Қоғамдық кеңестер съезі

2018 жылғы 28 қыркүйекте «Капитал-Плаза» орталығының мәжіліс залында облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық кеңестердің съезі өтті.
Съезд ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Съездің мақсаты – тәжірибе алмасу, қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру және тиімді ұсыныстар әзірлеу.
Жергілікті жерлерде қоғамдық кеңестер құру сындарлы үнқатысуды және тұтастай алғанда қоғам мен билік арасындағы өзара түсіністікті құру қажеттілігінен туындады. Сондықтан Мемлекет Басшысы Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасында қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту және олардың мәртебесін бекіту туралы айтты. Бүгінгі таңда кеңестерде аумақтар бюджетінің немесе мемлекеттік органның жобаларын талқылаудан бастап, осы бюджеттің орындалуын, аумақтарды дамытудың стратегиялық жоспарларын, НҚА және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты мәселелерді есепке алуға дейінгі үлкен өкілеттіктер бар.
Съезд барысында барлық қоғамдық кеңестердің бірыңғай жұмыс жоспарына көшу ұсынылды. Бұл қоғамдық кеңестерге бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді, сол арқылы жүйелі жұмыс қалыптастырылады.