Бір халық — бір ел — бір тағдыр

 
Қыдырғали Ермұқан,
Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
 
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ — ҰЛТТАР МЕН ҰЛЫСТАРДЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ
 
Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, Қазақстан тарихи тағдыры ортақ этностардан құралған унитарлы мемлекет болғандығына биыл 22 жыл толады. Сол бір күрделі де қалыптасу кезеңінен бергі уақытта Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім мен ішкі саяси тұрақтылыққа негізделген парасатты саясатының өміршеңдігін қазіргі заманғы даму толық дәлелдеп отыр. Тарихи тағдыры ортақ түрлі ұлт өкілдері тәуелсіз Қазақстанның іргесін бірге қаласты. Олардың арасында этносаралық келісімді жетілдіруде өткен айда 18 жылдығын атап өткен еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің ортақ құрылымы, азаматтық қоғамның ерекше институты — Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттар мен ұлыстардың алтын діңгегіне, біздің ұлттық игілігімізге айналды. Көп ұлтты және көп конфессиялы ел болып отырған біздегі толеранттылық пен кикілжіңсіз дамудың ерекше үлгісі бүгінде нақты қолданбалы сипатқа ие болып отыр.
Өткен аптада болған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында жоғары мінберден айтылған сөздер осының айғағы. 
«…Осы жылдар ішінде Ассамблея кәмелет жасына жетіп, ұлтымыздың аса маңызды жалпыазаматтық институтына айналды. …Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды. Біздер мен сіздер атқарған  жұмыстың, Ассамблея жұмысының басты нәтижесі, міне, осы! Бүгін біз Ассамблея — тұтастай Қазақстан халқы деп толық негізбен айта аламыз! Барлық он жеті миллион! Бүгін Ассамблея — тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сенімді, берік іргетасы. Ассамблея тарихы — ел тарихы, халық тарихы», — деді Елбасы.
Ақтөбе облысында 90-ға жуық ұлт өкілдері тұрып жатыр. Облыс тұрғындарының 20 пайыздан астамы өзге ұлт өкілдері. Ассамблея құрамында облыстың беделді этностық топтар өкілдері, еліміздің шынайы патриоттары жұмыс жүргізіп келеді. Олар 19-шы сессиядан кейінгі бір жыл кезеңде Ассамблея Төрағасы, біздің Президент алға қойған тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыруға, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосты. Шешен, татар-башқұрт, корей секілді бірнеше этномәдени бірлестіктер жетекшілері жедел ақпараттық-насихаттық топтар құрамына енгізілді. Басқа да бірлестіктер жетекшілері елдегі, облыстағы қоғамдық маңызды оқиғалардан ешқашан тыс қалған емес.   
Қазіргі уақытта облыста Ассамблея қанатында 18 этномәдени бірлестік, мемлекеттік және ұлт тілдерін оқытатын 6 жексенбілік мектеп, «халықтық» және «үлгілі» атағы бар көркем шығармашылық ұжымдар, жастар клубтары Достық үйінің базасында топтасып жұмыс жасап жатыр.
Облыс әкімдігінің қолдауымен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өңіраралық және халықаралық шараларға ұдайы қатысуда. Кейінгі бір жыл ішінде облысымызда этносаралық қатынастарды жетілдіру, келісімді жақсарту саласында халықаралық-республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық деңгейдегі іргелі де ірі көптеген шаралар — «Сабантой – 2012» мерекесі, украин, славян, әзірбайжан, корей этномәдени бірлестіктерінің атаулы күндері мен мерейтойлары, этнос күндері мен салт-дәстүр мерекелері және басқа да көптеген шаралар өткізілді. Мәселен, Қазақстан халқының бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау, көршілес өңірлердегі этномәдени бірлестіктермен шығармашылық байланысты дамытуда соңғы кезде өткізілген бірегей маңызды шара — «Бейбітшілік пен келісім» акциясының Өскемен – Павлодар – Қарағанды – Көкшетау – Петропавловск – Қостанай – Ақтөбе маршрутымен біздің өңірде жалғасуы және әрі қарай Орал қаласына тапсырылуы болды. Мұндай шаралар халқымыздың бірлігін күшейтіп, облыс Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің беделін көтеретіндігіне шүбә жоқ.
Мұндай іргелі шаралар биыл да жыл бойы жүзеге асырылмақ. Мысалы, «Достықта шекара жоқ» атты шекаралас, көршілес өңірлер ынтымақтастығының өңірлік фестивалі барысында Ресей Федерациясының көршілес қалаларына сапарға бару, олардың бізге келуі, шетелдерде тұратын отандастарымызбен кездесулер, ұлтаралық келісім құндылықтарын насихаттау мақсатында ақпараттық-насихаттық топтар мүшелерінің, этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің, ақсақалдар кеңесі мүшелерінің өңір тұрғындарымен кездесулері, Қазақстанға Қырымдағы Туапседен гректер депортациялануының 70 жылдығына арналған күздегі еске алу шаралары, Ресейдің және Қазақстанның көршілес облыстарының үздік шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтетін «Мәдениет үндестігі» атты дәстүрлі республикалық фестиваль секілді бірнеше атаулы шара өткізілмек. Қазіргі уақытта бұл шараларға қатысты дайындық жұмыстары жүргізілуде.
 
