Туған жерге тағзым: Бұл — әркімнің де парызы

Елбасының «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ақтөбе жерінде көптеген жобалар жүзеге асырылғаны көпшілікке белгілі. Біз осы бағыттағы әңгімені кеңінен өрістетіп, жалпы акцияның танымдық-патриоттық мәні, адамдардың туған жерге, атамекенге құрметті, өткізіліп жатқан шаралардың тәрбиелік-тағылымдық сипаты төңірегінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусіновамен сұхбаттасқан едік.
— Бұлбұл Ораққызы, республикалық «Туған жер» форумының осы елден шыққан азаматтар арасында үлкен серпіліс туғызғанын білеміз. Бұл жиынның ұйымдастырылғанына да біраз уақыт өтті. Нақты нәтижелер туралы айтып бере аласыз ба?
— Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жер» форумының танымдық-тағылымдық маңызы зор екенін баса айтуымыз керек. Кім болса да өзі дүниеге келіп, білім алған, жетілген мекенін ұмыта алмайды. Қайда жүрсе де көкейінде атойлап тұрады. Сондай-ақ сол ыстық ұяға бір жақсылық жасасам, қолдан келген көмегімді көрсетсем, өсіп-өркендеуіне үлесімді қоссам деген ой әркімде де болары анық.
Ақтөбеде өткен жиынға 200-ден астам жерлестеріміз қатысты. Бүгінде солардың елуге жуығымен байланыс орнатылуда.
Ең басты атап айтарлығы — жерлесіміз біздің ұсыныстарымызды оң ниетпен қабыл алды, ортақ іске ынталылығын білдірді, тың идеяларын ұсынғандар да болды. Туған жерді көркейтуге бәріміз де мүдделі болуымыз керек. Көпшіліктің осындай ойда екенін біз анық байқадық.
Облыстың барлық аудандарында осы бағыттағы жұмыстар мақсатты түрде жүргізіліп жатыр. Бюджеттен тыс қаржыға мектеп, балабақша, жолдар жөнделіп, оқу ғимараттарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, кәсіпкерлер жерлестеріне қолдау көрсетуде.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыс бойынша жыл жоспарына сәйкес 3 миллиард 61 миллион теңгенің 713 жобасы енгізілген.
Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 832,4 миллион теңге құрайтын 405 жоба жүзеге асты. Нақты нәтижелер бар, оның бірсыпырасын көпшілік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп те жатыр.
— Жекелеген азаматтардың игілікті істері туралы айтып берсеңіз.
— Оның барлығын бірдей тізбелеп айту мүмкін болмас. Сондықтан бірқатар деректерді келтіре кетейін. Байғанин ауданының перзенті Нұрнияз Мұқанов ауданда бой көтеріп жатқан құрылыстардың біріне 1 миллион теңге қаражат бөлді, Филология ғылымдарының докторы Тыныштық Ермекова Т.Жармағанбетов атындағы орта мектепті бітірген оқушыға 500 мың теңге шәкіртақы тағайындады, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Байғанин ауданының Құрметті азаматы Қажығали Мұхамбетқалиұлының қатысуымен мәдени шара өтті, Жарқамыс ауылында Нұрболат Абдуллин мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізіп, мерекелік кеш ұйымдастырды.
Бұл — бір ғана Байғанин ауданына қатысты шаралар. Басқа өңірлерде де осындай оң қозғалыстар бар.
Мәселен, Шалқар ауданында белгілі нейрохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті, Шалқар №1 мектеп-гимназиясының түлегі Серік Ақшолақовпен кездесу өтті. Бұл азаматтың облыстың медицина саласына жасап жүрген қамқорлығы, материалдық қолдауы ерекше атап айтуға тұрарлық.
Бүгінде Ақтау қаласында тұратын Берік Әуезханов Тоғыз ауылдық округінде спорт алаңының құрылысын жүзеге асырды, бұл шараға 8 миллион теңге қаржы жұмсалды.
«ВелТоргАктобе» ЖШС басшысы Венера Ережепованың демеушілігімен 4,5 миллион теңгеге Бестамақ ауылдық округінде «Go-Working» орталығы ашылды.
Хромтауда «Восход-Ориел» ЖШС басшысы С.Ибатовтың демеушілігімен Оңғар орта мектебінің сырты 10 миллион теңгеге саидинг материалымен қапталды.
— «Туған жер» акциясы аясында облыс орталығында көптеген шаралар қолға алынғанын көріп жүрміз. Оқырмандарымыз үшін осы жайлар туралы кеңірек айтып берсеңіз.
— Ақтөбе қаласында барлығы 974 миллион 432 мың теңге құрайтын 36 жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Оның ішінде 13 жоба абаттандыру, 10 жоба мәдениет, 9 жоба білім, 4 жоба спорт саласына бағытталған.
