Ақпараттық топтар оқу орындарына барды

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау мақсатында студенттермен кездесу өтті.
Басқосуға облыстық ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған ақпараттық топтың және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдері, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек қатысып, Елбасы мақаласының мән-маңызына кеңінен тоқталды.
— Жас ұрпақ «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тарихымызды танып, өркениеті дамыған 30 елдің қатарына енуіне лайықты үлестерін қосуы керек.
Кез келген ұлттың мақтанышы — тарих. Елбасымыз сол ұлттық тарихымызды түгендеп, ұлы даланың жеті қырын айқындап берді. Осы орайда Мемлекет басшысы «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты жоба ұсынды. Қазақ жерінен шыққан ұлы көсем, ғалымдар өте көп. Әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Тәуке хан мен Қобыланды батырлар қазақ елінің мақтаныштары. Сіздер де дәрігер болғанда, адамның жанын, тәнін емдейтін білікті маман болуларыңыз қажет. Мәселен, осы білім ордасының түлектері, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов пен Жақсылық Досқалиев сынды белгілі тұлға болып қалыптасып, осындай  адамдардан үлгі алуларыңыз керек, — деді Еркін Құрманбек.
Бұдан соң ол Әбілқайыр ханнның өмір жолы мен ұрпақтары туралы кеңінен әңгімеледі.
Жиын барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов жастарға студенттік шақты босқа өткізбей, терең білім алуға, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.
Бүгінде медицина университетінде 5 мыңға жуық студент бар. Олардың жан-жақты білім алуына барынша жағдай жасалып, толықтай жатақханамен қамтылып отыр.
 
* * *
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты қос мақаласында  жастар мәселесіне айрықша көңіл бөлінеді. Онда айтылғандардың барлығын жас буын терең түсініп, саралай білсе, биылғы  астар жылы аясындағы ауқымды істер жүзеге асып, алға сенімді қадамдар жасалмақ. Осы орайда  ақпараттық насихат тобы С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенттерімен кездесті.
Кездесуде аталған оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Нұрдәулет Алдашев қазіргі қазақ қоғамында үлкен серпілістер, рухани жаңалықтардың болып жатқанын, оған жастардың қосатын үлесі, пікірі мен ұсынысы маңызға ие екенін айтып өтті.
Топ басшысы, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы: «Университетте білім алып жатқан әр жасты белгілі бір дәрежедегі тұлға деп санаймын. Олар сауатты, жан-жақты, көзі ашық, болашағын болжай алады. Саясаттағы басты мәселе — қазақ халқын алға бастыру. Біз әлі үйрену үстіндеміз.  Мұның бәрі еліміз үшін жасалып жатқан нәрсе. Сол себепті біз осы жерде жастарды тыңдап, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түруіміз керек, — дей келе ұлтымыздың тұтастығы мен мәдениеті туралы сөз қозғады.
Ал облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Ардақ Бекниязова облыста 208 мыңнан астам жас барын, оның 131 мыңы қалалық жерде тұратынын айтты.
— Ауыл жастарына, оның ішінде шалғайдағы жас буынға қолдау керек. Олардың арасында көпшілігінің оқуын жалғастырып, жұмысқа тұруында кедергілер кездеседі. Биыл облыста жастарға арналған 300-ге жуық шара өтеді. Іс-шараларды ұйымдастырып қана қоймай, оның нәтижесі болуы тиіс. Патриоттық тәрбие беру маңызды, — деді А.Бекниязова. 
Қазір жастар ісімен айналысатын басқарма мамандары облыстағы барлық оқу орындарынан арнайы тізім жасақтауға кіріскен. Сол тізім бойынша студенттерді сұранысқа сай мамандықтар бойынша түрлі жобаларға қатыстырып, кәсіпкерлікке бейімдемек. Бұл —  түлектердің алдағы уақытта жұмыссыз қалуының алдын алу бағытында жасалып жатқан шара.
 
* * *
Осындай кездесулер А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі, М.Мәметова атындағы Ақтөбе медициналық және Ақтөбе политехникалық колледждерінде де ұйымдастырылды.
Ақпараттық топтың құрамында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Қазбекова, денсаулық сақтау саласының ардагері Роман Рахиев, білім саласының ардагері Қуан Қамалхан, т.б. болды.
Ақпараттық топтың жоғары және арнаулы оқу орны студенттерімен кездесуі 2 ақпанға дейін жалғасады.