 
 
Ян Липириди,
«Эллада» грек этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық дене шынықтыру диспансерінің дәрігері:   
 
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНСЫЗ ЕШҚАНДАЙ БІРЛІК ТЕ, ТАТУЛЫҚ ТА БОЛМАЙДЫ, БОЛУЫ ДА МҮМКІН ЕМЕС!
 
Егер Ақтөбеде Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық жиырма сессиясына қатысқан екі адам болса, соның бірі менмін. 1995 жылдың 24 наурызында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясы мен кешегі болған жиырмасыншы сессия арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бұл уақыттарда елімізде де талай игілікті істер атқарылды.
Ассамблеяның сессиясы өткен сайын сол ең тұңғыш тарихи отырысты еріксіз еске аламын.Тұңғыш сессияда нағыз тарихи шешімдер қабылданды. Сол жылы Парламент таратылып, Президентті қайта сайлау мерзімі келген болатын. Сессия барысында Ассамблея мүшелері Мемлекет Басшысының өкілеттілігін кеңейту туралы ұсыныс жасады. Бұл Қазақстан халқының бірауыздан айтылған шешімі болды деуге де болатын еді. Міне, тұңғыш сессия осы тарихи шешімімен есте қалды.
Одан кейінгі сессияларда да еліміз үшін маңызды мәселелер қаралды. Мысалы, екінші сессияда Елбасы тұңғыш рет Негізгі заңның басты басымдықтарын айқындап, Ата заңның жобасын алғаш рет қоғамдық талқылауға ұсынды. Төртінші сессия бірінші рет жаңа астанамыз — Астана қаласында өткізілді.
Жалпы қай сессияның болсын өзінің көтерер жүгі, мақсаттары мен міндеттрі болды, Ассамблея қабырғасында талай іргелі құжаттар қабылданды.
Соңғы сессияны Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» деп атады.
«Неге біз бұлай айта аламыз?
Өйткені «бір халық» — бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер.
«Бір ел» — бұл барлығымыз үшін ортақ Отан.
«Бір тағдыр» — бұл біз бірге жүріп өткен  қиындықтар мен жеңістер!
Бұл біздің ортақ келешегіміз – игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан!», — деп түсіндірді Елбасы сессияның тақырыбын кеңейте айта отырып. Иә, бір елде өмір сүріп отырған барлық халықтың тағдыры осы елдің тағдырымен біте қайнасып жатыр, осы уақыт аралығында Елбасы ұлтаралық алауыздыққа жол бермей, көптеген қиындықты жұмыла көтеруге шақырды. Елде қанша қиындық болса да,    біз — бір ел болып жұмыла көтердік. Біз барлығымыз бір