Тұрғындарға табысталған үйлерді көрді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Марат Тағымов, Мұхтар Жұмағазиев және облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Мейірхан Дуанбеков Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау мақсатында ауданда болды.
Елбасы Жолдауын насихаттауға келген арнайы ақпараттық топ мүшелері алдымен «Ақтөбе-Атырау» тасжолының Темір ауданында жүріп жатқан құрылыс жұмысымен танысты. Одан соң аудан орталығындағы «Шұбарқұдық нан» наубайханасының және «Ардақ» көтерме сауда орталығының жұмыс барысын көріп, аудан әкімдігі, прокуратура және ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен кездесті.
Шұбарқұдық гимназиясында тұрғындармен өткен кездесуде Жолдауда қарастырылған бірқатар мәселелерге қатысты түсінік берілді. Талқылау барысында жастар және оқушылар өздерінің пікірлерін ортаға салып, Жолдауды бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Сонымен қатар, ақпараттық топ өкілдері Шұбарқұдық гимназиясындағы заманға сай сандық технологиялар арқылы білімін арттыруға арналған IT кабинетті қарап, оң бағаларын берді.
Ақпараттық топ өкілдері ауданда жаңадан салынып, тұрғындарға табысталған 15 бір пәтерлік тұрғын үйлерді де көрді.
ЖАС МАМАНДАРМЕН ӘҢГІМЕЛЕСТІ
Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіге ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев келді. Сенаторлар аудандағы бірнеше әлеуметтік мекемелерді аралады.
Халық қалаулылары алдымен Т.Жармағамбетов атындағы орта мектепке барды.  Білім ордасындағы ІТ класты аралап,  «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстармен танысты.  Робототехникамен шұғылданатын жас өрендер халық қалаулыларына  өз жұмыстары жөнінде баяндап берді. Мектеп директорының  тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Тілеулина мектеп жанындағы 60 орындық интернатты көрсетті.  Кездесуде  аудан мектептерінің хал-ахуалы, білім деңгейі де сөз болды. Депутаттар мектептегі жас мамандармен тілдесіп, болашақ жұмыс жоспарлары туралы сұрады. Елбасының биылғы Жолдауында айтылған «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңға  мұғалімдер өз ұсыныс, пікірлерін білдіру  қажеттігін баса айтты.
Депутаттар «Жастар коворкинг» орталығына барды. Атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.  Депутат Марат Тағымов жастарды ерте жастан еңбекке баулу, қандай да бір салаға бейімдеу турасындағы өз пікірімен бөлісті. Құрылысы толық аяқтала қоймаған оңалту орталығына да бас сұқты. Депутат Мұхтар Жұмағазиев мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше назар аудару керектігін, ем-дом уақтылы жасалу қажеттігін айтты. Психологиялық-педагогикалық түзету және массаж кабинеттерін көрді.
Жаңадан бой көтерген шығармашылық орталығының да   жұмысымен танысты. Бұл жерде үйірмеге қатысатын оқушылармен кездесті. Мектеп оқушылары арнайы бағдарламалар арқылы заманауи құлтемірлердің түрін құрастырып, олардың функционалдық қызметтерін жетілдіруді қолға алған. Депутаттар балалардың шығармашылығымен танысып, олардың жақсы оқуларына тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Ж.Жаңабай ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды айтты.
Депутаттар аудандық ішкі істер бөліміне де   барды. Бөлім бастығы Бауыржан Бақтығалиев қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылған бейнебақылау камераларының сала жұмысы үшін тиімді екенін,  нәтижесінде ұрлық, құқықбұзушылық секілді қылмыстардың төмендегенін айтты. Депутаттар да жауапты қызметте жүрген полицейлерге Елбасы Жолдауының өзек­тілігімен қатар, тәртіп сақшы­лары қызметінің алар орнын, олар­ға жүктелген міндеттердің маңыз­ды­лығын, сондай-ақ олардың ел алдындағы жауапкершілігінің те­рең­дігін әңгімеледі.
Әлеуметтік мекемелерді аралаған халық қалаулылары атқарылып жатқан шаруаларға оң бағаларын берді.