Ақтөбе облысының экономикасы биыл тұрақты өсімді көрсетуде

19 шілде күні Ақтөбе облысы активінің отырысында өңірдің биылғы жарты жылдық ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.
Отырыс жұмысына облыс әкімі Б.Сапарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер, мемлекеттік органдар мен мекемелердің, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, кәсіпкерлер және т.б. қатысты.
Есептік кезең ішінде Ақтөбе облысы қарышты дамуын жалғастырды. Елбасының, ҚР Үкіметінің қолдауы арқасында Мемлекет Басшысының экономиканың 5 пайыздық өсіміне қол жеткізу тапсырмасы орындалды.
Облыс әкімінің орынбасары О.Смағұловтың баяндамасына сәйкес өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,1%, ауыл шаруашылығы - 4,7%, құрылыс - 8,8% құрады. 276 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылғы осындай кезеңнен 13,9% көп.
Әрекет етуші ШОБ субъектілері 5,6% көбейді. 9,6 мың жұмыс орны құрылды. Негізгі капиталға түсетін инвестиция көлемі 190 млрд теңгені құрап, 10,6% өсті.
Жыл қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің кем дегенде 2,5 триллион теңге деңгейіндегі оң динамикасы күтілуде. Бұдан басқа, осы жылы өңір экономикасына бюджет қаражатынан тыс 32 млрд. теңге (2017 ж. – 29 млрд. теңге) тарту, жалпы сомасы 56 миллиард теңгеге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің 128 жобасын жүзеге асыру жоспарда бар. Отырыс кезінде экономиканың әрі қарайғы резервтеріне басымдық берілді. Олардың қатарында әрекет етуші кәсіпорындарды барынша жүктеу және жаңғырту, бос кен орындарының әлеуетін пайдалану, мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларын, фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту, шикізаттың қайта өңделуін қамтамасыз ету, бизнес жағдайын одан әрі жақсарту, құрылыста заманауи энергия үнемдеуіш технологияларды қолдану, облыстың экспорттық әлеуетін көтеру және т.б. бар. Отырысты түйіндеген облыс әкімі азаматтық қоғамды Мемлекет Басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін бірігіп жұмыс істеуге шақырды.