Темірдегі тұрақтылық — тәртіп пен түсініктің табысы

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында ұйымдастырылған шара Темір ауданында өтті. Облыстан барған ақпараттық-насихаттық топ үш күн бойы аудан орталығы мен елді мекендерде тұрғындармен кездесті. Ақпараттық-насихаттық топ құрамында  облыстық  басқармалар мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен зиялы қауым өкілдері  болды.
Темір аудандық әкімшілік үйінде өткен актив отырысында аудан әкімі Жолдас Қалмағанбетов соңғы 4 жылда ел игілігіне арналған жобалардың айтарлықтай өскенін айтты.
— Биыл «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында спорт кешенін салуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінгелі отыр. Бұл жағымды жаңалық. Орталықтың 4 көшесіне асфальт төселеді. Қызылжар елді мекеніне ауызсу жүргізіледі. Жасыратыны жоқ, діни ахуал жағынан күрделі ауданбыз.  Бірнеше күн бұрын «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасымен  келген республикалық ақпараттық-насихаттық топ та келіп кеткен еді. Мұнда елімізге  белгілі  тәжірибелі  психолог Әлия Төлегенова мен теолог Ризабек Батталов дәрістер өткізді, — деді аудан әкімі.
Жиынның өзекті тақырыбы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы болды. Еңбек қатынастарына байланысты облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі  басқарманың басшысы  Саламат Аманбаев әңгімеледі.
— Қазіргі таңдағы үлкен мәселе — еңбек шартының жоқтығы. Жұмыс беруші де, жұмыс істеушінің де жауапкершіліктері бар. Заңға сай тәртіп болуы керек. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасында келісімшарт болмағандықтан кемшіліктер, заңбұзушылықтар кездесіп отыр.
 Былтыр 741 арыз тексеріліп, 192 әкімшілік іс қозғалып, 333 миллион теңгеге айыппұл салынды. Кім-кімнің де 15 күн жұмыс істесе де еңбек шарты болуы керек. Қауіпсіздікке байланысты жазатайым оқиғалар азайып отырған жоқ. Өкінішке қарай, өткен жылы 97 жазатайым оқиға болса, 103 адам жарақат алып, 14 адам қайтыс болды. Биылдың өзінде 13 дерек  тіркеліп, екі адам қайтыс болып отыр. Темір ауданында да оқыс оқиғалар жоқ емес. Сондықтан сала қызметкерлерінің жауапкершілігін көтеру керек.
Жалақыны көтеру ұдайы назарымызда болады. Елімізде ең төменгі жалақы
42 мың теңге болып белгіленді. Бірақ соған қарамастан егер бір мекеменің ең төменгі жалақысы 60 мың теңге болса, біз одан әрі көтеріп, 60 мың теңгеден жоғарылатуға ықпал етеміз. Ал мұнай салаларында, шетелдік компанияларда ең төменгі жалақы 100 мың теңге болса, мейлі, ол кіші қызметкер болсын, оның да жалақысын көтеру  жөнінде компания басшыларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, — деді С.Аманбаев.
Аудан орталығында кәсіпкерлер  өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.
Болашақ кәсіпкерлерді бизнеске үйретіп, кәсіптік дағдыларын меңгеру бойынша оқыту жүріп жатыр.
— Қазіргі таңда 40 адам оқып жатыр. Олардың екеуі — бұрыннан кәсібі барлар. Ал қалғандары бір ай бойы оқып, бизнес-жобасын әзірлеп, грант алуға қатысады.  Бізде  кәсіптің — 15,  қызметтің 7 түрі бар, — дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының бизнес-тренері Айгүл Сексенбаева.
— Мен бес баланың анасымын. Бұрын кәсіппен айналыспағанмын, қолымда малым да болмады. 2016 жылы кәсіпкерлікті үйрету жобасымен оқып, 1 миллион  200 мың теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Оған бірден 3 сиыр сатып алдым. Ақыры 3  ірі  қара биыл 8 басқа жетті. Төртеуі  — сауын сиыр. Оларды сауып, сүтін ұқсатамын. Мен  бүгінде сүттен 10 түрлі өнім дайындап, сатып отырмын. Сұраныс көп. Базарға шығармай-ақ, тұрақты тапсырыс берушілерім  үйден алып кетеді. Несиемді уақытында төлеп отырмын. Енді қазір тек
400 мың теңге ғана қарызбын. Несиемді түгел өтеп болсам, «Даму» кәсіпкерлік қоры арқылы тағы да  несие алып, кәсібімді одан әрі кеңейткім келеді.  Енді ешкі өсіру жоспарымда бар, — дейді Айгүл Сәуірбаева.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, ҚМДБ-нің өкілдері мен «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы мамандары елді мекендерді аралап, тұрғындардың діни сауаттылықтарын арттыру бағытында 1500 адамды қамтитын 30 шара өткізуді жоспарлаған.
