«Туған жерге тағзым»: үш ауданның үлесі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге тағзым» акциясы аясында биыл аудандарда көптеген жобалар іске асырылып, ауыл-аймақтарда жаңа ғимараттар бой көтеруде. Биылғы жылы бұл бағыттағы жұмыстар Қарғалы, Темір, Қобда аудандарында да қарқынды жүзеге асырылуда. Енді аталған жобаларға кеңінен тоқталсақ…
 Қарғалыда жерлестер форумы өтеді
Биыл Қарғалы ауданы бойынша аталған акция аясында жоспарланған жобалардың саны – 46, жалпы құны — 101 млн 103 мың теңге.
Бүгінгі күні аудан бойынша «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 28 жоба және ауылдық мектептерде 50-ден аса кіші жоба жүзеге асырылған. Жалпы құны — 54 млн 750 мың теңге. Акция аясында барлық 8 ауылдық округ қамтылған.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан Есімбаевтың айтуынша, биыл қыркүйек айында ауданда жерлестер форумын өткізу жоспарлануда. Форумға ауданнан шыққан  құрметті азаматтар, белгілі кәсіпкерлер, әр саланың білікті өкілдері, т.б. шақырылады.
Аталған форум аясында Ресей, Германия және басқа да мемлекеттерден келетін жерлес кәсіпкерлердің және түлектердің қатысуымен аудан аумағында әлеуметтік нысандарды салу үшін бірнеше меморандумға қол қойылмақ.
Биыл аталған акция аясында аудан орталығы Бадамша ауылында мектеп түлектерінің демеушілігімен жастарға арналған хоккей корты салынған. Сондай-ақ
«Бақытты бала» жобасы аясында №1 Бадамша орта мектебінің жанындағы жазғы спорт алаңына жеке кәсіпкердің демеушілігімен құрылысқа дейінгі барлық жұмыстар жүргізілген.
  • Биыл акция аясында «ARIYA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бадамша ауылындағы Имашева көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің біріне жаңғырту жұмыстарын жүргізіп берсе, алдағы уақытта аталған серіктестік аудан орталығындағы көп қабатты тағы екі үйдің ғимаратына бояу жұмыстарын жүргізуге келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ биылғы жылы Ащылысай ауылдық округі бойынша «Көктас» акционерлік қоғамының қолдауымен Бозтөбе-Ақкөл ауылдары арасындағы жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді, — дейді бөлім басшысы.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында биыл Желтау ауылдық округіне қарасты Ш.Қалдаяқов ауылында кәсіпкер Б.Саймақовтың демеушілігімен «Қазпошта» мекемесі ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қосестек ауылында жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен ауылішілік 4 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кемпірсай ауылдық округіне қарасты Жосалы ауылында жоспардан тыс ауылішілік көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, ауыл тұрғындарының және жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 8 көшеге қиыршық тас төселіп, тегістелді.
Бүгінгі күні жоспардан тыс барлық округтерде ауыл тұрғындарына арналған воркаут  алаңдары салынуда. Қазіргі таңда аталған алаңдар Бадамша, Қосестек, Ащылысай, Әлімбет ауылдарында тұрғындарға пайдалануға берілген.
  • Биыл маусым айында барлық мектеп түлектерінің басын қосқан «Түлектер фестивалінде» аудан орталығының стадионында әр жылдарда түлеп ұшқан түлектердің қатысуымен салтанатты шара өтті. Аталған шара аясында жерлестердің қатысуымен Бадамша, Ащылысай, Степной ауылдық округтерінде кездесулер, дөңгелек үстелдер, шеберлік кластары ұйымдастырылды, — дейді Е.Есімбаев.
Айта кету керек, биыл жоспардан тыс жеке кәсіпкердің демеушілігімен жалпы құны 25 миллион теңге көлемінде Петропавл ауылында жетім өскен балалардың отбасына арналған тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Темір ауданы: 40 жоба, 126 млн теңге
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында биыл Темір ауданында жалпы құны 126 млн 300 мың теңгені құрайтын 40 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Бүгінгі күні 7 айдың қортындысы бойынша ауданда 75 млн 200 мың теңгеге 37 жоба іске асырылған. Сондай-ақ жоспардан тыс 10 жоба жүзеге асырылмақ.