елміз, бір-бірімізден ешқайда кете алмаймыз, кетпейміз де. Қазір біздің елімізді де, Елбасымызды да әлем елдері мықты мемлекет, мықты саясаткер ретінде мойындап отыр. Мемлекет Басшысы барлық сөзінде ынтымақты, бірлікті әрқашан сақтау керектігін, біздің жеткен жетістіктеріміздің негізінде еліміздегі халықтардың татулығы жатқанын айтып отырады. Жиырмасыншы сессия барысында сөйлеген сөзінде де бастан-аяқ бірлік, татулық туралы айтты.
Елбасы қазақ ұлтының орны бөлек екенін баса көрсетті. Қазақ халқы — барлық халықтарды өз айналасына жинап, береке-бірлікте ұстап отырған ұйытқы, темірқазық. Елбасының: «Біз бүкіл күш-жігерімізбен қазақтардың ішкі бірлігін нығайтуымыз қажет!», — деген сөзінде үлкен мән жатыр. Себебі, қазақ халқынсыз біздің елде ешқандай бірлік те, татулық та болмайды, болуы да мүмкін емес. Әрине, бұл тұрғыда мемлекеттік тілдің де орны бөлек. Басқа халықтардың тілдерінің барлығы мемлекеттік тілдің айналасында ұйысып отыр. Елбасы өз сөзінде елімізде тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтпағанын сөз етті. Дұрыс, ешкім өз тілін жоғалтпауы керек, бірақ барлығының да мемлекеттік тілді білуі міндетті. Қазір менің жасым сексенге жақындады, мемлекеттік тілді мүмкіндігімше меңгеруге тырысамын, балаларыма, немерелеріме де мемлекеттік тілді білу қажеттігін айтып отырамын үнемі.
Мен осы жерде өмірімнің ең мағыналы сәттерін өткізіп келемін. Қазақстанда оқыдым, үйлендім, үбірлі-шүбірлі болдым, қызмет жасадым. Медицина саласындағы еңбек тәжірибем — 50 жыл. Жолдасым да осы салада 50 жыл қызмет етті, яғни екеуміздің ортақ еңбек тәжірибеміз 100 жыл. Ұлым да, қызым да, немерем де біздің жолымызды қуып, дәрігер болды. Кейде таныстарым маған: «Сен неге Грузияға, Грекияға көшпейсің?» дейді. «Неге? Мен онда ешкім емеспін. Грузияда, не Грекияда кемпірім екеуміз көшеге шықсақ, біз ол жерде ешкімге керек емес жай ғана кәрі кемпір-шалмыз, ал өзімнің Ақтөбемде қазір мен көшеге шығайыншы, әрбір бесінші адам менімен амандасып, сыйлап, құрметтеп тұрады. Адам өзін қажет ететін, сыйлайтын жерде жүруі керек», — деймін.
   
 
Шахбаз Джамалов,
Ақтөбе қаласындағы «Әзірбайжандар қауымдастығы» респбуликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
 
БІЗДІҢ АССАМБЛЕЯНЫ ӘЛЕМДЕГІ АЛЫП ҰЙЫМДАР МОЙЫНДАДЫ!
 