Қазіргі уақытта 358 миллион 411 мың теңгені құрайтын 28 жобаның жұмысы жүзеге асырылды. Олардың қатарында 12-ықшам ауданындағы «Ауылшаруашылық саябағын» айтуға болады. Бұл жұмысты«АкТеп» ЖШС ұжымы атқарды.
Ә. Молдағұлова даңғылында 2 миллион 400 мың теңгеге шағын архитектуралық нысандар орнатылды. Тургенев көшесінде 7 аялдама салынды. Құрашасай ауылында құны 40 миллион теңгеге балабақша салынды. «Мейірім» жастарды оңалту орталығы алаңында субұрқақ іске қосылды. №6 Ғ. Ақтаев атындағы орта мектептің 80 жылдық мерейтойына мектеп түлектері 1 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жасатты. Қарғалы ауылында балалар спорт алаңын салу жүзеге асты.
«Аналарға тағзым» үйінің құрылысы аяқталды. Өнер орталығы ғимаратында жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Әбілқайыр көшесіндегі жерасты өтпежолын жарықтандыру және жөндеу жұмыстары атқарылды.
Осы шаруалардың барлығын қолға алған жеке кәсіпкерлер, мекемелер тұрғындардың игілігі үшін қызмет ететін жобаларды ынталылықпен орындады, олардың қай-қайсысына да алғысымыз шексіз.
— Шалғай аудандарға шара шапағаты қалай тиюде?
— Теміржолдан шалғай саналатын Ойыл ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биылғы жылы 26 жоба іске асырылды. Олардың жалпы құны — 37 миллион 590 мың теңге. Бүгінгі күні құны 2 миллион 720 мың теңге тұратын 5 жоба жүзеге асырылуда.
Атап айтсақ, «Анвар» ЖШС бас директоры Талғат Салфиковтің демеушілігімен ауданда 7 миллион теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік үй ғимараты жөнделді. Ойыл қазақ орта мектебінің, Ш.Бекмұханбетова атындағы мектеп-гимназияның материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен Шегенбай Ержановқа Ақтөбе қаласынан 3 бөлмелі пәтер алуға көмек көрсетілді.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында белгілі кәсіпкер, «Дина» сауда жүйесінің директоры Асхат Қабиев Саралжын ауылдық округінің жастары мен мектеп оқушыларына арналған заман талабына сай жасақталған шағын футбол алаңын салып берді. Сонымен бірге Сарбие ауылдық округінің 1980 жылы туған азаматтары мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай 3 миллион теңге қаржы жинап, мектеп оқушыларына шағын футбол алаңын сыйға тартты. Шағын алаң алдағы уақытта аудан әкімдігінің қолдауымен жасанды төсенішпен жабдықталмақ.
Сонымен қатар аталған акцияға аудандағы орта мектептерді әр жылдары бітірген түлектер атсалысты. Олар өздері оқыған мектептерді жөндеуге, басқа да әлеуметтік ғимараттардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға өз үлестерін қосып, демеушілік көрсетті.
Ырғыз ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биылғы жылы 122 миллион 500 мың теңгеге 52 жоба жүзеге асыру көзделді.
Ырғыз ауылының оңтүстік-батысында «Арыстар» аллеясын жасақтау — басты шаруалардың бірі. Сондай-ақ Ибрагим Сәрсенбаев басқаратын «Наурыз-СИМ» ЖШС балалар спорт алаңын салу міндетін мойнына алды.
Жергілікті кәсіпкер, «Берекет-2012» ЖШС төрағасы Ерік Үдербаев 3 миллион теңгеге балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан спортшыларға жуынуға арналған бөлме салды. Жерлестер және ауыл кәсіпкерлері тарихи тұлға Жаныс бидің кесенесі мен Жаныс би ауылындағы қорымды қоршады. «Старт» күзет фирмасының директоры Арман Тәңірбергенов 2 миллион теңгеге Ырғыз аудандық орталық ауруханаға бейнебақылау қондырғылары және өрттен сақтандыру құралдарын орнатты. «Алтын-Әсел» ЖШС төрағасы Хамит Өтеуұлы Қарақұдық негізгі мектебі мен интернатқа 1.8 миллион теңгеге кеңсе жиһаздары мен жабдықтар алып, «Демалыс алаңын» жасады.
— «Туған жер» акциясына шығармашылық жұмыспен айналысатын адамдардың көбірек қатысуы байқалады. Енді осы тұрғыдан әңгіме өрбітсеңіз.
— Оныңыз рас. Темір қаласы, Кеңқияқ, Шұбарқұдық ауылдарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің бас бишісі Əсел Əлібекованың жеке шығармашылық кештері өтті, әнші Жадыра Арыстанова мерекелік кеш өткізді, «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сәния Бектенғалиева тақырыптық кеш ұйымдастырды.
