Қарағандылық 60 оқушы Ақтөбеге саяхатқа келді

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы шеңберінде қолға алынған республикалық өлкетану акциясы басталғаны белгілі. Осы мақсатта 14 тамыз күні қарағандылық 60 оқушы Ақтөбе облысына келіп, өңірдің киелі жерлерін аралауға мүмкіндік алды.
Аталған акция оқушылардың туған елдің салт-дәстүрін және тарихын тереңірек зерттеуіне, барған тарихи жерлерінің әртүрлілігі және ерекшелігі жайлы білім алуына, сакралды объектілерімен танысуына бағытталған. Шілде айында ақтөбелік 60 оқушы Қарағанды облысына саяхат жасаған болатын.
— Ақтөбе облысына келген балалар үш күн бойы об­лыстың Теміртау қаласы мен Қар­қаралы ауданында болып, өлке тынысы және тарихымен танысты. Сондай-ақ Тұңғыш Президент музейіне барды. Оқушылар Самарқант су қоймасында демалып, Қарқаралыдағы табиғи саябақты аралады, — деді Қарағанды ​​облыстық білім басқармасының өкілі Әлібек Бейсенбаев.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өлкеміздің көрікті жерлері мен сакралды объектілерін қамтитын үш күндік маршрут құрылды.
Қарағандылық балақайлар бірінші күні «Ару қала — Ақтөбе» деп аталатын мәдени, тарихи, әлеуметтік-экономикалық және архитектуралық қала объектілерімен танысу мақсатында экскурсия жасады.
Сонымен қатар балалар Жекпе-жек сарайы, «Керуен сити» ойын-сауық орталығы және «Yurta park» демалыс орындарында болды.
— Ақтөбедегі экскурсия мен үшін ерекше әсер қалдырды. Жұбановтар отбасының шығармашылығымен танысып, Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында, Әлия Молдағұлова атындағы музейде болдық. Ақтөбе облысының тарихымен, оның қасиетті жерлері мен танысу арқылы білім көкжиегіміз кеңейе түсуде, — дейді Қарағанды облысынан келген оқушы Мөлдір Есенжол.
Екінші күні қонақтар Қобда ауданындағы «Әлия» патриоттық тәрбиелеу орталығына, «Абат-Байтақ» мемориалдық кешеніне, Қыз-әулие кесенесіне, Қобда аудандық мұражайы мен Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне барды.
Үшінші күні балалар Алға ауданының Бестамақ ауылындағы  Есет батыр кесенесіне  барады. Сонымен қатар ауданда орналасқан «Күншуақ» сауықтыру лагерінде балаларды мерекелік концерт, спорттық ойындар күтуде.