«Қазақстан-2050» стратегиясы: бір халық — бір ел — бір тағдыр» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында келелі ой-пікірлер айтылды. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың барлығы — бір халық! Есіңізде болса, бұрын Қазақстан халықтары Ассамблеясы деп аталған болатын, енді Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталатын болды. Мұның өзі, мерейлі ХХ сессияның тақырыбында айтылып тұрғандай, бір мақсатты көздеген, бір мүдде үшін бірге өмір сүріп жатқан бір халық екендігімізді көрсетіп тұр емес пе?..
Елбасының баяндамасында айтылғандай, еліміздегі экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар этносаралық келісім мен үйлесімнің арқасында табысты жүргізілді. Алда да талай белестер бар, бірігіп жеңуге тиісті қиындықтар да жоқ емес. Дүние жүзінің кейбір елдерінде әлемнің үрейін ұшырып отырған оқиғалар орын алып жатыр. Елбасы осындай жағдайларды мысал ете отырып, қиындықтарды жеңуде жұмылып жұдырық болу керектігін алға тартты. Және жаңа жағдайларда Ассамблеяның нағыз жалпыхалықтық институт болуы тиіс екендігіне баса мән берді. «Ассамблеяның XXI ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келеді! Өкінішке қарай, мұны барлығы бірдей, тіпті шенеуніктер де түсіне бермейді. Кейбіреулер Ассамблеяны этностық азшылықтың өкілдігі деп ойлайды», — деді Елбасы. Сол себепті облыс әкімдеріне жергілікті ерекшеліктер мен этнодемографиялық құрылымдарды есепке ала отырып, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың Тұжырымдамасын жасауды, қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалардың орталығы ретінде Достық үйлері жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігін тапсырды.
Бүкілхалықтық өкілдікке айналған Ассамблеяны қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуразия Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңестің өзі де мойындап отыр. Ешкімге керек емес, пайдасыз ұйым болса, мойындамас еді деп ойлаймын.
Ассамблеяның ХХ сессиясы барысында Мемлекет Басшысы бізге үлкен міндеттер жүктеді. Біз барлығымыз кикілжіңсіз қоғамымызда дау-дамайдың болмауына мүдделіміз және соған жұмыс жасауымыз керек. Осы тұрғыда Ақтөбедегі барлық этномәдени бірлестіктердің төрағалары ретінде біз халықпен, әсіресе, жастармен көздесіп, Елбасының жүргізіп отырған саясатын насихаттаймыз. Мәселен, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері «Халықтық ІРО» бағдарламасын
халық арасында түсіндіруге белсенді атсалысып келеді.
Мен Ассамблея сессияларына 2008 жылдан бастап қатысып келемін. Жыл сайын сессияларда айтылатын мәселелер де, қойылатын мақсат-міндеттер де бұрынғыдан гөрі маңыздырақ, тереңірек болып келеді. Бұл жолы Елбасы Ассамблеяға бұрынғыдан да үлкен сенім артып отырған сыңайлы. Әлемдік экономикадағы орын алып отырған жағдай, дамыған елдердің рейтингтерінің төмендеуі, рецессияның жаңа толқынының болуы мүмкіндігі, анау Кипрде болған оқиғалардың барлығы алдаңдатарлық дабыл екендігін айтып, бұл жағдайлардың барлығы этномәдени ахуал трендтеріне ықпал ететіндігін тілге тиек етті. Осы тұрғыда біздің елімізде басқалардай емес, ашық мемлекеттік стратегия мен ізгі ниет бар жағдайда бірлік пен көпқырлылық трендтері бір-біріне қайшы келмейтініне, керісінше, бірін-бірі толықтыратынына сенімді екендігін баса айтты.
… Биыл біздің этномәдени бірлестікке 12 жыл толды. Жексенбілік мектептер жұмыс жасайды. 4 топ бар. Балалар өздерінің туған тілдерімен қатар мемлекеттік тілді де оқып жатыр. Әзірбайжан 2001 жылы латынға көшті. Сондықтан біздің балалар әзірбайжан тілімен бірге латын қарпін де үйреніп жатыр. Сонымен қатар туған ұлтының тарихын, мәдениетін де тереңірек білуге бізге барлық мүмкіндіктер беріліп отыр.
 
 
Равиль Құрбанғалиев,
«Шатлық» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
 
