Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Бұл орталық басқа нысандарға үлгі болуы тиіс

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге жасаған сапары кезінде «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан Энергия тиімділігі орталығының жұмысымен танысты. Бұл — баламалы энергетика технологиясымен жабдықталған Қазақстандағы санаулы кешендердің бірі.
Ғимараттың өзі ақтөбеліктерге баламалы энергетика технологиясын көрсету және тұрғын үйлерді ыстық сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін оны пайдалана білуге үйрету мақсатында салынған. Күн панельдерімен, газ поршенді станциямен, геотермальді жүйемен, сондай-ақ жел генераторларымен жабдықталған мұндай орталық Астана мен Алматы сияқты еліміздің орталық қалаларында ғана бар.
Тағы бір ерекшелік — соңғы үлгідегі заманауи орталықта  қала тіршілігін қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инженерлік желілеріне мониторинг жүргізу орталығы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығы, Ақтөбе қаласының «Алматы» ауданы әкімінің аппараты орналасқан.
Елбасы алдымен бірінші қабаттағы мемлекеттік қызметтер көрсетілетін бөлімнің жұмысымен танысты. Мұнда «Бір терезе» қағидасы бойынша тұрғындарға түрлі құжат пен анықтаманы алуға жағдай жасалған.
— Бұл орталық, сөзсіз, халыққа қажет. Қазір әр қазақстандық бұрынғыдай шенеуніктердің есігін қағып, уақытын жоғалтпай, бүкіл шаруасын бір жерден бітіру керек. Сол арқылы кез келген адам ең алдымен уақытын үнемдейді. Әрі осының арқасында біреудің қолын қысып, екіншісіне кәмпит апарып беру сияқты жағдайлар болмайды. Яғни жемқорлық әрекеттердің алдын алады, — деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Орталықты аралау барысында Президент «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болған ақтөбеліктермен де кездесті. Солардың бірі — мемлекеттік қызметкер Бекзат Оразалин. Ол өткен айда ғана екі бөлмелі пәтерге қоныстанғанын айтып берді.
— 14 жылдан бері мемлекеттік қызметтемін. Зайыбым — мектепте мұғалім. Үш ұлымыз бар. Биылғы қыркүйек айында  «7-20-25» бағдарламасымен аумағы 70 шаршы метрлік екі бөлмелі үйді алдық. Енді ай сайын 63 мың теңгеден төлейміз. Ипотеканы 20 жылға рәсімдедік, — деп бүге-шүгесіне дейін баяндады жаңа пәтер иесі.
«Пәтер құнының 20 пайызын төледің де, үйге кірдің ғой?» — деп нақтылап сұраған Елбасыға Бекзат басын изеп, аталған жобаның өзіндей жас отбасыларға тиімді екенін қосты.
Бұдан бөлек, ғимараттың ішіндегі Жедел басқару орталығында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов шаһардың даму барысы, соның ішінде агломерация, «SmartCity Ақтөбе» жүйесі мен қаланың қоғамдық кеңістігін құруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Нұрсұлтан Әбішұлы енгізілген жаңалықтарға оң баға беріп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде паш етілген «жасыл технологияларды» тәжірибеде қолданудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ, Ақтөбе қаласының одан әрі дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
— Бұл ғимарат болашақта салынатын нысандарға үлгі болуы тиіс. Құрылысшыларға да айту керек, қайда мүмкіншілік бар, сол жерлерге жел энергиясын үнемдейтін құрылғыларды қоса салсын. Аз да болса, табиғаттың беріп тұрған мүмкіндігін пайдалану керек. Шетелде бұл көптеп қолданылады, — деп түйіндеді Қазақстан Президенті.