Ауылдықтарға жәрдем көрсетілді

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асыру аясында ақпараттық топ өз жұмысын ауылдық жерлерде одан әрі жалғастырды.
Байғанин ауданына келген жұмыс тобы апта бойына әлеуметтік мәселелерді ықпалдасып шешуге байланысты кең көлемде түсінік жұмыстарын жүрізді.
Арнаулы жұмыс  тобының құрамына облыстық денсаулық сақтау,  жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының өкілдері кірген.
Мамандардың алғашқы сапары Қызылбұлақ ауылдық округінің Кемерши ауылынан басталды. Тек осы ауылда 16 шара шара өткізіліп, 263 ауыл тұрғынын қамтыды, 61 адам нақты көмек алды.
Облыс орталығынан келген дәрігерлер 81 адамды бақылаудан өткізді. Оның ішінде 64 бала бар. Дәрігерлік тексерудің нәтижесінде 10 бала және төрт ересек адам Ақтөбе қаласына емделуге жіберілді. Бұған қосымша аудандық емханаға жатқызуға жеті балаға кеңес берілді.
Мектептің жоғары сыныбында оқитын елудің үстіндегі оқушыны топтың құрамындағы психолог дәрігер қарады.  Мектеп оқушыларымен  салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында әңгіме өткізіліп, түрлі қауіпті аурулардан сақтану жағдайлары түсіндірілді. Маскүнемдік пен есірткінің залалдары туралы айтылып, осы реттегі проблемалар қозғалды.
Мұнымен бірге, дәрігерлер екпеге баласын бермейтін ата-аналармен түсінік жұмыстарын жүргізді. Мұндай азаматтардың саны бұл елді мекенде сегіз адам болып шықты.
Жұмыс тобы жеке шарбақтарды арнайы аралап, елудің үстінде аз қамтылған отбасыларына, мүгедектер мен жұмыссыздарға жолығып, жеке кездесті.
Бұдан бөлек, ауылда тұратын мүмкіндігі шектеулі 14 тұрғынға кеңестер берді. Соның нәтижесінде олардың алтауы заңға сәйкес өздеріне қарастырылған көмекші құралдарды алатын болды.
Аз қамтылған отбасылармен өз алдына бөлек жұмыстар жүргізілді. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға құжаттар рәсімдеуге кеңестер берілді.
Еңбекке орналастыруға қатысты мәселелерге ерекше назар аударылды. Бұл бағытта 25 адам ақыл-кеңес алды. Көпшілік ауылдықтарға шағын несие алудың жолдары түсіндірілді. Кәсіпкерлерді оқытудың реттері айтылды. Әлеуметтік жұмыс орындары туралы хабарланды. Жастарды өндірістік тәжірибеден өткізу реттері, кәсіптік-техникалық оқытудың мүмкіндіктері сөз болды. Жұмыссыздардың ішінен бес ауыл тұрғыны жұмысқа орналастырылды.
Мұнымен бірге, газ өңдеу зауытының құрылысын жүзеге асыратын «Энергохолдинг-А» өкілдерімен мамыр айының ортасында жұмысқа тағы қосымша ауданның 15 тұрғынын алуға келісім жасалды.
Ауыл тұрғындарына еңбек заңдылықтарының көптеген реттері мен әлеуметтік сақтандыру міндеттері түсіндірілді. Осымен байланысты жұмыс берушілер және қызметкерлермен кездесулер өткізіліп, 23 еңбек шарты жасалды.
Ақпараттық топ мүшелері қайырымдылық шараларын да ұмытқан жоқ. Олардың алған арнаулы шараларының  арқасында, осы ауданда жұмыс істейтін мұнай компанияларының көмегінің нәтижесінде 5 отбасына материалдық көмек көрсетілді.
Ақпараттық топ Байғанин ауданының бес ауылдық округіндегі жиырманың үстіндегі елді мекенді қамтып, аталған шараларға ұқсас қызмет түрлерін көрсетті.