Алғада жаңа мектеп ашылып, 60 отбасы жаңа пәтерге ие болды

Кеше 30 тамыз — Конституция күніне орай Алға ауданында жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 60 пәтерлі жаңа үйдің кілті иелеріне салтанатты жағдайда табысталды. Аталған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.
 3 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ
Алдымен облыс әкімі аудан орталығындағы жуырда асфальт төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізілген Комсомол көшесінің тұрғындарымен кездесті.
— Биыл Алға қаласы бойынша бес көшеге қаражат бөлініп, қазіргі таңда үш көшеге толығымен асфальт жабындысы төселді. Мердігер ұйым — «Асфальт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның ішінде Комсомол көшесіне 2,2 шақырым қашықтықта асфальт жабындысы төселіп, қазір суағарлар орнату үшін жұмыстар жүргізілуде. Көшені жөндеуге 50 миллион теңге бөлінді, жалпы келісімшарттың мөлшері — 380 миллион теңге, — деді Алға қаласының әкімі Нұрбол Сұрбаев облыс әкіміне.
Облыс басшысы көшеге асфальт төсеген мердігер ұйым өкілдеріне алғысын жеткізіп, тұрғындарды өткен Құрбан айт мерекесімен, алда келе жатқан Конституция күнімен құттықтады.
— Ауданда болып жатқан жұмыстарды көріп отырсыздар. Осының барлығы еліміздің қуаттылығының, егемендігіміздің арқасында жасалып жатыр. Кеңес заманынан бері жөнделмеген көшелер бүгінгі күні жөнделіп, асфальт төселіп жатыр. Бүгінгі күні халыққа ең қажеті — су, газ, жарық, жол. Жыл артып ауданда жаңа ғимараттар салынып жатыр. Келер жылы Алға ауданын мектеппен, балабақшамен, медпунктпен, Мәдениет үйімен толық қамтамасыз етеміз. Біз үшін ең қиыны — жол. Ол көп қаржыны қажет етеді. Биыл Қандыағаштан бастап үлкен жолдың құрылысы басталды, алдағы 2019-2020 жылдары Ақтөбе-Атырау тасжолы қайта жаңартылады. Ең негізгісі, елімізде бірлік пен тұрақтылық болуы керек. Бүгінгі қуанышты жағдайда осы көшенің тұрғындарын өткен Құрбан айт мерекесімен, алда келе жатқан Конституция күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деді облыс әкімі.
Облыс басшысы тұрғындармен емен-жарқын әңгімелесіп, алдағы уақытта көшені таза ұстап, өз аулалары мен үйлерінің аумағын көгалдандырып, абаттандыруға шақырды.
Тұрғындар бірауыздан облыс басшысына ризашылықтарын жеткізіп, тілектерін жаудырды.
— Бұл көшеде 20 жылдан астам уақыт тұрамын. Кеңес заманы тұсында бұл көшеде асфальт болған жоқ. Міне, егемендігіміздің арқасында көшемізге асфальт жабындысы төселіп, төбеміз көкке жетіп жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Мердігер ұйым өз жұмысын жауапкершілікпен атқарды. Осы көшенің тұрғындары атынан облыс әкіміне, аудан әкіміне ерекше алғысымды айтамын. Енді көшемізде түрлі мерекелік шаралар, кештер өтетін болады, — дейді Комсомол көшесінің тұрғыны Бақыт Ерғалиева.
Айта кету керек, бүгінгі күні Алға қаласында жалпы ұзындығы 61 шақырымды құрайтын  52 көше бар, оның 19-ына асфальт төселген. Биыл 7,3 шақырымды құрайтын 5 көшеге, атап айтсақ, Есет батыр, Комсомол, Аниязов, Иманов, Водопроводная көшелеріне асфальт жабындысын төсеу үшін «Асфальт» ЖШС-мен 488 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Сондай-ақ облыстық бюджеттен 60,2 млн теңге бөлініп, бірқатар көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
30 ЖЫЛДАН КЕЙІН АШЫЛҒАН БІЛІМ ОРДАСЫ
Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ аудан орталығында жаңадан салынған Алға мектеп-гимназиясының ашылу салтанатына қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімі аудан тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады.
  • Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні елімізде, оның ішінде облыста балаларға сапалы білім беру мақсатында жаңа мектептер салынып жатыр. Биыл өңірімізде 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 15-і биылғы жылы пайдалануға беріледі. Оның ішінде 9 мектеп биылғы жаңа оқу жылында салтанатты түрде ашылады.
