Латын қарпіне көшу — өркениетке апарар жол

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, 2025 жылға қарай елімізде іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар латын қарпімен шығарыла бастайды.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Латын қарпіне көшу — өркениетке апарар жол» атты дөңгелек үстел өтті.  Аталған оқу орнының «Рухани жаңғыру» орталығы және қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы бірлесіп ұйымдастырған жиынға қаладағы жоғары оқу орындарының филолог ғалымдары, облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары, зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты.
Жалпы, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің маңыздылығы неде? Жиын осы сауал төңірегіндегі пікірлерден басталды.
Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті Нұрбол Садуақас:
— Бұл мәселені соңғы екі жыл бойы халыққа түсіндіріп келеміз. Десе де, «Қалыптасқан әліпбиден неге бас тартамыз?» — деген сауал алдымыздан әлі де шығады. Ең алдымен мынаны ой елегінен өткізу керек: КСРО тұсында тіліміздің заңдылықтары көп жағдайда ескерілмеді, әліпбиіміздің өзі орыс әліпбиінен көшірілді, жаңадан енген халықаралық сөздер мен терминдерді орыс тілінің заңдылығына бағындырылған нұсқада қабылдауға мәжбүр болдық. Соның салдарынан, әлі күнге дейін орыс тілінің ықпалынан шыға алмай келеміз. Мысалы, кейбір қыздарымыз өз есімін «Жанар» демейді, «Жанара» дейді. Орыс тілінің ықпалынан шығудың, өз сөзімізді орысшаға бейімдеп айтудан арылудың бір жолы — әліпбиді латын қарпіне көшіру. Орыс тілінің ықпалынан шығуға ұмтылу — орыс тілін үйренуге қарсылық емес. Білім — үлкен қазына болса, орыс тілі — сол қазынаға қол жеткізудің бір құралы. Ата-бабаларымыз: «Жеті жұрттың тілін біл» деген өсиетті бекер айтпаған. Алайда өз тілімізді таза сақтау — ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы өте маңызды қадам, — деді.
Өзінің «Қазақ тілінің жаңа емле ережелері» туралы баяндамасында Нұрбол Садуақас жаңа әліпбиде болмайтын ю,ц, т.б. әріптермен жазылатын сөздерге қатысты ғалымдардың бүгінгі ұсыныстарын, жалпы, жаңа емледегі өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
Ұйымдастырушылар тарапынан сөз алған С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Мұхтар Миров:
— Латын әліпбиіне көшуге байланысты көптеген жұмыстар жоспарланып отырғаны белгілі. Жоғары оқу орындары, соның ішінде біздің университет ғалымдары да сол жұмыстардың бел ортасында жүр. Университет басшылығы алда осы тақырыпқа халықаралық конференция ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Тәжірибе бөлісу мақсатында конференцияға латын қарпіне көшкен көршілес түркі елдерінен ғалымдар шақырлады, — деді.
Дөңгелек үстелде облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Д. Нұрмұхамедова, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы А. Бекбосынова, т.б. баяндамалар жасады. Студенттер жаңа әліпбиге қатысты талқылауға белсенді түрде қатысып, өз пікірлерін батыл жеткізіп отырды.