ОСЫНЫҢ БАРЛЫҒЫ ЕЛБАСЫНЫҢ, ТАТУЛЫҚТЫ СҮЙЕТІН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АРҚАСЫ
 
Ассамблеяның ХХ сессиясы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарды дұрыс тәрбиелеу қажеттігін аққа қара басқандай нақты айтты. Қазір қоғамды жастардың түрлі радикалды діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқандығы қатты толғандырып отыр. Осы тұрғыда Елбасы жастарды біздер үшін бөгде радикалды діни ағымдардан қорғау қажеттігін айтты. «Жаһандық трендтерді ескере отырып, біз мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара қарым-қатынастарының тиімді моделін табуға тиіспіз. Біз дәстүрлі діндерді қолдаймыз, бірақ кез келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарамыз. Жастарды біздер үшін бөгде радикалды діни ағымдардан қорғау қажеттігіне менің сенімім мол», — деді Елбасы. Мыңдаған жылдар бойы төзімділікті ту еткен қазақ даласындағы толеранттылықты біреулер ойына келгенді істеу деп ұғуы мүмкін. Алайда толеранттылық деген, анау айтқандай, ойыңа келгенді істеу емес, «өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық қалыбы».
Мен Астанада түрлі дін ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен халықаралық конференцияға қатыстым. Бұл басқосуда да дәстүрлі исламнан тыс бөгде радикалды ұйымдардың ықпалында кетіп жатқан жастардың, өкінішке қарай, саны көп екендігі айтылды. Соның ақырында қоғамда түсініспеушіліктер орын алып жатқаны тағы да белгілі. Бұл ұйып отырған елімізге сырттан көз алартып отырған әлдебір күштерге қажет болуы да мүмкін. Алайда біз осындай жағдайдың туындауына жол бермеуіміз керек. Осы тұрғыда қазір жер-жерде «Елімнің тағдыры — менің тағдырым!» акциясының өткізіліп жатқаны үлкен маңызға ие болып отыр. Біздің «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігінің «Мирас» жастар секторы, ақсақалдар кеңесі де барынша жұмыс жасауда. Егер тоқсаныншы жылдардың аяғында «Мирас» секторында бар болғаны 12-13 жас болса, қазір олардың саны 105-ке жетті. Олар өзара жиналып, үлкенді сыйлау, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, кезінде талай ұлтты бауырына басып, басына пана, жанына сая болған қазақ деген ұлы халықтың тілін, мәдениетін білуге ұмтылдыратын тәрбие-тәлімге толы басқосулар өткізеді, ақсақалдар кеңесімен кездеседі. Қазір Елбасының тапсырмасы бойынша жер-жерде зәулім сарайдай Достық үйлері ашылды. Біз бұрынғыдай өз қазанымызда өзіміз қайнап отырғанымыз жоқ, бірнеше этномәдени бірлестіктер өзара тығыз байланыс орнатып, шын мәнінде, бір шаңырақтың астында тату тірлік кешіп жатырмыз. Осының барлығы Елбасының, татулықты сүйетін қазақ халқының арқасы.
Сессия барысында 19-ыншы сессиядан кейінгі бір жылдың ішіндегі жұмыстар қорытындыланды. Елбасы алдымызға жаңа міндеттер қ?йды. Міне, елге келіп, сол жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Ассамблеядан келген бетте мені өз ауылымда ақсақалдар кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Бұл да үлкен жауапкершілік.
Елбасы айтқандай, кез келген еңбек ұжымда өзара түсіністік пен келісім болғанда ғана табысты. Мемлекет Басшысы 10 гектар жерге бау-бақша өсіріп, осының есебінен балалар үйіне 156 баланы өсіруге көмектесіп жүрген ана Парахат Хаджиметоваға «Бірлік» медалін тапсырған болатын. Нағыз үлгі боларлық іс. 156 балаға ана болған бұл кісіні мен де өз жерімде үлгі етуге дайынмын. Себебі, қараңыз, қазір Алға балалар үйінің өзінде көзі жәудіреген жетім балалар бар. Қазақстанның барлық жерінде мұндай балалар үйлері бар. Сондағы балаларды қазынашылық орындарда емес, мысалы, ауылдық жерде тәрбиелеп, еңбекке баулысақ, қандай тамаша болар еді. Міне, мен этномәдени бірлестіктің төрағасы, ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде осы мәселені көбірек көтергім келеді.
 
 
Сергей Вишняк,
«Славяне» Ақтөбе аймақтық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Динар-Электромаш» ЖШС басқармасының директоры:
 
АДАМДА ОТАН БІРЕУ БОЛАДЫ!
 
