«Рухани жаңғыру» — барлық жетістіктердің өзегі

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша баспасөз мәслихатын өткізіп, облыста осы бағытта жүргізілген жұмыстар туралы баяндады.— Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданған іс-шараларға сәйкес облыста қарқынды жүзеге асырылуда. Облыс орталығында, барлық аудандарда жобалық кеңселер құрылған. Қазір осы бағдарламаны 4 бағытта жүзеге асырып жатырмыз. Атап айтсақ, «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны». Аталған 4 кіші бағдарлама аясында облыста жалпы құны 12,5 миллиард теңгеге 89 ірі жоба іске асырылып жатыр.Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында облыста «Туған жер» атты республикалық жерлестер форумы өтті. Оған шетелдерден, республиканың әр түкпірінен 300-ден астам жерлестер келіп қатысты. Форум аясында облыстың экономикалық дамуына бағытталған 80 миллиард теңгені құрайтын 20 меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ «Туған жер» форумына келген Ақтөбеден шыққан белгілі дәрігерлер 30-ға жуық күрделі ота жасап, 1500 медицина қызметкерін қамтитын 14 семинар өткізілді. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда, — деді Б.Сапарбаев.Облыс әкімі өткен жылы облыста «Туған жер» форумы аясында «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша жалпы құны 5,7 млрд. теңге тұратын 614 жоба жүзеге асырылғанын, сондай-ақ кәсіпкерлердің қолдауымен облыста 28 сквер мен саябақ салынып, әлеуметтік ғимараттар жөнделгенін атап өтті.Бердібек Машбекұлының айтуынша, биыл облыста «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 2 млрд. 750 млн теңгеге 648 жоба жүзеге асырылмақ.Биыл аталған акция аясында елімізде тұңғыш рет Ақтөбе облысында «Аналарға тағзым» рухани-тәрбие беру орталығының құрылысы басталды. Бұл жоба шетелдерде және республикада тұрып жатқан жерлестер мен жергілікті тұрғындардың қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — тарихта ерлігімен, өнегелі өмірімен танымал болған аналарға тағзым ету, олардың өмір жолын болашақ ұрпаққа насихаттау.Сонымен қатар облыс орталығында жалпы құны 1,2 млрд теңге тұратын Неке сарайының да құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін ғимарат пайдалануға беріледі.
945 БАЛАНЫҢ ЕСЕПШОТЫНА 210 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АУДАРЫЛДЫ
Баспасөз мәслихатында облыс басшысы өңірде «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылған жобалар туралы кеңінен әңгімеледі.— Жуырда облыс орталығында кәсіпкерлікті дамыту аясында әлеуметтік кәсіпкерлік, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағытына арналған үлкен конференция өтті. Оған онға жуық елдің өкілдері келіп қатысты. Мақсат — дін саласында теріс бағыттағы жүрген әйелдерді дұрыс бағытқа түсіру, оларды жұмыспен қамтамасыз ету.Сондай-ақ бүгінгі күні облыста бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде жергілікті кәсіпкерлер мен кәсіпорындар балаларға тәрбие-білім беретін ғимараттарды салып, бірқатар игілікті істер жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, өткен жылы «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының көмегімен облыс орталығында жалпы құны 1,5 миллиард теңге тұратын Шығармашылық академиясы бой көтерді. Бұл орталықта қазір бірнеше бағытта 30-дан астам үйірме жұмыс жасайды, 5 мыңға жуық бала тәрбеленуде. Сонымен қатар облыста бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жалпы құны 1,5 миллиард теңге тұратын 720 орындық Жекпе-жек сарайы салынды. Қазір бұл сарайда халықаралық, республикалық дәрежеде спорттық жарыстар өткізіліп жатыр. Сондай-ақ Ақтөбеде құны 480 миллион теңге тұратын Хоккей модулі салынды. Қазір бұл кешенде 800-ге жуық бала мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, хоккей сияқты спорт түрлерімен айналысуда, — деді облыс басшысы.Бердібек Сапарбаев өз сөзінде облыста жастарға арналған «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығы салынғанын, бүгінде аталған орталықта 111 тәрбиеленуші тұрып жатқанын айтты.Айта кету керек, «Сәби» қайырымдылық қорының қаржысына салынған орталықтың жалпы құны — 1,4 млрд теңге.— алпы облыста жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ерекше қамқорлық жасалып, көңіл бөлінуде. Бүгінгі күні 945 балаға жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қамқоршылар бекітіліп, олардың «Тұрғынүйжинақбанкіндегі» есепшотына 210 миллион теңге қаржы аударылды. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері 25 жетім бала пəтермен қамтамасыз етілді, — деді облыс басшысы.
