Облыс экономикасының өсімі — 5 пайыз

Облыстың биылғы жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Есепті кезеңде облыста қарышты даму одан әрі жалғасты. Мемлекет басшысының экономика өсімін 5 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы орындалды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның берген деректеріне сәйкес, өсім өңдеуші өнеркәсіпте — 8,5%, ауыл шаруашылығында — 4,1%, құрылыста 7% құрады. 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Облысқа тартылған инвестиция мөлшері 12%-ға артып, 422,8 миллиард теңге құрады.
«Біздің басты міндетіміз — қол жеткен қарқынды сақтап, жыл қорытындысы бойынша Президенттің экономиканың өсімін 5 пайыздан кем емес мөлшерге жеткізу туралы тапсырмасын толық орындауды қамтамасыз ету», — деп облыс әкімі міндет қойды.
Бердібек Сапарбаев сондай-ақ бюджет қаржысының жұмсалуына қатаң бақылау орнатуды талап етіп, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдеріне қаржыландыру жоспарына сәйкес толық және тиімді игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиында Мемлекет басшысының халықтың табысын көтеру жөніндегі бастамасы облыста қалай жүзеге асып жатқаны қаралды. Бұрын хабарланғанындай, Президенттің жалақының ең төменгі мөлшерін 42,5 мың теңгеге дейін көтеру туралы тапсырмасын тиімді орындау үшін облыста экономиканың барлық спекторларында еңбекақы төлеміне байланысты ағымдағы жағдайды талдап отыратын арнаулы жұмыс тобы құрылды. Өткен айдың өзінде ғана жұмыс тобы еңбекақылары 42,5 мың теңгеден төмен 12,1 мың бюджеттік сала қызметкері бар екенін қосымша анықтады. Нәтижесінде, 2019 жылдың 1 қаңтарынан 42 мыңнан астам бюджет қызметкерінің, сондай-ақ жеке секторда жұмыс істейтін 39 мыңдай адамның еңбекақысы көтеріледі деп күтілуде.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі ең төменгі еңбекақыны көтеру туралы бастама аясына енетін азаматтардың нақты санын анықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Бұл мәселені талқылау барысында облыс басшысы жұмыс берушілердің ақтөбеліктерге жаңа жыл қарсаңында сыйақы беруі қажеттігін де атап көрсетті. Оның пікірінше, бұл жай ғана белгілеу үшін емес, салмақты сыйлық болуы тиіс. Облыс әкімдігі ҚР Тәуелсіздігі күнін мерекелеу қарсаңында да аймақтағы кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлеріне сыйлық беру туралы ауқымды түсінік жұмыстарын жүргізген болатын.
Бұдан басқа, жиында 11 ай ішіндегі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары талқыланды. «Бүгінгі күні бұл бағдарлама бойынша жылдық жоспар 5 пайызға артығымен орындалды, 46 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды», — деп хабарлады жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров. Оның айтуынша, биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап тегін орта-арнаулы білім алуға 1085 адам кірісті. Бұдан басқа, қысқа мерзімді кәсіптік курстарға 2300-дей жұмыссыз қабылданды, олардың 1674-і қазірдің өзінде оқуын аяқтап, жұмысқа орналастырылды. Қалалар мен ауылдарда бизнес-бастамаларды шағын несиелендіру бойынша жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Бүгінгі күні бизнес ашуға және оны дамытуға 972 ақтөбелік барлығы 4,4 миллиард теңге шағын несие алды.