Шұбарқұдық кенті мен Саркөл, Шұбарши, Кеңқияқ ауылдық  округтерінде  жастар мен мешіт  жамағаты арасында  спорттық шаралар өтті.  Ауыл имамдары қызметіне талдау жүргізіліп,  ақпараттық-танымдық дәріс оқылды. Ақпараттық топ аудан орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралап, мектеп оқушыларымен кездесті.  Онда  елдегі саяси тұрақтылық, алдағы келе жатқан сайлаудың маңыздылығы, ішкі тұтастық, рухани тәрбие туралы сөз болды.
Тұрғындар  жеке қабылдауға келді. Сондағы байқағанымыз, тұрғындарды  баспана мен денсаулық мәселесі көп толғандырады екен. «Тұрғын үй Құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының қаржы кеңесшісі Талант Қосалов «Нұрлы жер» бағдарламасымен  қолжетімді баспананы алу тәртібін, алғашқы жарнасы мен  жылдық, ай сайынғы төлемдері мен пайыздарын түсіндірді. Әр аймақтағы тұрғын үйлердің бағасы мен сапасы жөнінде толық ақпарат берді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру коммерциялық емес акционерлік қоғамының» Ақтөбе облысы бойынша филиалының маманы Айгүл Жанасаева медициналық сақтандырудың тиімділігін айтты. Саркөл селолық округіне қарасты Құмсай елді мекенінде болған ақпараттық топ негізгі орта мектепте тұрғындармен кездесті. Негізгі күнкөрісі мал шаруашылығымен байланысты ауыл тұрғындары мұнай кен орындарының ашылуына байланысты  өрістің жылдан жылға тарылып келе жатқанын айтты.  Әр үйдің ауласында  қыстан артылған шөптер тау болып үйіліп тұр.  Қыстай мал өз аяғымен жайылған. Осылайша қыстың  құмсайлықтарға жайлы болғаны көрініп тұр. Ауыл жастары негізінен  мұнайда өндірісіндегі  жұмыста.  Құмсайдың қақ ортасы – сордың орны. Енді  жастар осы жерді бітеп, саябақ жасамақшы.   1998 жылы тұрғызылған жалғыз мектептің 60-қа жуық оқушысы бар. Тұрғындар ауыл әкімі Айгүл Таңатароваға балабақша керектігін ұсыныс еткен.
Ақпараттық топ   Шұбарши ауылдық округіндегі  «Жекей» сауда үйінде кәсіпкерлермен кездесті.  Күрделі жөндеуден өткен ғимарат ішінде  киім-кешек сауда орны, коммуналдық төлемдер қабылдайтын орын, азық-түлік дүкені және «Қазпошта» АҚ-ның банкоматы орналасқан.  Ауыл шағын болғанымен, әр көше сайын бір дүкен. Ауыл әкімі Азамат Өсербаевтың айтуынша, 7 азық-түлік дүкен иелерімен  бағаны тұрақты ұстап, сапалы тауарлармен қызмет көрсетуге уағдаласылған.
Кеңкияқ ауылдық  округінің тұрғындары белсенді. Ақпараттық топтың мүшелеріне көптеген ұсыныстар айтып, ауылдың жалпы жағдайын талқылады. Бір-біріне жақын орналасқан үш ауылдық округте  қазір діни ахуал тұрақты. «Туған жерге тағзым» аясында түлектердің тартуы ауылдардың ажарын аша түскен. Биыл жастар бірігіп алма ағашын егуге ниеттеніп отыр.
— Әр ауылдарға барғанда бірінші үйлеріне көзім түседі. Түгелге дерлік шатырлары жаңарып, қақпалары қоршалған. Бұған қарап ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсы екенін байқайсың. Бұрынғымен салыстырғанда көп ілгерілеушілік бар.  Үш күн бойы біраз мәселелерге қанықтық. Алда істелуге тиіс шаруалар көп.  Бір кезде өзім қызмет еткен ауданда ауызбіршілік сақталып, жалпы елдің жайына алаңдаған тұрғындардың  белсенділігіне көңілім толды, — деді топ басшысы, Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин.
Темір ауданында өткен  «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бақыт Айдосов 11 адамға облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» және аудандық «Темір» газеттеріне тегін жазылуға сертификат тапсырды.
Кездесулерде  халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобасының тиімділігін анықтау мен ауданның қоғамдық саяси ахуалын бақылау мақсатында аудан тұрғындары арасында сауалнама жүргізілді.