«БАҚЫТТЫ БАЛА»: 8 БАҒЫТ, 4 МЛРД ТЕҢГЕ
Баспасөз мәслихатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы жыл Ақтөбе облысында Балалар жылы болып жарияланғанын, осы бағытта облыс көлемінде «Бақытты бала» жобасы қолға алынғанын жеткізді.Оның айтуынша, балалардың жарқын болашағын қамтамасыз ететін, олардың шығармашылық қабілеттері мен инженерлік-техникалық ойлауын дамытатын 8 бағыттан тұратын жобаға жалпы құны 4 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ.— «Бақытты бала» жобасы аясында облыста барлық білім беру ошақтары интерактивті құралдармен жабдықталады. «Нектар» арнайы (түзету) балабақшасы, балаларға жыл бойы қызмет ететін 4 оқу-сауықтыру лагері, ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған оңалту орталығы, жазғы «Аквапарк» балалар ойын-сауық орталығы, ІТ– ақпараттық-технологиялық орталығы бой көтеріп, мектеп жанынан 160 ойын, 70-тен астам спорт алаңы салынады.Қазіргі таңда инвесторлармен бірлесіп, жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын 2500 орындық «Мұз айдыны» спорт кешені және жалпы құны 1,5 миллиард теңгеге Теннис орталығы салынып жатыр. Алдағы уақытта жалпы ауданы 8,5 мың шаршы метр болатын «Жеңіл атлетика манежі» халық игілігіне берілмек. Сонымен қатар бүгінгі күні облыс көлемінде жерлестердің қолдауымен құны 348 миллион теңгеге 53 спорт, воркаут, шағын футбол алаңы және хоккей корты салынып, пайдалануға берілді, — деді Б.Сапарбаев.Жиында облыс басшысы биыл «Мен ақтөбелікпін!» өңірлік жастар жобасы аясында 8 бағыт бойынша жұмыс жүргізілетінін, оның ішінде Қытай Халық Республикасында, Ресей Федерациясының Мәскеу, Орынбор, Қазан қалаларында, сондай-ақ еліміздің Астана, Алматы, Орал, Қарағанды қалаларында оқитын ақтөбелік жастармен кездесулер өткізілетінін атап өтті.Баспасөз мәслихатында сондай-ақ облыс әкімі «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында өңірде мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру мәселесіне қатысты 10 мыңнан астам адамды қамтыған кездесулер ұйымдастырылғанын, бұл бағытта облыс орталығында бірқатар халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілгенін атап өтті.
АЙҚЫН БАҒЫТ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС
Бердібек Машбекұлы өз сөзінде облыста «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.— Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның киелі орындарының географиясын» жасауды тапсырған болатын. Осыған орай «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына Ақтөбе облысынан 10 тарихи ескерткіш енді. Олардың дені қайта жарақтандырылды.«Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында өткен жылы Ақтөбе облысында жалпы құны 1,5 миллиард теңге тұратын, елімізде теңдесі жоқ 1200 орындық концерт залы бар Өнер орталығы салынып, пайдалануға берілді. Бүгінге дейін бұл орталықта Франция, Италия, Ресей елдерінен келген және қазақстандық әншілердің шығармашылық кештері, концерттік бағдарламалары өткізілді. Сонымен қатар былтыр ағайынды Жұбановтардың музыка саласындағы жетістігі мен осы әулеттің тарихына арналған құны 300 миллион теңге тұратын «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйі ашылды. Ал биыл жеке кәсіпкердің қолдауымен облыстық тарихи-өлкетану музейі пайдалануға беріледі, — деді Б.Сапарбаев.Айта кету керек, өткен жылы «Рухани қазына» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылған.Бұдан кейін облыс әкімі облыста «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы бойынша облыста кәсіпкерлерді тарту мақсатында арнайы сайт ашылғанын, «100 жаңа есім» жобасы аясында бес ақтөбелік үздік атанғанын жеткізіп, осы бағытта жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.Баспасөз мәслихатында Бердібек Машбекұлы Елбасының биылғы халыққа арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде айтылған негізгі мәселелерге де тоқталды.Оның айтуынша, биылғы жылы облыста 870 мың шаршы метр немесе 8 мың пәтерлік тұрғын үй салу міндеті тұр. Алайда бұл әлі жеткіліксіз. Себебі бүгінгі күні 28 мыңға жуық ақтөбеліктің өз баспанасы жоқ, оның ішінде 21 мыңнан астамы облыс орталығында тұрады.Бердібек Сапарбаев «7-20-25» бағдарламасы аталған мәселені шешуде оң серпін беретінін айтып, алдағы уақытта облыста бұл бағытта қарқынды жұмыстар атқарылатынын жеткізді.Облыс әкімі сондай-ақ облыста жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту және елді газбен қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталып өтті.— Бүгінгі күні облыста 22 800 жас жоғары оқу орындарында оқиды. Оның 30 пайызы мемлекеттік грант бойынша білім алуда. Ал жатақханамен қамту мәселесіне келсек, алдағы уақытта Ақтөбеде 2784 орынға арналған 10 жатақхана тұрғызылады. Ал шағын несие беруді көбейту бағыты бойынша өткен жылы облыста 3,1 миллиард теңгеге 668 шағын несие берілді. Биылғы жылы да осындай көрсеткішке қол жеткізу міндеті тұр, — деді Б.Сапарбаев.Өз сөзінде облыс басшысы қазір облыстың 88 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілгенін, алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру көзделіп отырғанын жеткізді.
