Ақтөбе облысында алпыс отбасы қоныс тойын тойлады

Ақтөбе облысында ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Қарғалы ауданының Бадамша ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған алпыс пәтерлі жаңа бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. 17 желтоқсан, дүйсенбі күні мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұрған жетім балалар мен әлеуметтік жағынан әлжуаз топтағы отбасылар, бюджет саласының қызметкерлері қоныс тойын тойлады.
Ауыл тұрғындарын көптен күткен жаңалықтарымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.
«Елбасы саясаты әрқашан ең алдымен халықтың әл-ауқатын көтеруге, соның ішінде әрбір қазақстандықты баспанамен қамтамасыз етуге бағытталғанын білесіздер. Соның арқасында Ақтөбе облысында тек облыс орталығында ғана емес, облыс аудандарында да үйлер салынып жатыр. Тек осы жылдың қорытындысы бойынша облыста кем дегенде 900 м2 тұрғын үй салынады және халықты сапалы қол жетімді баспанамен қамту жұмысы жалғасады»,- деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.
Тұрғын үйдің құрылысына 430 млн теңге бөлінген. Жаңа құрылыстың ауласы да толықтай абаттандырылған – ойын, спорттық, футбол ойнайтын алаңдар орнатылған.
«Президентіміздің саясаты арқасында өз пәтерлеріміздің кілтін алып жатырмыз. Қуанып тұрмын. Мен екі баланың анасымын, ұзақ уақыт бойы «толық емес отбасы» ретінде үй кезегінде тұрдым. Бүгін біздің арманымыз орындалды»,-деді журналистермен әңгімесінде жаңа үйден пәтерлі болған Бадамша тұрғыны Евгения Коминская.
Сол күні Бадамшада сондай-ақ, мерекелік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, оған облыс әкімі де барды. Өңір басшысы ұсынылған өнімдерге бағасын беріп, тауар өндірушілермен әңгімелесті де оларды жаңа технологиялар менауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін игеруге, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға шақырды. Жәрмеңке кезінде қарғалылықтар бал, көкөніс, арпа, сүт пен ет өнімдерін, кондитер бұйымдарын, шекер мен т.б. төмен бағамен сатып алды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қос-Естек ауылында болып, орталық сумен қамту жүйесінің іске қосу рәсіміне қатысты. Аталмыш елді мекенді сумен қамтамасыз ету үшін  41 шақырым құбыр жүргізуге, көлемі 400 текше метрлік екі резервуар мен көлемі 50 текше метр болатын су жинайтын мұнара салу қажет болды.
«Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын көтеру туралы тапсырмасы аясында биыл біздің облыстағы ауылдардың көбісі  орталықтандырылған сумен қамту жүйесімен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде,  облыс орталықтандырылған ауыз сумен 93% қамтылды. Біз аудан тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен және маңызды әлеуметтік нысандардың ашылуымен құттықтау үшін арнайы келдік», - деді ауыл тұрғындарымен әңгімелескен Бердібек Сапарбаев.
Ол сондай-ақ, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікпен, атап айтқанда, ауылдың ірі республикалық тас жолда орналасқанын ескере отырып, жол бойында қызмет көрсетумен айналысуға, мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау құралдарын қолдана отыра ауыл шаруашылығын белсенді дамытуға шақырды.