Астанада Мемлекеттік рәміздер мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті

Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомствоаралық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға байланысты атқарылып жатқан ақпараттандыру жұмысы туралы баяндап берді.
Отырыс барысында сондай-ақ, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі есептері тыңдалды.
Сонымен қатар жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері саласындағы нормативтік-құқықтық актілерін жетілдіру мәселелері қаралды.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік органдардың басшыларына Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау мәселелері, сонымен қатар осы саладағы заңнамаларды сақтау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.