САУАЛДАРҒА ЖАУАП БЕРДІ
Баспасөз мәслихатының екінші бөлімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.— Осыдан 6 жыл бұрын «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында мемлекеттік бағдарлама аясында пайдалануға берілген тұрғын үйдің шатырынан бүгінде су кетіп жатыр. Осы мәселеге байланысты облыста қандай жұмыстар жасалып жатыр?— Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы шатырынан су аққан үйді мен жақсы білемін. Оны мердігер компания жөндеуі керек. Бұл мәселеге байланысты жуырда жиын өткізіп, басқарушы және мердігер компаниялардың басшыларына тапсырма берілді. Бұл жағдай алдағы уақытта бақылауда болады.— Өткен жылы Ақтөбеде көктемгі су тасқыны кезінде 579 саяжайлық үйді су басты. Үйлері суға кеткен тұрғындарға қандай көмек көрсетілді?Биыл мұндай қауіп жоқ па?— Биылғы жылы өткен жылмен салыстырғанда қардың қалыңдығы, көлемі едәуір аз. Бүгінге дейін су тасу қаупіне байланысты барлық шаралар қабылданды. Қазір ешқандай қауіп жоқ. Ал өткен жылы болған су тасқыны жағдайына келсек, былтыр қардың қалыңдығы мен ауа райының күрт жылынуына байланысты бірқатар аумақтарды су алғаны белгілі. Алайда су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтардың барлығына жан-жақты көмек көрсетілді. Атап айтсақ, республикадағы, облыстағы кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың көмегімен 22 отбасыға пәтер, 111 отбасына жер телімі берілді. Сондай-ақ «Қолғанат-Ақтөбе» қорынан барлық тұрғынға үй салу үшін құрылыс материалдарын алуға қаржылай көмек көрсетілді.— Облыста туризм саласын дамытуға байланысты қандай жұмыстар қолға алынуда? Ақтөбелік әнші Димаш Құдайбергеннің концертіне сырттан келетін туристерге, қонақтарға қандай жағдай жасалады? — Бүгінде облыста туризм саласын дамытуда «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енгізілген 10 тарихи ескерткішті айрықша айтуға болады. Қазір киелі орындар тізіміне кірген осы ескерткіштерді қамтыған арнайы сайт жұмыс жасайды. Басқа елдерге барғанда біз осы қасиетті орындарды насихаттап жүреміз. Бұл бағытта қазір облыста бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Қонақ үй салу, туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсету, қауіпсіздік мәселелерін қамтып жатырмыз.Ал жерлесіміз, талантты әнші Димаш Құдайбергеннің есімін бұл бағытта тиімді пайдалануымыз керек. Биыл 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнінде Ақтөбе қаласында Димаш Құдайберген шетелдік әншілердің қатысуымен үлкен концерт өткізеді.— Биыл Ақтөбе облысы Астананың 20 жылдығына орай қандай іс-шаралар өткізеді немесе қандай жоба әзірленуде?— Елбасы тапсырмасына орай Астананың 20 жылдығына өзге өңірлер секілді Ақтөбе облысы да өз үлесін қосып жатыр. Атап айтсақ, біздің облыс Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің ортасында «Бейбітшілік қақпасы» монументін тұрғызуда. Сондай-ақ биыл Астананың 20 жылдығына орай мамыр айында «Орынбор-Ақтөбе-Қызылорда-Алматы-Астана» маршруты бойынша автокеруен ұйымдастырылады.
***
Баспасөз мәслихатының соңында облыс әкімі журналистердің дін, жұмыспен қамту, лифт шаруашылығы, браконьерлік, т.б. мәселелерге қатысты қойған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.Айта кету керек, баспасөз мәслихаты аясында «Қазмедиа» орталығының брінші қабатында көрме ұйымдастырылып, оған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге тағзым», «Бақытты бала», «Аналарға тағзым» жобаларына арналған кітаптар мен журналдар, баспасөз материалдары, сондай-ақ Ақтөбе облысының 85 жылдығына арналып шығарылған «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалығы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Жұбанов кітапханасы» сериясы бойынша жарыққа шыққан он томдық кітап қойылды. Көрмені Ақтөбеден шыққан белгілі азаматтар мен журналистер тамашалап, өз әсерлерімен бөлісті.— Бұл көрмеге «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енгізілген 10 тарихи ескерткіш пен облыстық маңызы бар 34 ескерткіштің макеті қойылып отыр. Сонымен қатар облыс орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынған әлеуметтік ғимараттардың да макеттерін көруге болады.Жалпы бұл көрмеде аталған бағдарламаның 4 кіші бағдарламасы аясында облыста бір жыл бойы ұйымдастырылған іс-шаралар жөнінде толық ақпарат алуға болады, — дейді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің «Рухани қазына» кіші бағдарламасының бас менеджері Айнұр Мақсатқызы.