7 айдың қорытындысы сараланды

Кеше Байғанин ауданында облыс әкімдігінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты. Сондай-ақ шараға қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары жиналды.
 Облыс көрсеткіштері қалай?
Алдымен Бердібек Сапарбаев сөз алды. Ол өз сөзінде негізгі көрсеткіштердің барлығы өткен жылмен салыстырғанда жоғарылағанын, дегенмен, кейбір көрсеткіштеріміз республикалық көрсеткіштен төмен екендігін тілге тиек етті.
  • Біздің барлық көрсеткіштеріміз республикалық көрсеткіштерден төмен болмауы тиіс. Бұл жөнінде өзімізге міндеттеме алған болатынбыз. Сондай-ақ өңірдің экономикалық даму қарқынын 5 пайыздан төмендетпеу керектігі жөнінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Сол себепті жүктелген міндетті толық орындауымыз қажет, — деді облыс әкімі.
Күн тәртібінде алты мәселе қаралды.  Бірінші мәселе — биылғы 7 ай бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджетінің орындалуы  туралы облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов баяндама жасады.
Облыс бюджетінің кірісі бөлігі — 61,5 млрд теңге.  Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 122 пайызға жоғары. Өнеркәсіп өсімі — 104,3 пайыз. Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту — Елбасы тапсырмасы. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе Қарғалы ауданында төмен.
Олжас Смағұлов өндірісті аудандардың басшыларына мұнай мен газдың көлеңкелі айналымына жол бермеу керектігін нықтап тапсырды. Әйтпесе, бұл экономиканың өсіміне кедергі келтіріп, бюджеттің кіріс бөлігіне де айтарлықтай «салқынын» тигізеді.
  • Сол себепті, көлеңкелі айналымның алдын алу үшін кен орындарын қорғауға заман талабына сай технологияларды енгізу және мұнай-газ таситын техникаларға бақылау орнатуды күшейту қажет, — деді О.Смағұлов.
Мемлекет басшысы барлық деңгейлердегі әкімдерге инвестиция тартуды жүктегені белгілі. Бұған аудандардың мүмкіндігі жетеді, қазба байлығы мол. Мысалы, Байғанин ауданында бор мен саздың мол қоры бар. Осы табиғи байлықтарды тиімді пайдалана білу қажет. Облыс әкімінің орынбасары аудандарда инновацияны дамыту үшін инвестициялар аз тартылатынын айтты. Былтыр бұл бағытта 57 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның 72 пайызы — Ақтөбе қаласының үлесіне тиесілі. Үш ауданда инновацияны дамытуға инвестиция мүлде тартылмаған. Олар: Әйтеке би, Қобда, Байғанин аудандары. Облыстағы 12 ауданның 10-ы (!) инновациялық өнім шығармайды. Жалпы, инновациялық өнімнің 96 пайызын Ақтөбе қаласы өндіреді.
Олжас Смағұловтың айтуынша, облыстағы жалпы инвестицияның  31 пайызы шетелден тартылған. Жылдың аяқталуына небары 4-ақ ай қалды. Дегенмен, әлі күнге дейін 6 бірдей аудан шеттен инвестиция тартпапты.
— Бюджеттен тыс инвестициялық жобалар тізімі облыс әкімінің келісімімен бекітілді. Іске қосу жоспарланған инвестициялық жобалардың жалпы саны — 148. Қазір соның  60 пайызы жүзеге асырылды. Алайда, Қобда мен Ырғыз аудандарында бірде-бір жоба іске асырылған жоқ, — деді Олжас Смағұлов. Оның айтуынша, Ойыл мен Қарғалының да жағдайы мәз емес. Бірінде бір ғана жоба болса, екіншісінде екі-ақ жоба пайдалануға беріліпті.
Ауыл шаруашылығы саласының өсімі — 74,8 пайыз. О.Смағұлов бұл саладағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Әсіресе, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға басымдық беру керектігін айтты. Облыс бойынша асыл тұқымды мал саны аз. Бұл — бір. Екінші мәселе — ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану керек. Егістік жерлердің — 69 пайызы, ал жайылымдық жерлердің — 35 пайызы ғана пайдаланылылады екен. Қалғаны игерілмей тұр. Үшінші мәселе, агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологиялар енгізу қажет. Төртінші мәселе, агропарк құру.