Зерттеп қарасақ, соңғы отыз жылда Алға ауданында жаңа мектеп салынбаған. Халықтың санының, балалар санының өсуіне байланысты бүгін, міне, жаңа білім ордасы пайдалануға беріліп отыр. Бұл мектеп-гимназияда жақын орналасқан ауыл, елді мекендердің балалары келіп білім алады. Осы мақсатта білім ордасының жанынан 60 орындық интернат салынды. Облыс басшылығы атынан барлық тұрғындарды бүгінгі жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын! Балаларымыз оқуда озат болып, еліміздің абыройын асқақтатсын! — деді Б.Сапарбаев.
Шарада ардагер Чапай Қошмағанбетов жаңадан салынған мектеп-гимназияның болашақ ұрпаққа сапалы білім беруде маңызы зор екенін атап өтіп, тұрғындар атынан ауданға арнайы келген облыс басшысына ризашылығын жеткізді.
600 орындық Алға мектеп-гимназиясы — еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі мерзімде аудан орталығында алғаш ашылып отырған білім ордасы. Бұған дейін аудан орталығында 1176 орындық №4 Алға орта мектебі 1987 жылы пайдалануға берілген. Жаңа мектептің құрылысын жүргізген мердігер ұйым — «Бабек-Құрылыс» ЖШС. Құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалған қаражат көлемі — 1731432,617 мың теңге.
Бүгінгі күні жаңа мектепке 500 бала қабылданып отыр. Оның ішінде 1-сыныпқа баратындар саны – 61.
Жаңа мектеп-гимназияда 35 оқу кабинеті, акт залы, асхана, кітапхана, екі спорт залы, спорт алаңы мен жаттығу алаңдары бар. Сондай-ақ мектеп интернет желісімен және радио жүйесмен қамтылған.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін облыс әкімі бастаған топ жаңа мектептің ішін аралап, ұстаздар мен оқушылармен тілдесті.
60 ОТБАСЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ
Бұл күні Алға қаласындағы №5 шағын ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ аудан әкімі Нағымжан Алдияров қоныстой иелеріне пәтер кілттерін табыстады.
  • Бүгінгі күні елімізде тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Атап айтсақ, «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары арқылы кезекте тұрған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Былтыр облыста 780 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, биыл ең кем дегенде 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл көрсеткішті кеңес үкіметі тұсында берілген үйлермен салыстыратын болсақ, екі есе көп. Өткен жылы осы ауданда 60 пәтерлі үй пайдалануға берілсе, бүгін, тағы 60 отбасы қоныстойын тойлап жатыр. Соңғы 30-40 жылда бұл ауданда жол, үй, мектеп салынбаған. Мұның барлығы мемлекетіміздің, Елбасының халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясатының арқасында жүзеге асып отыр.
Облыс басшылығы атынан барлық тұрғындарды бүгінгі қуанышымен құттықтаймын. Баспаналарыңыз жайлы, құтты болсын! — деді Б.Сапарбаев.
Салтанатты шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Қонжарұлы пәтер иелерін қуанышымен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Бұл күні облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алғандардың бірі — Алға қаласының тұрғыны
Бибігүл Қойшыбанова. Бүгінде 4 бала өсіріп, тәрбиелеп отырған ана жаңа пәтерге қол жеткізу үшін 12 жыл кезекте тұрған.
— Қуанышымызда шек жоқ. Бұл қуанышты 12 жыл күттік. Көпбалалы ана ретінде тіркеліп, бүгін, міне, үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Көп жылға жалға алдық, ай сайын 8 мың теңге төлейміз. Ең бастысы, өз баспанамыз бар, — дейді ол.
Айта кету керек, тұрғын үй құрылысын мердігер компания «Энергия ХХІ» ЖШС жүргізген. Бес қабатты тұрғын үй аумағында шаруашылық алаңы, демалыс алаңы, балаларға арналған ойын алаңы, сондай-ақ көлік тұрағы бар.
60 пәтердің 12-сі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қалған 48 пәтер халықтың әлеуметтік жағдайы қорғалатын осал топтары мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне беріліп отыр. Бүгінгі күні аудан бойынша мұқтаж ретінде 1529 адам үй кезегінде тұр.
Биыл Алға ауданы бойынша 128 пәтер қолданысқа берілсе, 2019-2020 жылдарға тағы да екі 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда аталған үйлердің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
Сондай-ақ қосымша төрт 60 пәтерлі көп қабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үшін республикалық бюджеттен қаражат сұралып отыр. Осы мәселелер алдағы уақытта шешімін тапса, үй кезегінде тұрған 1529 адамның жартысы толық пәтермен қамтамасыз етілмек.