек. Жалпы, жобаның басталуына дейін жоспарланған барлық нысаналы көрсеткіштер орындалуы тиіс, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Жұмыс топтарының сарапшылары бизнес-ортаны дамыту бойынша шаралар қабылдауда. Кәсіпкерлікті ұйымдастыру және жүргізу бойынша 240-қа жуық адам оқу семинарларына, тренингтерге және мастер-кластарға қатысты. Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары 1 мыңнан астам ауыл тұрғындарына түсіндірілді. Сонымен қатар, шағын бизнеске ірі компаниялармен іскерлік қарым-қатынас орнатуға көмектеседі.
Кең ауқымды түсіндірме жұмыстары барысында теологтар, имамдар мен басқа да сарапшылар тобы ауыл тұрғындары, соның ішінде деструктивті діни ағымдар жолында жүргендермен топтық және жеке кездесулер өткізді. Халықтың түрлі топтарымен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. 6300-ден астам азаматқа экстремизм идеологиясының зияндылығы түсіндірілді. Ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарының аясында бұғаттауға және жоюға жататын 85 заңсыз материалдар анықталғанын атап өткен жөн.
Арнайы шаралар құқық қорғау органдарының өзара әрекеттену іс-қимылын қамтиды. Оның ішінде терроризмге қарсы мінез-құлық пен терроризмнің әрекеті бойынша іс-қимылдарды дамытуға арналған 15 оқу-практикалық сабақтары өткізіліп, оған 4 мыңнан астам адам қатысты.