— … Ұлттар көп, бірақ халық — біреу. 2007 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша біздің азаматтық институтымыз, яғни «Қазақстан халықтары Ассамблеясы» — «Қазақстан халқы Ассамблеясы» болып өзгерді. Бұл көпұлтты қоғамымыздағы достық пен татулықтың тінін одан әрі нығайтқандай болды.
Мен өз Отанымды сүйемін!.. Иә, рас, мүмкін бұл сөз жаттанды естілетін шығар. Алайда адамда отан біреу ғана болады. Ал «тарихи отан» деген ұғымды өзім соншалықты қабылдай алмаймын. Себебі, «тарихи отан» болса, мүмкін «тарихқа дейінгі отанды» да табуға болатын шығар. Сонда, адамда неше отан болады?.. Ал отансыз адам тексіз емес пе?..
Біздің «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 20 ұлттың өкілі болып табылатын 240 адам жұмыс жасайды. Олардың ешқайсысы «тарихқа дейінгі отандарын» іздемейді. Себебі, олар Президентіміздің бізді бір халық деп есептейтінін, біздің отанымыздың бір екендігін біледі. Қазақстандық орыс, қазақстандық украин, қазақстандық неміс… бәрі-бәрі қай жерде жүрсе де ерекшеленіп тұрады. Біз қайда жүрсек те, біздің құрметімізге басқаның емес, Қазақстанның көк байрағы көтеріледі.
Отбасыны шағын мемлекет деп есептесек, бір отбасында тұрып жатқан бірнеше ұлт өкілдері сол әулеттің салты мен дәстүрін сыйлайтыны, ұстанатыны белгілі. Үлкен мемлекетте де солай болуға тиіс. Елбасының сөзімен айтсақ, қазақтардың белсенді араласуынсыз Қазақстанда ешқандай ұзақ мерзімді қоғамдық келісімнің болуы мүмкін емес. Сондықтан біз серіктестікте салтанат залын аша отырып, оны қазақ ойшылы Мөңке бидің 330 жылдығына арнадық. Оның құрметіне ас беру ұйымдастырып, мемориалдық тақта орнаттық. Жалпы, бізге қызметке келген жаңа қызметкердің әрқайсысына жай ғана жұмысшы болудың аздық ететінін, азамат болу қажеттігін, мемлекеттік тілді, осы елдің тарихын білу керектігін айтамыз. Тіл демекші, біздің кәсіпорында мемлекеттік тілді үйрену курстарына арнайы қаржы қаралған, бұған қоса қажет жағдайда ас беру, садақа, қасиетті жұмада дастарқан жаю секілді дәстүрлердің барлығы орындалатынын айта кеткім келеді. Елбасы өз сөзінде «Ел-жұрт», «Жеті ата», «қонақжайлылық», «асар», «сыйластық», «сабырлылық» — бұл ұғымдар қазақтардың дүниетанымы және өмір салттарының негізінде жатыр. Осындай құндылықтардың арқасында  біздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен тыныштық сақталып отыр. Сондықтан қазақтардың толеранттылықты қалыптастыратын өзіне тән әлеуметтік-мәдени ережелерін, салттары мен дәстүрлерін жалпыадамзаттық мақсаттағы материалдық емес мәдени мұралардың белгі-нышаны ретінде қарастыру қажет», — деген болатын.
Әр жұма сайын біздің киіз үйлерімізге келушілердің барлығына тегін бауырсақпен, тары-талқанмен шай беріледі, жеті нан үлестіріледі. Мұны қала тұрғындарының бәрі біледі. Келген ақсақалдар бата беріп, кейбіреуі тіпті қонақ кәде беріп жатады.
Ал әрбір жұмыс күні басталғанда ғимаратта орналасқан экран арқылы Елбасымен бірге әнұранды орындайды. Ең бастысы, біз отанымызда бейбіт өмір сүретінімізді, балаларымыздың болашағының жарқын болатынын түсінеміз…
 
Айқара бетті әзірлеген Мейрамгүл РАХАҚЫЗЫ.