Көшпелі экспедиция Ақтөбеге келді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбеге Жетісу өңірінен бір топ журналистер мен блогерлер келді. Олардың қатарында Алматы облысының ішкі саясат басқармасы, өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері, Алматы облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газетінің, «Жетісу» телеарнасының, сондай-ақ қалалық «Талдықорған» газетінің тілшілері, фототілшілері мен операторлары бар.
Ақпарат құралдары өкілдерін Ақтөбеге сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қабылдады. Бұл шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, «Ақтөбе-Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиндер де қатысты.
Кездесу барысында Ербол Нұрғалиев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде облыстағы әлеуметтік сала бойынша тұрғызылып жатқан жаңа нысандарға ерекше тоқталды. Елбасының өзі «Құтты мекен Ақтөбе!» деп ат қойып, айдар таққан киелі жердің тарихи, мәдени, табиғи орындарымен танысу, өңірде жасалып жатқан жұмыстар туралы толығырақ ақпарат алу мақсатында келген қонақтар да өз кезегінде ақтөбеліктерге алғысын айтты. «Жетісу» газетінің тілшісі Ришат Тұрғанбайдың айтуынша, журналистер тобы бұған дейін Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстанға барған.
— Ақтөбе облысы — батыстағы ең үлкен аймақ. Тарихы да терең, табиғаты да бай. Соңғы жылдары облыста іргелі жұмыстардың жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат құралдарынан оқып, біліп отырмыз. Ақтөбе қаласында керемет ғимараттар салынған, Өнер орталығы, Жұбановтар әлемі, Аналарға тағзым, Шығармашылық орталығы, Жекпе-жек сарайы, тағы да басқа құрылысы жүргізіліп жатқан нысандар соның айғағы. Екі күндік сапарымызда тек облыс орталығында ғана емес, аудандарға баруды да жоспарлап отырмыз. Біздің оқырман үшін қызықты, пайдалы мағлұматтар алатынымызға кәміл сенеміз, — деді Ришат Тұрғанбай.
Кездесу барысында «Ақтөбе-Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сөз алып, биыл бір ғасырлық тойын тойлап отырған «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінің мерекесімен құттықтады.
— Ақпарат құралдары өкілдерінің өз қазанында қайнай бермей, ел аралап, жер көргені өте дұрыс. Біздің серіктестік құрамындағы облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері де үнемі экспедицияларға шығып тұрады. Мысалы, өткен жылы қазақтың алғашқы астанасы Орынборға, одан кейін Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласына экспедицияға барды. Жақында Астананың 20 жылдығына және облыстық «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығына орай «Ақтөбе Медиа» серіктестігінің «Арайлы Ақтөбеден — Айбынды Астанаға!» автоэкспедициясы ұйымдастырылды, — деді ол.