Үздік оқырманға сертификат табысталды

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асырып жатқан ақпараттық жұмыс тобының мүшелері Ақтөбе қаласының Бауырластар-2 және Сазды елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті.
Топ құрамында облыстық ішкі саясат басқармасы талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Бахыт Айдосов, ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, білім саласының еңбек ардагері Камалхан Қуанов және философия ғылымдарының магистрі Самат Күміспаевтар болды.
Тұрғындармен болған кездесулерде топ мүшелері тарапынан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіп жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы, «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және тағы да басқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар облыста «Туған жерге тағзым», «Аналарға тағзым» және «Бақытты бала» жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде, сонымен қатар қоғамдық саяси тұрақтылық мәселелері төңірегінде әңгімелер айтылып, тұрғындар тарыпынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Жоба аясында мемлекеттік бағдарламаларға орай дайындалған әдістемелік құралдар таратылып, тұрғындардың қоғамдық саяси жағдайын бақылау мақсатында әлеуметтік сауалнамалар жүргізілді. Сондай-ақ елді мекендердің үздік оқырмандарына облыстық және республикалық баспа құралдарына тегін жазылу сертификаттары табысталды.