Асанәлі ӘШІМОВ: Ақтөбе өңірінде оң бағаға лайықты істер бар

Белгілі театр және кино актері, ҚР халық артисі Асанәлі Әшімов жуырда Ақтөбеде өткен «Ән дарыған далада, шыңға айналған Астанам» атты республикалық ақындар айтысының қазылар алқасына төрағалық етті. Жалпы, Асанәлі Әшімовті жұртшылық айтыс өнерінің жанашыры ретінде де біледі.
Бұған дейін ол Ақтөбеде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыста да қазылар алқасының төрағасы болған еді. Ал кешегі айтыста ақын Дидар Қамиевке Асанәлі Әшімов атындағы қордың арнайы сыйлығы табысталды.
Айтыс арасындағы үзілістердің бірінде өнер майталманы тілшілер сауалдарына жауап берді. Ол әңгімесін өзінің айтыс өнеріне, қазіргі айтыскер-ақындарға деген көзқарасынан бастады:
— Өз ұлтына жанашыр жандардың қай-қайсысының да айтыс өнеріне бүйрегі бұратын болса керек. Ондай өнер кез келген халықтың маңдайына жазыла бермейді. Жазба ақыннан гөрі, айтыс ақынына табан астынан суырыпсалып айтатын жүйріктік, тапқырлық, ұшқыр ой қажет. Сондықтан айтысты ұлттық өнеріміздің шырқау шыңы деп бағалаймын.Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында халқымыздың бір асыл қазынасы ретіндеайтыстың ортамызға қайта оралғанына қуансақ, қазір ол өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Қазіргі айтыс ақындары ата-бабадан қалған ежел­гі өнерді қайта түлетті, мазмұны жағынан байытты. Соның ішінде, жас айтыскерлердің де аяқ алысы жақсы, шеберлік, жүйріктікпен қоса, халықтың көкейіндегі мұң-мұқтажын жеткізуге, әділетке жақтас болуға деген ұмтылыстары да маған ұнайды. Халық артисі атанған соң, мен сол атты ақтауға тырысып келемін, сондықтан үнемі халықтың сөзін айтып жүрген айтыскерлерді жаныма жақын тұтамын.
Бүгінгі айтыс Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып отыр. Астана — еліміздің жүрегі, бірлігіміздің символы. Ақындарымыз бұл тақырыпты тәп-тәуір аша білді… Еліміздің ең дамыған аймақтары қатарындағы Ақтөбені де келістіріп жырлады. Бәрі де әділдік тұрғысынан айтылды.
— Ұйымдастырушылар, сондай-ақ айтыстың Әбілқайыр ханның 325 жылдық мерейтойына да орайластырылғанын жария етті. Бұл тақырыпқа орай айтарыңыз?
— Әрине, Әбілқайыр ханға қатысты әртүрлі, тіпті бір-біріне кереғар пікірлер де айтылып жүр. Ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнген кезде, Әбілқайыр сол тығырықтан жол іздеді. Ол үшін күстаналай алмасақ керек-ті. Ақындар оның тарихтағы орнына, еліміздің, ұлтымыздың Жер бетінде сақталып қалу-қалмау қаупі төнген шақтағы шешіміне деген өз көзқарастарын жеткізіп жатыр…
— Ақтөбеге жиі келесіз бе?
— Бүгін айтысқа келсем, алдағы мамыр айының басында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық театры ұжымымен бірге гастролдік сапармен тағы келмекпін. Яғни келіп тұрамын… Қала келбеті жылдан-жылға жаңарып, өзгеріп, түрленіп тұр. Келген сайын, өзім куә болған өзгерістерге, жаңалықтарға қуанып аттанамын. Бұрын бос жатқан жерлерге үйлер салынып, әсем ғимараттар бой түзеп, қала жылдан-жылға өсіп келеді. Өткен жылы ғанаӨнер орталығы, «Жұбановтар әлемі» музей-үйі сынды мәдени нысандар бой көтеріпті. Бұл мені ерекше қуантты. Өйткені мұндай нысандар қатарының көбеюі — ұлттық мәдениетіміздің болашағы жарқын болатындығының кепілі.
Мысалы, бір әу­леттен тұтас ұлттың әдебиеті мен өнерінің дең­гейін асқар биікке көтеруге ықпалы тиген төрт бірдей тұлғаның шығуы — әлем бойынша сирек құбылыс. Қазақтың ұлттық кәсіби музыка өнері Ахаңнан, Ахмет Жұбановтан бастау алатыны көзі ашық жанның бәріне белгілі. Ақтөбе топырағы ондай перзентін ерекше мақтан тұтуға құқылы. Ахаңның тәрбиесінмен де көрдім, ол кісі маған тікелей сабақ бермесе де, жүріс-тұрысымен, дуалы сөзімен, еңбегімен, шығармашылығымен үлгі болды. Оны ұстазым деп есептеуге тағы бір себеп,алғаш консерваторияға түсуге келгенімде комиссия мүшелерінің қатарында бо­лып, монологымды тыңдағандығы еді. Ол — әлі өнердің не екенін толық түсіне қоймаған жас кезім. Қо­лы­мды әрі-бері сермеп, әйтеуір шамамның жеткенінше өне­рімді көрсеттім. Сонда комиссия мүшелері арасынан Ахаңның тілектестіктен туған: «Бала әлі жас, үйренеді ғой», — деген бір ауыз пікірі менің студент атануыма септігін тигізген еді. Ахаңның қызы Ғазиза Жұбанова да қайта­ланбас тұлға, ол үлкен шығармалар жазды, кәсіби музыкамен айналысты. Біздің Әуезов театры сахналаған«Қан мен тер», «Ана — Жер-ана» қойылымдарына музыка жазды. Мен Ғазизаның жұбайы, режиссер Әзірбайжан Мәмбетовпен қатар қызмет атқардым. Ол да бір ұмытылмас күндер еді…Рухани жаңғыру дегеніміз — міне, сол Ахаң, Ғазизалардың арман-мұраттарының үзілмеуі, өнердегі сабақтастықты үзіп алмай, болашақ ұрпаққа жалғау.
Бұл бағытта Ақтөбе аймағындаоң бағаға әбден лайықты істер бар. Ол істерге көпшіліктің өзі де куә болып отыр. Ақтөбе өңірін басқарып отырған Берді­бек Сапарбаевты мен төл мәдениетімізге жаны ашитын, әдебиетке, өнерге жақын әрі әрдайым қолдау көрсетуге әзір басшылардың санатынан деп білемін. Ал ондай басшы бар жерде, халықтық өнеріміздің өрісі кеңи түспек.