«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында ақтөбеліктерге қажетті көмек көрсетіліп жатыр

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің және облыстық прокуратурасының бастамасымен а.ж. 8 сәуірінен бастап Ақтөбе облысында кезекті «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы басталды. Тұрғындармен жұмыс жүргізуде әлеуметтік мәселелерді шешу, діни экстремизмнің алдын алу, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуын түсіндіру, өңірде бизнес ортаны дамыту бағыттарына басымдылық берілген. Атап айтар болсақ, жобаның алғашқы жұмысы Байғанин және Темір аудандарында басталды. Аудандар орталығы мен елді мекендерде барлығы 413 шара өткізіліп, 11 000 адам қамтылды. Оның ішінде 47 адам жұмысқа орналасты. 87 көпбалалы отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік көмектің жаңа форматын алу сұрақтары бойынша кеңестер берілді. Облыстың білікті дәрігерлері 906 ауыл тұрғындарын медициналық тексерістен өткізіп, 57 адамға облыстық емдеу мекемелеріне жолдамалар берілді. Медициналық екпе алуға қарсы 104 отбасыға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге ауылдық елді мекендерде бизнес ортаны дамыту мақсатында шаралар қабылдануда. 1300 астам тұрғын семинарларға, тренингтер мен шеберлік сағаттарына қатыстырылып, оқытылды. Байғанин және Темір аудандарының 2700 астам тұрғындарына Елбасының «Nur Otan» партиясының ХVІІІ-ші съезінде берген тапсырмаларын, «Әлеуметтік қамқорлық», «5 әлеуметтік бастама», «Рухани жаңғыру» және т.б. мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылы түсіндірілді. Кездесулер барысында тұрғындарды толғандырып жүрген маңызды мәселелерге сауалнамалар жүргізілді. Ауыл тұрғындарына облыстық және аудандық газеттеріне 22 тегін жазылу сертификаттары табысталды. Имамдар мен дінтанушылар ауыл тұрғындарымен жеке және топтық кездесулер өткізді. Сондай-ақ, 1200 астам адамның қатысуымен терроризмге қарсы іс-қимылға үйрету бойынша оқу-тәжірибелік сағаттары өткізілді. «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы Ақтөбе қаласы мен облыстың 5 ауданында ағымдағы жылдың 25 сәуіріне дейін жалғасатын болады.