Ақтөбеліктердің Ақжайыққа сәлемі

«Мен ақтөбелікпін» жобасы бойынша Орал қаласында Ақтөбе жастарының күндері өтіп, мәдени-сауықтық бағдарлама ұсынылды, сондай-ақ кездесулер ұйымдастырылды. Бұл — Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған шара.
 Үш бағыт — бір көрме
Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғимаратында Ақтөбенің бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін көрме ашылды.
Аталған жоғары оқу орнының фойесінде өткізілген мәдени шара барысында соңғы жылдары Ақтөбеде шығарылған кітап-журналдардың, пайдалануға берілген әлеуметтік ғимараттардың макеті, сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілердің өнімі таныстырылды.
— «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Киелі жерлер географиясы»,  «Жүз жаңа есім» атты арнайы жобалары бойынша өңірімізде нендей іс-шаралар атқарылды, соны мейлінше жан-жақты көрсетуге тырыстық. Бұл мақсатта әр жоба бойынша кемінде 10-12 кітапты көрмеге қойып, келушілерге оның шығу тарихы, мазмұны жайлы хабар бердік. Сонымен қатар, «Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалығы, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін әкелдік. Ақтөбе туралы фотоальбомдар мен дискілер, аудандардың хал-ахуалынан хабар беретін жинақтар да бар.
Мұнымен бірге, көрменің екінші бөлімінде облысымызда соңғы бір жылда пайдалануға берілген ғимараттардың мекеті қойылды. Айталық, Оралда оқитын жастар Өнер орталығы, Шығармашылық академиясы, «Жұбановтар әлемі», Жекпе-жек сарайы сынды ғимараттардан бөлек, қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан «Аналарға тағзым» орталығы мен облыстық музейдің макетін көруге мүмкіндік алды. Бұның бәрі, айналып келгенде, Ақтөбеге жолы түсе бермейтін жұртшылықтың танымын кеңейтіп, олардың біз туралы мол мағлұмат алуына сеп болады, — дейді облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері Нұрлыхан Хасенов.
Көрмеде ақтөбелік тауар өндірушілердің өнімі де ұсынылды. Сүт өнімдерін шығаратын компания мен жылыжай кешенінің өкілдері Ақжайықтағы қыз-жігіттерге өздерінің жұмысы туралы айтып берді.
17 жасқа шәкіртақы берілді
Негізгі шара — Батыс Қазақстан облысында оқитын ақтөбелік студенттермен кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен басқармалардың мамандары қатысты. Артынша жеке қабылдау жүргізілді.
Жиында алғаш боп сөз сөйлеген Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Асқар Наметов өзі басшылық ететін жоғары оқу орнында білім қуып келген ақтөбеліктердің қатары мол екенін, олардың басым көпшілігінің оқу үлгерімі үздік екенін атап өтті.
— Университет ұжымы атынан жерлестеріңізді осылай іздеп келіп, арнайы кездесу өткізіп жатқандарыңыз игілікті іс. Бұны, бір жағынан, жастарды қолдау деп түсінемін. Әрі осы шара олардың алдағы өмірінің дұрыс қалыптасуына игі әсер ететініне сенімім кәміл. Өйткені Ақтөбеден әртүрлі сала өкілдері келіп, өздеріне қандай маманның қажет екенін айтқалы отыр. Бір сөзбен айтқанда, студенттерге өз елінде іздеушісі бар екенін, алғыр жастарға орын табылатынын білдіріп жатырсыздар. Бұл мүмкіндікті шараға қатысушылар мүлт жібермей, оңтайлы пайдалана білу керек, — деді.
Одан соң Бұлбұл Елеусінова облыстың даму қарқыны, әлеуметтік-экономикалық өзгерістері туралы айта келе, кездесудің басты мақсатына тоқталды:
— Өткен жылдан бері бізде «Мен ақтөбелікпін» деген жоба өз бастауын алды. Оған алдымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негіз болды.
Бүгінгі күні Ақтөбенің 8 мыңға тарта студенті еліміздің алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Соның бірі — осы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті.
Осындағы ақтөбелік студенттермен кездесіп, сұрақтарға жауап беру — негізгі мақсат. Сіздерге қолымыздан келгенше көмегімізді көрсеткіміз келеді. Ең бастысы, дипломдарыңызды алған бойда елге оралып, «Мен ақтөбелікпін» деген ұранды басшылыққа алып, облыстың дамуына өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз.
Өңірдің 24 пайызын жастар құрайтынын ескерсек, олар қоғамның қозғаушы күші екені даусыз. Оларды жұмыспен қамту — өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан бүгінгі кездесуге ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту салаларының өкілдері арнайы келіп, сіздермен пікір алмаспақ.
Ақтөбелік жастарға кездесуге келіп, уақыт бөлгені үшін ризашылығымды білдіремін. Облыс басшылығы атынан осы шараны ұйымдастырған оралдық әріптестерге, университет басшылығына да алғыс айтамын, — дей келе, Оралдағы үш жоғары оқу орнында, атап айтсақ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті және Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінде ақылы негізде білім алып, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген 17 ақтөбелікке бір реттік шәкіртақыны табыстады. Оның мөлшері — 20 мың теңге.
