Конституция күнімен!

Құрметті ақтөбеліктер!Баршаңызды еліміздегі мерейлі мерекеміздің бірі — Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Егемен еліміздің негізгі Заңының қабылдануы — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Ата Заңымыз мемлекеттік егемендігімізді, билік пен қоғам құрылымының демократиялық принциптерін нығайтып қана қоймай, еліміздің одан әрі дамуының бағытын айқындап берді. Тұңғыш Президентіміз — Елбасымыз «Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың теңдігі — Отанымыздың дамуы мен гүлденуінің басты қайнары», — деп айрықша атап көрсетті. Халқымыздың ынтымақтастығы мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуына жол ашып, рухани келісім, саяси тұрақтылық және бейбіт өмірді қамтамасыз етуде.Егемен еліміздің әр азаматының бас бостандығын қорғайтын маңызды құжатты құрметтеп, оны бұлжытпай орындау — әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті. Мемлекетіміздің табысты және серпінді дамуына Ақтөбе өңірі де лайықты үлес қосып келеді. Қазіргі таңда біздің облысымыз қарқынды даму үстінде. Тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету жолында көптеген игі істер атқарылып, мектептер мен балабақшалар тұрғызылуда. Медициналық қызметтердің сапасы жақсарып, жаңа спорт нысандары, мәдениет және демалыс орындары салынып жатыр. Ең бастысы, қоғамда ауызбірлік, бейбітшілік пен келісім бар. Бұл жетістіктер біздің Конституциямыздың негізін құрайды.Осы жарқын күнде облысымыздың әрбір тұрғынына отбасылық игілік, мықты денсаулық және бақ-береке тілеймін!
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев