Көктемгі тазалық жұмыстары — көптің ісі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жауапты мемлекеттік мекемелердің және қала, аудан басшыларымен селекторлық режимде көктем мезгілінде жүргізілетін көгалдандыру, абаттандыру, тазалық  жұмыстарының  жүргізілу  барысы жайлы жиын  өткізді.
Жиын барысында табиғи ресурстар және табиғатты  пайдалануды  реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл баяндама жасап, жыл сайын  тал-теректер егілгенімен, оны күтіп-баптау ескерілмей қалатынын атап өтті. Сондықтан аудан әкімдеріне көшеттерді арнайы  күтіп-баптау  үшін  қаражат бөлу керектігі  ұсынылды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде жүретін  көгалдандыру, тазалық  жұмысы биыл да өз жалғасын табады. Өткен жылдың күзінде Ақтөбе аймағында 56 мыңнан астам түп көшет егілсе,биыл облыс бойынша ағаш және бұта көшеттері түрлерінің 68511 түбін отырғызу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, алқалы жиында көктемгі тазалық жұмыстары кезінде ретсіз  қалдықтардан арылу шараларын күшейту мәселесі де қаралды. Ақтөбедегі Астана және Алматы  аудандарында ретсіз қалдықтар жиналған 375 орын бар. Аудандарда да осындай кемшіліктер кездеседі.
Облыс әкімі  Оңдасын Оразалин  қала және аудан әкімдеріне  тұрғындар арасында күл-қоқысты шашпау жайлы түсіндірме шараларын жиі жүргізуді, қоғамдық пікір қалыптастыру бойынша жұмыстар атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, заң аясында айыппұл салу арқылы да тыю жолдарын  қарауды ұсынды. Сондай-ақ, облыс  әкімі санитарлық тазалыққа қатысты әлеуметтік желілерде пайда болған видеоларды жүктеген тұрғындарға алғысын білдірді. Себебі мұндай бейнекөріністер мәселенің тез шешілуіне  көмектеседі.
Облыс басшысы  халықты  ынталандыру  мақсатындағы  «Үздік аула», «Үздік  көше»  акцияларын ұйымдастыруды  тапсырды.