Мұндай марапатқа ие болғандардың бірі — М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Ақтілек Рамазанова. I курста оқитын бойжеткен:
— Мен жүрек қалауыммен осындағы музыкалық білім мамандығына оқуға түстім. Университеттегі жағдай, жалпы қаладағы тұрмыс маған ұнайды. Оқуымды тәмамдап, қолыма дипломымды алған соң, міндетті түрде Ақтөбеге оралып, шәкірт тәрбиелегім келеді. Менің басты арманым сол. Маған осылай құрмет көрсетіп, шәкіртақы беріп жатқан атқарушы билік өкілдеріне алғысымды айтамын. Бұл да болса, бұдан да жақсы оқып, маған артылған сенімді ақтауға сеп болмақ, — деп ағынан жарылды Ақтілек.
Кездесу соңында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сонымен қатар ауыл шаруашылығы басқармаларының мамандары, аудан әкімдерінің орынбасарлары студенттерді жеке сұрақтары бойынша қабылдап, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
— Жеке қабылдауға 4 адам келді. Олардың барлығы жазғы демалыс уақытында жұмыс істеуге, осылайша, ата-анасына көмектесуге ниетті екен. Мен «Жасыл ел» жобасы туралы мәлімет беріп, кез келген уақытта аудан әкімдігіне жолығып, уақытша жұмысқа орналаса алатынын айттым. Біз оларды қай кезде де қолдауға әзірміз, — дейді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Мүлкаев.
Айта кетейік, шара барысында болашақ мамандарға «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» бағдарламалары туралы ақпарат беріліп, жастардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бойынша сала маманы Айгүл Дүйсенова «Freshbiz» ойынын өткізді. Бос уақытты қайткенде тиімді өткізуге болатыны жайлы секциялық отырыстар да ұйымдастырылды.
Шығармашылық ұжымдардың шашуы
 
Орал қаласындағы Ақтөбе жастарының күндері аясында көрермен қауымға спектакль мен гала-концерт ұсынылды.
Құрылғанына екі жыл толған «Кемал» жастар театры А.Островский атындағы драма театр залында «Өмір-өзен» пьесасын сахналады. Авторы — қырғыз драматургі Мар Байжиев. Туынды тұрмыстың тауқыметін көтере алмай, бай-бағландардың қолжаулығына айналған жас қыздың тағдыры жайлы өрбиді. Театрдың көркемдік жетекшісі Елтай Кемал сол арқылы қоғамдағы келеңсіздіктерді көрсетуге тырысқанын баян етті:
— Бұл ертеректе жазылған пьеса болғанымен, онда көтерілетін мәселелер әлі де өзекті. Әуелгі атауы — «Жекпе-жек». Біз өзімізге қарай бейімдеп, атауын өзгертіп, басқаша формада қойдық. Ыстықкөлдің жағасында болған оқиға қамтылған пьесада қорғансыздың күні басты негізге алынған. Меніңше, пьесадағы Нәзи атты кейіпкердің басындағы жағдай әлі күнге қоғамда кездесуі мүмкін, — дейді.
Бүгінгі таңда «Кемал» жастар театрының репертуарында үш қойылым бар. Ал труппада 16 жас актер ойнайды.
Сонымен бірге, жастар күндері аясында  облыстық филармония мен өңірдегі өнерлі студенттердің қатысуымен гала-концерт өтті. Кеште дәстүрлі, қазақ композиторлары мен халық әндері және дүниежүзіне белгілі шығармалар орындалып, артынша «Ақжайықтың құтты мекен — Ақтөбеге ақ тілегі» атты тілектер тақтасына көрермендер өздерінің лебіздерін қалдырды. Туған жерге деген сағынышы болар, жастар тақтаның ең жоғарғы жағына ауылдарының атауын жазып жарысты. Осылайша, ыстық ықыласын білдіргендер қатары мол болды.
Жастар орталықтарын аралады
Ақтөбөлік делегация сапар барысында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқитын студенттердің жатақханаларына да барды.
Әрқайсысы бірнеше қабаттан тұратын қос жатақхананың материалдық-техникалық базасы көңіл қуантарлық. Жастардың алаңсыз демалуына, бос уақытын тиімді өткізуіне бар жағдай жасалған.
— «Мен ақтөбелікпін» акциясы аясында әр ауданнан жиналған жастар ресурстық орталығының қызметкерлері болып жатақханалардағы ақтөбелік қыз-жігіттермен кездесіп отырмыз. Олардың жатын орны талапқа сай екен. Өздерінің тарапынан да ол жағынан арыз-шағым жоқ. Бұл бізді қуантады, әлбетте, — дейді Алға аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Рауан Сейіт.
Сондай-ақ Ақтөбеден аттанған топ Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайына барып, ондағы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығының жұмысымен танысты. Және XVIII ғасырда салынған Емельян Пугачевтің музей-үйіне де соқты.
P.S. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында 713 ақтөбелік студент білім алады екен. Оның 160-ы биыл оқуын тәмамдағалы отыр. Солардың барлығы «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, «Мен ақтөбелікпін» жобасына атсалысты. Жерлес жастарымыздың бірлігін одан сайын арттырған осындай шара алдағы уақытта еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ. Өйткені болашақ — солардың қолында!