Облыс әкімінің орынбасары облыста микрокредиттер беру қарқынының төмен екендігін жеткізді. Сондай-ақ ол өз сөзінде көші-қон мәселесіне де тоқталды. 7 айда 950 адам көшкен. Әсіресе, Мұғалжар, Әйтеке би, Мәртөк аудандарынан көшіп кеткендер көп. О.Смағұлов аудан әкімдеріне адамдардың неліктен көшкендігін, неліктен көшетіндігін анықтауды тапсырды.
Олжас Смағұлов баяндамасының қорытындысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа экономикалық индикаторлар өсетінін, тапсырмалардың барлығы толық орындалатынына уәде берді.
Бұдан кейін облыс әкімі сөз алып, бірқатар аудандардың әкімдерін орындарынан тұрғызып, берілген тапсырмалардың неліктен тиянақты орындалмағанын сұрады. Қобда, Мұғалжар, Шалқар аудандарының әкімдері құрылыс пен инвестиция тартудағы кемшіліктердің себебін түсіндірді. Ал Қарғалы ауданының әкімі жергілікті бюджетке түскен кірістің неліктен аз болғандығын жеткізді. Сонымен қатар аталған аудандардың басшылары тапсырманы жыл аяғына дейін орындалатынын айтты.
—  Кемшіліктерді жою үшін жұмыс жасауымыз керек. Біз үшін ең негізгісі, бюджеттің кіріс бөлігін көбейту және бюджеттің шығыс бөлігін, яғни, берілген қаржыны игеру.
Әр ауданның өзіндік ерекшеліктері бар, соған байланысты сырттан инвестиция тарта білу керек. Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін оның тұқымын жақсарту керек. Сонда ет те, сүт те көп болады. Жерді тиімді пайдалану — басты міндеттердің бірі. Сол себепті, игерілмеген жерлерді жермен ұтымды жұмыс жасай білетін кәсіпкерлерге беру қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.
Жатақхана. Жол. Жұмыссыздық
Бұдан соң облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның баяндамасы тыңдалды. Ол облыста кәсіби-техникалық білім берудің жағдайы және дамуының негізгі бағыттары туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
Бүгінде облыста барлығы 44 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 27-сі (62 пайыз) мемлекеттік, қалғаны — жекеменшік колледждер. Өткен оқу жылындағы жалпы контингент — 27 502 студент. Мамандарды даярлау еңбек нарығындағы сұранысқа ие 78 мамандық, 137 біліктілік бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Биылғы оқу жылына 6000-нан астам студентті қабылдау жоспарланып отыр, оның ішінде  мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 5066 студент қабылданатын болады.
Дуалды оқытуды енгізген колледждер саны былтырғы жылмен салыстырғанда 23-тен 26-ға көбейген. Дуалды оқыту бойынша студенттер жалпы 160 кәсіпорында тағылымдамадан және кәсіптік тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ 190 кәсіпорынмен үш жақты келісімшарттарқа қол қойылған.
Биыл дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алған студенттердің жұмысқа орналасу үлесі — 95 пайыз.
Облыстағы колледждерде жалпы 27 жатақхана бар.
— Жүргізілген талдауларға сәйкес басқа жерлерден келіп оқитын студенттердің арасынан жатақханаға қажеттілік білдіргендердің саны — 4662 студент.  Талдау нәтижелеріне сүйене отырып 14 колледжге арналған 7 жатақхана салу (жалпы жобалық қуаты 1960 орын) жоспарланды. 
Бүгінгі күні облыстық бюджет есебінен жер телімдері айқындалған 3 типтік жатақхана құрылысының жобасына жобалық-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптамасын әзірлеу үшін қаржы бөлінді, — деді Ләззат Оразбаева.
Облыс әкімі дуалды білім беруге басымдық беру керектігін, сұранысқа сай маман даярлап, студенттердің жұмыспен қамтылу көрсеткішін арттыруды тапсырды.
Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев автомобиль жолдары жүйесінің жағдайы мен дамуы туралы баяндама жасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыста соңғы үш жылдан бері көптеген жол жөнделді. Мысалы, бұдан екі жыл бұрын 99 шақырым жол жөнделіп, бұл үшін бюджеттен 9,6 миллиард теңге бөлінді. Былтыр жөнделген жолдың жалпы ұзындығы — 302 шақырым. Бөлінген қаржы — 16,9 миллиард теңге. Биыл 404 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 35,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Келесі жылы жалпы құны 43,6 миллиард теңгеге жол жөндеу жоспарланып отыр.
Аязбай Османғалиевтің айтуынша, жалпы биыл біздің облыста ұзындығы 728 шақырым жолды жөнделеді. Бұл — республикалық, жергілікті  маңызы бар жолдар және елді мекендердің көше  жолдары.
