Кәсіпкерлерге тегін кеңес берілді

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізу жөніндегі ақпараттық-насихаттық топ Шалқар ауданында өз жұмысын бастады. 30 сәуір — 4 мамыр аралығында ақпараттық топ аудан орталығы мен ауылдарға барады.
Шалқардағы сапарды топ мүшелері Бершүгір ауылынан бастады. Бірінші топ өкілдері ауылдағы орта мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, 90-ға жуық оқушының қатысуымен «Ерте жүктіліктің, жасөспірімдер арасындағы құқық- бұзушылықтың алдын алу мәселелері» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуді жүргізген Ақтөбе қаласы №5 мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары  Гүлмира Аманғосқызы оқушыларға аталған тақырыпта лекция оқып, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ дінтану пәні мұғалімі Әли Жұбанышов 86 оқушының қатысуымен «Дінді зайырлы таным аясында танып білудің маңыздылығы» атты шара өткізді. Ақтөбе қаласы №52 мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Абзал Балпашев  Бершүгір орта мектебінің сынып жетекшілерімен кездесуде «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» мәселелерін талқылады.
Ауыл әкімдігі ғимаратында өткен кездесуге дін ұстанушылар қатысты. Деструктивті діни ағым ұстанушы бес азамат өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды. Ауылда «Шалқар сазы» атты концерттік бағдарлама өткізіліп, ересектер арасында кіші футболдан аймақтық жарыс ұйымдастырылды. Жалпы алғанда Біршүгірде топ жұмысының алғашқы екі күнінде 5 іс-шара өткізіліп, оған 338 адам қатысты.
Біршүгірден кейін топ мүшелері  Қауылжыр ауылдық округіне барды.  ГКС-12 жалпы орта білім беретін мектебінің 79 оқушысы «Дінді зайырлы таным аясында танып білудің маңыздылығы» тақырыбындағы, ал 35 мұғалімі «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбындағы кездесуге қатысты. Жалпы алғанда Қауылжыр ауылында топ мүшелері 174 адамның қатысуымен үш шара өткізіп, деструктивті діни ағымды ұстанатын бес адаммен жеке кездесу жұмыстарын жүргізді. 60 адамның қатысуымен мекемелер арасында кіші футболдан аймақтық жарыс ұйымдастырылды.
Шалқар ауданы әкімінің көмекшісі Әсет Томанбаевтың айтуынша, 30 сәуір, 1 мамыр күндері діни мәселелер жөніндегі топ мүшелері Шалқар қаласында, Есет Көтібарұлы ауылдық округтерінде болып, 18 деструктивті діни ағым ұстанушының қатысуымен семинар өткізді, теологтар 19 адаммен жеке кездесті. Қорғантұз орта мектебінде ұстаздар мен жоғары сынып оқушыларына жиналыс өткізіп, кездесу соңында «Қара жол» киносы көрсетілді.
«Қорыта келгенде екі күннің ішінде бірінші топ мүшелері 552 адамның қатысуымен 9 іс-шара өткізіп, деструктивті діни ағым ұстанатын 29 адамды жеке қабылдады», — дейді Ә.Томанбаев.
Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді мақсат еткен екінші топ мүшелері Айшуақ, Бозой ауылдық округтеріне ат басын тіреді. Бегімбетте 127 адамның қатысуымен кездесу өткізілді. Сонымен қатар сегіз шаруа қожалығының басшыларымен, кәсіп ашуды ниет етіп жүрген төрт азаматпен жеке кездесулер өткізілді. Бозой ауылдық округінде өткізілген «Кәсіпкерлік ортаны дамыту» туралы кездесуге 217 адам қатысып, қаржы институттары, мемлекеттік органдар өкілдерінің кәсіпкерлікті қолдау туралы лекцияларын тыңдады. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасына» енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік нысандарға инфраструктура тарту мәселелері талқыланды, сондай-ақ, «Несиелендіру кезінде кездесетін негізгі проблемалар және оларды шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өткізілді. Бұл шараларға Бозой ауылында барлығы 200-ден астам адам қатысты.
«Дөңгелек үстелде несие беру шарттары, неие алу жолдары, қажетті несие сомасын есептеу және оны қайтару туралы және бизнес жоспар құру бойынша түсініктер берілді. Округ тұрғындарын, жеке кәсіпкерлерді, шағын және орта бизнесті несиелендіру мәселелері бойынша топ мүшелері 14 адамды жеке қабылдап, олардың мәселелерін шешуге тырысты. Мәселен, ауыл тұрғыны Амандық Жарасовқа кафе ашу үшін несие алу бойынша түсініктер беріліп, несие алуға құжаттары қабылданып, нақты көмек көрсетілді. Жұмыс тобы салынып жатқан кафе ғимаратына барды», — дейді Ә.Томанбаев. 2017 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алып, мейрамхана ашқан жеке кәсіпкер Гүлжан Сакеноваға қосымша қоғамдық монша салуға несиелендіру бойынша кеңес берілді, «Жарас ата» АШК басшысы Н.Әбдіхалықовқа жайылымдық жерлерді суландыру үшін ұңғыма құдық қаздыруына байланысты субсидия алу үшін қажетті құжаттар жинауға, «Ильхам» ШҚ басшысы А.Әбдіхалықовқа, «Отар» ШҚ басшысы А.Ниеталинге жайылымдық жерлерді суландыру мәселесі бойынша ұңғыма құдық қазатын мердігер мекемелермен байланыс орнатып, шартқа отыру бойынша көмектер көрсетілді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек беру, денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінен тұратын үшінші топ Кішіқұм ауылдық округінде 101 баланың денсаулығын тексерді. Нәтижесінде 5 балаға облыстық ауруханаға, 26 балаға  аудандық ауруханаға  жолдама берілді. Медицина мамандары Шалқар ауылдық округінде 50 адамға тегін медициналық көмек көрсетті.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек беру саласы мамандары мүмкіндігі шектеулі, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және аз қамтылған отбасылардың үйін аралап, қайырымдылық көмек көрсетілді.
Аз қамтылған отбасы мүшелерімен кездесулер өткізіліп, екі адамға атаулы әлеуметтік көмек бойынша құжаттар дайындау қажеттігі айтылды, тағы екі адам жұмысқа орналастырылды.