Қоғамдық сананы жаңғырту жұмыстары талқыланды

Кеше облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.
Жиында жыл бойында атқарылған жұмыстарға талдау жасалды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы барысы және биылғы жылға арналған жоспарлар туралы облыстық білім, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларының басшылары және бейнебайланыс режимінде Темір ауданының әкімі есеп берді.
— «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша  іс-шаралар жоспары бекітіліп, биыл жалпы құны 211 миллион теңгені құрайтын 78 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда 3 республикалық, 13 облыстық жоба жүзеге асырылып, 320 шара өткізілді. Аталған бағдарлама аясында жоспарланған ірі шаралардың бірі — «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы. Негізгі бағыт — тарихи эпостарды жаттау. Сонымен қатар бұл жобаның «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты қалыптастыру үшін де ықпалы зор болмақ. Аталған жоба аясында 107 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын республика бойынша 50 000 оқушыға толық жаттату көзделуде, — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова өз баяндамасында.
Бұдан соң облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тарихи және мәдени ескерткіштерін, киелі жерлерін танымал ету, сақтау, қалпына келтіру мақсатында «Қазақстанның  рухани қасиетті орындары», «Қазақстанның сакралдық  географиясы» арнайы жобасы  шеңберінде 18 жоба жоспарланып, оның 10 жобасын жүзеге асыруға 12 миллион 800 мың теңге қарастырылған.
Басқосуда республикалық маңызы бар ескерткіштерге тасжол салу, жол белгілерін орнату, киелі жерлерді танымал ету үшін арнайы бейнероликтер топтамасын түсіру жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ басқарма басшысы архив жұмысындағы құжаттарды электронды форматқа көшіру үшін қосымша техникалық базаны нығайту туралы ұсынысын айтты.
Жиында Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетовтің баяндамасы да тыңдалды.
— Биыл Темір ауданының тарихи бастауы болып саналатын Темір уезінің құрылғанына 150 жыл толып отыр. Осыған байланысты 90 миллион 900 мың теңге көлемінде барлығы 36 жоба жүзеге асырылмақ. Биыл Темір қаласындағы тозығы жеткен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Мәселен, Темір қалалық орталық саябағын, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішті қайта жаңарту, балаларға арналған ойын алаңын салу жоспарланып отыр.
 «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы аясында «Темір ауданының 100 жаңа есімі» жинағы әзірленіп, ел мақтанышына айналған «Жас отбасылар» альбомын дайындау жұмыстары қолға алынды. «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 15 елді мекенде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланды, — деді аудан әкімі өз сөзінде.
Өз кезегінде облыстық Рухани жаңғыру комиссиясының мүшелері өз сауалдарын қойып, маңызды жобаларға тоқталды.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2 жыл толуына орай іс-шаралар жоспарын дайындау, «Өлкетану» оқулығы негізінде оқу бағдарламасына сәйкес сабақтар ұйымдастыру, «Архив — 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобалары бойынша республикалық және облыстық деңгейде іс-шаралар өткізу, «Ауыл — ел бесігі» жобасын жандандыру жұмыстарын тапсырды.