Облыс аумағы арқылы өтетін республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы —  6 938,1 шақырым. Оның 1885,8 шақырымы — республикалық маңызға ие. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы — 5 052,3 шақырым.
Облыс әкімі жол салу жұмыстарына да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін енгізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жергілікті өнімді пайдалануды тапсырды.
Бұдан кейін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Алматбаева жұмыспен қамту мәселелері туралы баяндады.
Биылғы кешенді жоспарға сәйкес 44 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. 1 тамыз күнгі мәліметке сәйкес кешенді жоспардың орындалуы  — 58 пайыз (25 422 адам).
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша  кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1149 адам оқуда. Қазір 797 адам оқуын аяқтаған. 287 адам өз жобаларын қорғап, 50 адам шағын несие алды.
Облыстағы 608 кәсіпорындағы әлеуметтік жұмыс орындарына 1413 адам жұмысқа орналастырылған. Қаржыландыру жоспарына сәйкес 129,5 миллион теңге игерілді.
  • Кешенді жоспар аясында халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралар нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан, жастар жұмыссыздығының деңгейі 2,9 пайыздан аспайды, — деді Г.Алматбаева.
Бердібек Машбекұлы жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайыздан асырмау керектігін тапсырды.
Бірдей жобалардың құны неге екі түрлі?
Шарада облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Аманов газ, су және электрмен жабдықталу мәселелері туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Байғанин ауданының әкімі Асқар Шериязданов ауданның биылғы 7 ай бойынша әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен жыл соңына дейінгі міндеттері туралы баяндады.
— Инвестициялық жобаларға келер болсақ, Байғанин ауданының аумағында «Газ Процессинг Компани» газ өңдеу орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір онда 400-ге жуық адам жұмыс жасайды. Оның 81-і жұмыссыз адам жұмыспен қамтылды. Зауыт желтоқсан айында іске қосылады. Сол кезде 242 адам тұрақты жұмысқа орналасатын болады, — деді А.Шериязданов.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап оңалту орталығын салып жатыр. Сондай-ақ аталған кәсіпорынның Қарауылкелдіде құны 248 миллион теңгеге бағаланған бассейнді  салып беруі үшін келіссөздер жүргізілуде.
  • Қазір Байғанин ауданында үш мектеп салу жоспарланған. Оның біреуі Қарауылкелді ауылында 100 орындық интернатымен бірге 300 орындық мектеп салу болса, қалған екеуі Қаражар және Бұлақтыкөл ауылдарында әрқайсысында 100 орындық мектеп салу. Қаражар мектебінің (көлемі 1614 шаршы метр) құны — 314 млн теңге, ал Бұлақтыкөл мектебі (1670 шаршы метр) 352 млн теңгеге бағаланған.
Неге сыйымдылығы бірдей екі мектептің жобалық құны екі түрлі? Көлемдерінің де бір бірінен айтарлықтай айырмасы жоқ. Сонда олардың біріне неге 40 миллион теңгедей ақша артық жұмсалуы керек?, — деп Бердібек Машбекұлы облыстық құрылыс басқармасының басшысына сауал қойды.
Бердібек Сапарбаев құрылысы салынып жатқан және салыну жоспарланған Әйтеке би және (293 миллион теңге) Байғанин (242 миллион теңге ) аудандарындағы денешынықтыру және сауықтыру орталықтарына  бөлінетін қаржыны да сынға алды.
Ол сыйымдылығы бірдей жобаларға  қаржыны бірдей бөлу керектігін, бюджет қаржысын, мемлекеттің қаражатын тиімді пайдалану керектігін тапсырды.
  • Әйтеке би ауданындағы жолдың шығынын Байғанин ауданындағы жолдың шығынымен салыстыруға болмайды. Сонда неліктен Әйтеке би ауданындағы жобаның құны Байғанин ауданындағы жобадан 51 миллион теңгеге қымбат?, — деп облыстық құрылыс басқармасының басшысын орнынан қайта тұрғызды.
Жиынды Бердібек Сапарбаев қорытындылаған.
Өз сөзінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Байғанин ауданында көптеген игі жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етіп, басқа аудандардың әкімдерін Байғанин ауданының әкімі Асқар Шерияздановтан үлгі алуға шақырды. Сондай-ақ облыс әкімі аталған аудандағы шетелдік кәсіпорын басшыларына ел игілігі үшін жасап жатқан істері үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар аудан, қала әкімдері мен облыстық басқармалардың басшыларына жоспарланған жұмысты тиянақты орындауды тапсырды.