Мәртөк ауданында жазушы Рауль Мирхайдаров музейге өзінің коллекциясынан картиналар, кітаптар, экспонаттар, фото-альбомдар, газет-журналдар, сыйға тапсырды.
Ырғыз ауданының перзенті Сұңқар Қарабалин көрнекті мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің ескерткіш-мүсінін жасатып берді.
Әйтеке би ауданының Комсомол және Қарабұтақ елді мекендерінде атақты күйші Тұрар Әліпбаевпен кездесулер, шеберлік кластары өткізілді.
Ырғыз ауылында «Азия дауысы» халықаралық байқауының жүлдегері Аллаберген Жақсыбаев «Мереке күніңмен» атты тегін концерт берді.
Мәртөк ауданында композитор Құрманбай Ағынбайұлы «Жаса, Мәртөк», «Здравствуй, Мартук» әндерінің тұсаукесерін жасады.
Ұлттық консерватория оқытушысы, жетіген мектебінің жетекшісі Нұргүл Жақыпбек Қобда аудандық балалар музыка мектебіне жетіген, су ағаш, асатаяқ, ортеке, сыбызғы, саз сырнай, құс сайрауық аспаптарын сыйлап, мұғалімдерді бір апта тегін оқытты.
Міне, осының барлығы адамдарға рухани қуат берді, жақсы істерге жігерлендірді.
— Аудандарда өткізіліп отырған осындай форумдар туралы не айтар едіңіз?
— Мұғалжар ауданында Астана, Алматы, Атырау өңірлерінен, Ресей, Түркия, Германия мемлекеттерінен келген жерлес түлектердің қатысуымен өткен форумда 40 миллион теңгенің меморандумы жасалды.
«Шұғылалы Шалқарым» атты жерлестер форумына республика аумағында қызметте жүрген 140 аудан түлектері қатысып, форум аясында «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша жеке кәсіпкер Бердібек Шәкірбекұлы құны 50,0 миллион теңге тұратын «Жастар сарайын» салуға келісімшартқа отырды. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке кәсіпкер А.Есекеевпен Жаңақоныс ауылдық округінен 90,0 миллион теңге тұратын 150 орындық Мәдениет үйін салуға, жеке кәсіпкер Б.Әуезхановпен Қауылжыр ауылдық округінен 120,0 миллион теңгеге 50 орындық балабақша ғимаратын салуға, жеке кәсіпкер Сәуле Дәулеталинамен «Аналарға тағзым» жобасы бойынша 200,0 миллион теңгелік күндізгі стационар емхана ғимаратын және «Бақытты бала» жобасы аясында 150,0 миллион теңге тұратын балабақша ғимаратын салуға келісімшарт жасалды. «Ауылға қамқорлық» акциясы бойынша жеке кәсіпкер Данияр Қобыландин құны 75 миллион теңге болатын 2,5 км қалаішілік автомобиль жолдарын жөндеуге міндет алды.
Кеше ғана Ырғыз ауданында осындай ірі шара ұйымдастырылып, жақсы істердің ұйытқысына айналды.
Темір ауданының Тасқопа ауылдық округінде өткізілген жерлестер форумы, «Түлектер саябағы» аллеясының ашылуы, Қобда ауданында 100-ге жуық әр жылғы түлектердің қатысуымен өткізілген фестиваль, жалпы құны 20 миллион теңгені құрайтын сертификаттардың табысталуы, жерлестердің ұйымдастыруымен белгілі эстрада әншілері Заттыбек Көпбосынұлы мен Роза Әлқожаның тегін концерті, Ойыл ауылында 150-ге жуық жерлестердің қатысуымен өткен аудандық жерлестер форумы, шара аясында 35 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың тартылуы — атап айтуға тұрар мысалдар деп ойлаймыз.
Бұдан басқа да көптеген игілікті істер атқарылуда. Оның барлығы жыл қорытындысында белгілі болып, көпшілікке жария етіледі.
— Жалпы қандай да шара болмасын, ақпараттық қолдаусыз, халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарынсыз алға баспайтыны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.
— «Туған жер» бағдарламасын танымал ету, оны насихаттау бойынша облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі медиа-жоспар жасалған болатын. Соған сай ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыстық газеттер беттерінде «Туған жер» акциясының жүзеге асырылуы тұрақты түрде беріліп келеді. «AУTOBE» телеарнасының эфирінен «Туған жерге тағзым», «Біздің тарих» және «Елім менің» атты телебағдарламалардың көрсетілімі ұйымдастырылды.
Жыл басынан бері «Туған жер» бағдарламасын ақпараттандыру бойынша баспасөз беттерінде – 112 мақала, телеарналарда – 52 сюжет, сондай-ақ әлеуметтік желілерде – 306 материал жарияланды.
Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.
"Ақтөбе" газеті