Мемлекеттік рәміздер — ұлттық мақтанышымыз

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы көптеген мемлекеттік мекеме ғимараттарында мемлекеттік рәміздер бейнелеген маңдайшалар жоқ. Ал облыс аудандарындағы кейбір мектептер рәміздерді өз заңдылықтары мен талаптарына сәйкес орналастырмаған. 
Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова баяндады.
Отырысқа облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ онлайн режимде аудан әкімдері қатысты.
— Мониторингтің қорытындысы бойынша үшінші тоқсанда өткізілген 35 іс-шара аясында бұл бағытта жүргізілген жұмыстардан көптеген бұзушылықтар анықталды, — деді Бұлбұл Елеусінова. — Мемлекеттік мекемелердің кейбіреулерінде мұндай маңдайшалар жоқ. Аудандардағы мектептердің көпшілігіне өрескел бұзушылықтары бар мемлекеттік рәміздер бейнеленген маңдайшалар ілінген, ал Мұғалжар және Темір аудандарындағы мемлекеттік мекемелер мен саябақтарға ілінген Мемлекеттік Ту жарамсыз болып қалған және жаңартылмаған.
Жиында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова облыс орталығындағы мемлекеттік және білім беру мекемелеріндегі мемлекеттік рәміздердің орналасу тәртібі туралы баяндады.
— Жыл басынан бері мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мемлекеттік рәміздерді дұрыс орналастыру туралы мониторинг шеңберінде 7 шара өткізіп, 34 бұзушылық дерегін анықтады. Мекемелердің басшыларына ескерту жасалып, кеткен кемшіліктер жойылды, — деді К.Айдарханова.
  • Біз еліміздің мемлекеттік рәміздеріне жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарауымыз керек. Себебі рәміздер — біздің тәуелсіздігіміздің нышаны, ұлттық мақтанышымыз, — деді облыс басшысы. — Кезінде аталарымыз еліміздің Туы үшін жанын берді, сондықтан рәміздердің қаншалықты маңызды екенін болашақ жастарға түсіндіруіміз керек. Облыстағы әр ауданның орталығында саябақ салынып, кез келген адам оның ортасында орналасқан еліміздің Туы мен Елтаңбасын көруі керек.
Біздің облысымыз Өзбекстан мен Ресеймен шектесіп жатыр, сондықтан шекарадан өткен шетелдік азаматтар алдымен еліміздің мемлекеттік рәміздерін көріп, өздерінің тәуелсіз, егемен елдің аумағында тұрғанын түсінуі тиіс.