Барлық тапсырма мерзімінде орындалуы тиіс

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Ақтөбе қаласының 150 жылдық тойына дайындық жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшелері бас қосты. Жиында облыс әкімі той аясында атқарылып жатқан және атқарылатын істерді тағы бір пысықтап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Қала тойын мерекелеуге дайындық және оны өткізу мәселелері бойынша жұмыс топтарының атқарған жұмыстары туралы ақпараттар берілді. Алдымен сөз алған қала әкімі Ілияс Испанов ұйымдастыру комитеті тарапынан жасалған бірқатар істерді алға тартты. Бірінші мәселе — 150 жылдық тойдың логотипі. І.Испановтың айтуынша, логотип дайындауға байланысты конкурс жарияланып, оған 37-ден артық ұсыныс келіп түскен. Оның барлығы әлеуметтік желілерге жарияланған.
— Логотиптің идеологиялық мәні болуы шарт. Сырттан келген кез келген адам логотип арқылы Ақтөбе қаласының әлеуетін, перспективасын, даму ерекшелігін түсінуі керек. Мысалы, қызғалдақ біздің қаламыздың не әлеуетін, не даму ерекшелігін көрсете алмайды, сондықтан логотипте қызғалдақтан гөрі өнеркәсіптік, өндірістік бағытымыз айқын байқалуы қажет, қаламыз қай бағытта жақсы дамып келеді, сол көрінуі керек. Сондықтан тағы бір апта осы жұмысты нақтылап, соңғы нұсқаны дайындау керек, — деді облыс әкімі.
Қала әкімінің айтуынша, 150 жылдық аясында іске асырылатын 150 ірі жоба пулы жасақталған. Сондай-ақ 12 аудан әкімдігі тарапынан жаңа 3 сквердің құрылысын салу және 7 скверді абаттандыру бойынша эскиздік жобалар әзірленген.
— Бұдан өзге де бірнеше акция өткізіледі. Мысалы, қаланың 150 жылдығын мерекелеуге орай және су қоймаларының жағалау аймақтарының санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында қала тұрғындарының және студенттердің қатысуымен «Таза жағалау» акциясы, қоқыс жинау және шығару жұмыстары жүргізілетін болады. Қаламызды көгалдандыру бойынша«Әдемі клумбалар» акциясы жоспарланып отыр, бұл бағытта клумбалар орнату үшін 10 учаске белгіленді, — деді І.Испанов.
Облыс әкімі той аясында салынатын құрылыстардың қыркүйек айы басталғанша толық аяқталып болуы керектігін қатаң тапсырды. Себебі қаланың 150 жылдығына арналған қорытынды шара қыркүйекте өткізіледі.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева мәдени-көпшілік, спорттық шараларға қатысты ақпарат берді. Оның айтуынша, облыстық, аймақтық, халықаралық деңгейдегі шаралар ұсыныс ретінде берілген. Олардың қатарында театр фестивальдері, халықаралық симпмозиумдар, концерттік бағдарламалар, өнер мекемелерінің аудандарға гастрольдік сапарлары, аудандарда өткізілетін Ақтөбе қаласының күндері сынды шаралар бар. Облыс әкімі бір-бірінен аумайтын ұсақ шараларды қысқартуды, кейбір шараларға қатысты қаржыландыру мәселесін қайта қарауды тапсырды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова қаланың 150 жылдық тойына қатысты облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарында шығып жатқан жарияланымдар, арнайы айдарлар мен бағдарламалар турасында ақпарат берді.
— Қазір Ақтөбе қаласының құрметті азаматтарының суреттерін қала көшелеріндегі баннерлерге ілуге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, осы мәселеге қатысты арнайы комиссия құру қажет секілді, — деді ол. Облыс әкімі бұл комиссияның ұйымдастыру комитеті аясында құрылуы қажеттігін ескертті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Б.Сапарбаев қаланың 150 жылдығын өткізуге қатысты құжаттарды, қағаздарды ақпан айында толықтай аяқтап, наурызда тойды кең ауқымда тойлауды іс жүзінде қолға алу керектігін қатаң тапсырды:
— Барлық жасалатын жұмыстарға нақты мерзім қойып, соның орындалуын қатаң қадағалау қажет. Бір аптаның ішінде қаржыландыру мәселелері реттеліп, жүргізілетін құрылыстардың жобалау-сметалық құжаттары дайындалуы тиіс. Облыс және қала әкімдігі бірлесіп жұмыс жасауы шарт.  Орынбасарларыма, басқа жауапты тұлғаларға осы жұмыстарды бір аптаның ішінде толық аяқтауларыңызды тапсырамын, — деді Б.Сапарбаев.