Жасалған шаруаның нақты нәтижесі болуы тиіс

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының кезекті жүзеге асырылуы барысын қараған жиында әрбір атқарылған істің, қолға алынған шараның нәтижесі болуы керектігіне назар аударды.
— Бізде қанша шаралар өткізілгені, оған қаншама адам қамтылғаны туралы деректерге қарасаңыз ауқымды жұмыстар қолға алынғаны байқалады. Өкінішке қарай, солардың нәтижесі қайда? Ең бастысы, акцияның ықпалы сезілуі керек. Теріс ағымдағы жүрген азаматтарды дұрыс жолға салу, оларды жұмысқа орналастыру, кәсіп ашқысы келетіндерге қолдау көрсету, басқа да материалдық жағдайлар жасау жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс, — деді ол.
Жобаны жүзеге асыруға мүдделі ұйымдардың, облыстық басқармалардың, құқық қорғау органдарының басшылары бас қосқан бұл жиынға облыс прокуроры Марат Қайбжанов қатысты.
Жиында облыстық дін істері басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сәбит Мұқанов, облыстық кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары Асқар Көкеев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Айбек Паяев және басқалары «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша қолға алған шаралары туралы баяндады.
Жоба аясында әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, ұйымдастырылған 276 шараға 5409 адам қамтылып, олардың ішінен 269 азамат нақты көмекке ие болған.
«Жақыныңа көмектес!» қайырымдылық акциясы бойынша 20 азаматқа жалпы сомасы 88,5 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жағдайы нашар адамдардың тізімі алынып, олармен нақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 74 мүгедек, 128 аз қамтылған жандардың бүгінгі сәттегі хал-ахуалы нақтыланды. Жалпы осы ауқымдағы 404 адам қамқорлық аясына алынды.
442 жұмыссыз адамдармен әңгіме жүргізіліп, оларға жұмысқа орналасу жөнінде кеңестер берілді. осындай жұмыстар нәтижесінде 345 адам еңбекке орналастырылды.
Жиырма бес еңбек ұжымында еңбек заңдылықтарын түсіндіру бойынша кездесулер өткізілді, 88 еңбек келісімшарты жасалды.
Тұрғындарға медициналық көмек көрсету, олардың денсаулық жағдайын қадағалау жұмыстары жүргізілуде. Медициналық орталық мамандары бұл ретте 4037 адамды қамтыды, оның тең жартысы — балалар. Ауылдық жерлердегі 19 адам облыстық ауруханаға тексеруге жіберілді.
Екпеден бас тартқан отбасылармен жұмыс істеу бүгінгі күннің проблемаларының бірі болып отыр. 292 отбасы балаларын екпе салуға үгіттегенмен, төрт-ақ бала дәрігердің алдына келген. Облыс басшысы осы бағыттағы жұмыстардың нашар жүргізіліп отырғанын сынап, тиісті мекемелердің жетекшілері атына сын айтты.
Атқарылған шараларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіп отыру, халықты осы бағыттағы жұмыстармен хабардар ету — маңызды міндеттердің бірі. Аталған шара басталғалы баспасөз беттерінде 250-ден астам әртүрлі жанрдағы мақалалар жарияланды, бейнероликтер тұрақты көрсетілуде. «Үлкен сұрақ» спектаклі, «Ұл», «Беттерін тұмшалағандар», «Адасқанның айыбы жоқ…» қысқа метражды фильмдер жұртшылық назарына ұсынылды, фестивальдер, концерттер ұйымдастырылды.
Кәсіпкерлік ортаны дамыту жайы да жиында әңгіме өзегіне айналды. Салалық басқарма өкілі кәсіпкерлерді қолдау бағытында олардың арасында түрлі тақырыпта семинарлар, тренингтер өткізіліп жатқанын айтқанымен, облыс басшысы аталған жоба бойынша атқаратын істерді нақтылау қажеттігі жөнінде тапсырма берді. Мәселен, жат ағым жетегінде жүрген адамдар кәсіпкерлікке тартылды ма, оларға несие алу жөнінде қандай көмек көрсетілді?
Несие бөлу жөнінен қазіргі уақытта 3-ақ жоба қаржыландырылған. Ал бұл бағытқа бөлінген 5 миллиард теңгенің игерілу мөлшері 60 пайыздан аспай отыр.
Облыс орталығында, оның ішінде «Нұрдәулет» мешітінде басқа діни ағымдағы азаматтардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады.
Балалар арасында мектептің бірыңғай формасын сақтамаушылар әлі де кездеседі. Осы бағытта нақты жұмыс жүргізу қажеттігі алға тартылды.
Облыс басшысы құқық қорғау саласындағы кемшіліктерге баса назар аударды. Ол пәтер ұрлығы, қалта ұрлығы мәселелерінің тиылмай келе жатқанын сынады.
Жиын қорытындысында жоба бойынша ықпалды шараларға көбірек көңіл бөлу жайы айтылды. Сондай-ақ алдағы уақытта жұмыс әдістерін өзгерту, жетілдіру жөнінде ұсыныстар білдірілді.