40 мыңнан астам ақтөбелік «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасымен қамтылды

Ақтөбе облысында тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу және экстремизм мен терроризмнің алдын алу, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды түсіндіру, өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылуда.
Аталмыш жоба соңғы үш жылда 7 рет өткізіліп отыр.
Жоба аясында 10 күн ішінде Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар, Темір аудандарында 42 мың тұрғынды қамтыған 996 іс-шара өткізілді. 5 мыңнан астам тұрғын консультациялық және тәжірибелік көмек алса, 36 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар 89 еңбек шарты жасалды. 35 азаматқа материалдық көмек көрсетілді. Аз қамтылған отбасыларға жаңа форматтағы әлеуметтік көмек тағайындалды.
4000 ауыл тұрғындары облыстың үздік дәрігерлерінен медициналық тексеруден өтті, 21 күрделі хирургиялық операциялар жасалды. 218 отбасыға медициналық екпеден бас тартпаудың себептері түсіндірілді.
Жұмыс топтарының сарапшылары да ауылда бизнес ортаны дамыту бойынша шаралар жүргізуде. Жоба жүзеге асырылғаннан бері 236 тұрғынға оқыту семинарлары мен тренингтер өткізіліп, шеберлік - кластары ұйымдастырылды. Кәсіпкерлерге айналым қаражатын толықтыруға және негізгі құралдарды сатып алуға пайыздық субсидиялау бойынша көмек көрсетілді. Сондай-ақ шаруа қожалықтарына да ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға инвестициялық субсидия түрінде қаржылық қолдау көрсетілді.
2500 астам тұрғын Мемлекет Басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" Жолдауының, «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын», «Рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаттарын және де мемлекеттік салалық бағдарламалардың өңірде жүзеге асырылуын түсіндіру бойынша өткізілген кездесулерге қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Облыстың 23 тұрғыны облыстық және аудандық газеттеріне тегін жазылу сертификатына ие болды.
Теологтар мен имамдар ауыл тұрғындарымен жеке және топтық кездесулер өткізді.
5 мыңнан астам адамның қатысуымен терроризмнің алдын алу, қарсы іс-қимыл жүргізу бойынша оқу-тәжірибелік сабақтары өткізілді.
«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясындағы жұмыстар 17 қарашаға дейін жалғасады.