Ақпараттық топ мүшелерінің жұмысы қорытындыланды

Жұма күні облыс әкімдігінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы мен мемлекеттік саясатты өңір тұрғындарына түсіндіру жұмыстарының қорытындысы бойынша  кездесу өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен кездесуге жоғарыдағы аталған шараларға және «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасына белсенді атсалысқан облыстық ақпараттық топ мүшелері қатысты.
Кездесу басында облыс әкімінің орынбасары облыс әкімдігі жанындағы ақпараттық топ мүшелері тарапынан мемлекеттік саясатты өңір тұрғындарына түсіндіру аясында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
— Өтіп бара жатқан жылда Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдаулары, «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көрді. Осы саяси құжаттарды халық арасында түсіндіру мақсатында ақпараттық топ мүшелері Ақтөбе қаласы және барлық аудандардың вахталық поселкелерінде, шалғай елді мекендерінде, түрлі саладағы кәсіпорындар ұжымдарында, колледждері мен жоғары оқу орындарында және мектептерінде кездесулер өткізді. Сонымен қатар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ағымдағы жылдың наурыз, маусым және қараша айларында өткізілген «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында ақпараттық топ мүшелері өңірдің 132 елді мекенінде 200-ден астам кездесу өткізіп, 14 904 адамды қамтыды, — деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов өзінің сөзінде.
Кездесуде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова ақпараттық топ мүшелерінің жыл ішінде атқарған жұмыстарына жоғары баға беріп, ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, атқарылған жұмыстардың тиімділігін анықтау мақсатында, облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан әлеуметтік сауалнамалар жүргізілгенін, нәтижесінде респонденттердің 92,3 пайызы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөніндегі мәліметтерді ақпараттық топ мүшелерінен алғандығын қалайтындықтары анықталғандығын жеткізді.
— Бұл ақпараттық топ мүшелерінің сапалы әрі тиімді қызметін көрсетеді, — деп түйді сөзін Бұлбұл Ораққызы.
Жыл ішіндегі атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиын соңында мемлекеттік саясатты түсіндіруге белсенді атсалысқан облыстық ақпараттық топ мүшелерін алдағы  Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хаты мен жаңажылдық сыйлықтар тапсырды.
Кездесуде облыстық ақпараттық топ мүшелері Қ.Қуанов, А.Тайжанов, Н.Абдуллаев сөйлеп, мемлекеттік саясатты түсіндіруге қатысты жұмыстарды одан әрі нығайтуға байланысты өздерінің ой-пікірлерін білдірді.