Атап айтсақ, ауданда білім беру ұйымдарында мектеп түлектерінің қолдауымен 25 млн теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылып, білім беру мекемелерінің материалдық базасы толықтырылған. Шұбарқұдық ауылдық округі бойынша Байғанин, Кереев, Брусковая көшелеріне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжатттарды дайындау жұмыстары аяқталған. Жоба құны — 15 млн теңге. Сондай-ақ аудандағы Алтықарасу, Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылдық округтерінің кіреберісіне демеушілер арқылы стеллалар орналастырылып, оған 4 млн теңге жұмсалған. Шұбарқұдық ауылындағы кіші көшелерге көктем мезгілінде қозғалыс қиындығына орай құм төсеу жұмыстары жүргізілген, жоба құны — 4 млн теңге. Сонымен қатар кәсіпкерлердің демеушілігімен  27 млн 200 мыңға ауылдық елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
— Биылғы жылдың сәуір айында «Туған жер» бағдарламасы бойынша Тасқопа ауылында «Қойнауы тарих, киелі мекен — Тасқопа» тақырыбында түлектер кездесуі өтті. Қыркүйек-қазан айларында Ақсай, Шұбарқұдық ауылдарында «Туған жер» өңірлік жерлестер форумын және қыркүйек айында Темір уезінің 150 жылдығын атап өту жоспарлануда, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мәди Шүйіншалин.
Оның айтуынша, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданның Кеңқияқ, Темір, Шұбарқұдық ауылдарында жерлесіміз, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрінің бишісі Əсел Əлібекованың жеке шығармашылық кеші өткізілген. Сондай-ақ «Туған жер» жобасы, «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында шілде айынан бастап ауданда ауылдық округ күндері өткізілуде. Аталған іс-шаралар қазан айына дейін жалғасатын болады.
 Қобдада қонақ үйі салынып жатыр
Аталған акция аясында Қобда ауданында жалпы құны 207 млн 430 мың теңгені құрайтын 90 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Аудан әкімінің орынбасары Болат Құловтың айтуынша, биыл акция аясында 35 млн теңгеге Қобыланды батыр кесенесі жанынан қонақ үйі тұрғызылуда. Бүгінгі күні аталған қаржының 25 млн теңгесі игерілген.
Сондай-ақ демеушілердің қолдауымен ауданда 20 млн теңгеге көшелерде бейнебақылаулар орнатылып, Өтек ауылында 15 млн теңгеге көпір, Бестау ауылында 12 млн теңгеге екі бөгет салынған.
Сондай-ақ ауданнан шыққан азаматтардың қолдауымен  4,5 млн теңгеге спорттық-сауықтыру кешеніне  тренажерлар, 4 бильярд үстелі, бес ауылда хоккей қораптары салынған. Оның жалпы құны — 2,5 млн теңге. Сонымен қатар Қобда, Әлия ауылдарындағы мұражайлар жабдықталып, музыка мектебіне ұлттық аспаптар сыйға тартылыпты.
— Бүгінгі күні жерлестер тарапынан елді мекендерде құны 140 миллион 700 мың теңгені құрайтын 57 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ сәуір айында аудан көлемінде өткен форумда жүзеге асырылатын жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.
«Туған жерге тағзым — перзент парызы!» атты I түлектер фестивалінде ауданнан шыққан 100-ге жуық әр жылдарда мектеп бітірген түлектер 20 миллион теңгенің сертификаттарын табыстап, тартулар жасаса, биыл 25 мамыр күні өткізілген «Түлек, туған жеріңді түлет!» ІІ түлектер фестивалінде 346 түлек 15 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетті. Ал белгілі меценат Исламбек Салжанов Қаракемер ауылына су  құбырын қазуды ұйымдастырып, балалар және воркаут алаңдарын салуға қолдау көрсетіп, 46 оқушыға Астана қаласына экскурсияға баруға тегін жолдама берді, — дейді Б.Құлов.
Айта кету керек, аталған акция аясында бүгінгі күні Терісаққан ауылында жекенің теңгеріміндегі ғимаратты ауылдық клуб ретінде қолданысқа беру жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны — 15 млн теңге.